Кайманға құйылған қаржы немесе Қазақстан қай елдерге инвестиция салып жатыр?

«Шетелден тікелей инвестиция тартылды» деген мазмұндағы хабарды жиі оқимыз. Ал дербес ел ретінде Қазақстан қандай мемлекеттерге инвестиция құйып отыр? Республикамыздың әлеуеті қандай? Өкінішке қарай, қалың бұқара көп жағдайда бұдан бейхабар.

Әлбетте, қазіргідей алма­ғайып кезеңде шетелдің инвес­тициясына иек артпай болмайды. Даму жолында дүние жүзі ел­дерінің демеу қаржысы керек-ақ. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақ­стан­ның жұлдызы ерекше ж­арық. Өйткені біздің елдің гео­гра­фиялық тұрғыдан тиімді ор­на­ласуы, жерінің асты мен үстін­дегі мол байлық шетелдік инвес­тор­лар­ды талай жылдан бері қызық­тырып келеді. Осыны жақсы білетін олар Қазақстанға инвестиция құюға, бір долларын бес долларға айналдырып, көбейтуге құмартып тұрады. Себебі салынған ақшаны еселеп қайтарып алуға мүмкіндік барын жақсы біледі.

Мәселен, Сыртқы істер ми­нистрі­нің орынбасары Алмас Айдаров маусым айында өт­кен баспасөз мәслихаттарының бірінде былтыр біздің елге 17,1 млрд доллар инвестиция құйыл­ғанын атап өтті. Жалпы, соңғы 10 жылда Қазақстанға жыл сайын орташа есеппен 24 млрд доллар инвестиция тарты­лып отырған. Ал былтырғы көрсеткіш­тің пан­демияға байланысты құл­дыра­ғаны айтпаса да түсінікті.

Дегенмен Қазақстан да өзгенің қаржысына алақан жая бермей, тәуелсіз ел ретінде шет мемлекеттердің дамуына инвестиция құюы тиіс. Бұл бір жағынан еліміздің алдыңғы қатарлы мемлекеттер секілді дамығанын көрсетсе, екінші жағынан Қазақстанның сыртқы имиджіне оң әсер етеді. Әрі-беріден кейін өз қолымыздың өз ауызымызға жеткенін әрі әлемнің әр түкпіріндегі жо­баларға қысылмай қатыса алатын­ды­ғымызды айдай әлемге айғақтайтын маңызды фактор бұл.

Қазақстанның осы бағыттағы қа­дамы жаман емес, әрине. Мәселен, Ұлттық банктің ресми мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы Қазақстан шет мемлекеттерге 1,4 млрд доллар құйған. Көрсеткіш 2016 жылы 4,3 млрд долларды құраған болатын. Демек, соңғы бес жылда шетелдерге бағытталған инвестицияның жалпы көлемі 2,8 млрд долларға немесе 67,4 пайызға азайған. Осы орайда, БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) бағалауынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша жаһандық экономикадағы тікелей шетелдік инвес­ти­циялар көлемі 42 пайызға қыс­қар­ғанын ұмытпаған абзал.

Қазақстан инвестициясының көп бөлігі Ұлыбритания (336,5 млн доллар) мен Кайман аралдарына (333 млн доллар) жөнелтілген. Біздің елдің қаржысын жиі қабылдайтын елдердің қатарында Нидерланд (140,5 млн доллар), Ресей (117,3 млн доллар), Сингапур (105,8 млн доллар) және Қырғызстан (90,3 млн доллар) бар. Қытай, Өзбекстан, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері де – осы қатарда. Қазақстанның инвестициялық қаржысының 90 пайызы жоғарыда аталған 10 мемлекетке салынады. Аз көлемдегі инвестициялар Бельгия, Болгария, Гонконг, Үндістан және Малайзия секілді мемлекеттерге ба­ғыт­талған. Бұлардың әрқайсысына құйылған инвестицияның көлемі 100 мың доллардан аспайды. Тағы бір атап өтерлігі, аталған мемлекеттердің Қазақстанға құйған инвестиция­сы біздің елдің оларға аударған қар­жы­сынан бірнеше есе асып түседі.

Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің біздің журналистік сауалы­мызға берген ресми жауабында былтыр шетелге құйылған Қазақстан инвес­тициясының 49 пайызы қаржылық қызметтерге бағытталғаны атап көр­се­тілген. Бұл дегеніміз – 700 млн дол­лар. Сондай-ақ бұған сақтандыру және зейнетақы қорларына қатысты қызметтердің кірмейтінін атап өткен жөн. Қазақстандық инвестицияның қалған бөлігі көлік және логистика (13 пайыз), құрылыс (8 пайыз), өңдеу өнеркәсібі (6 пайыз), кәсіби және ғылыми қызмет (6 пайыз) салаларына жұмсалған.

Біздің жоғарыда келтіргеніміз – 2020 жылдың ресми деректері. Ал енді осы жылдағы жағдайға назар аударалық. Ұлттық банк әзірше 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы деректерді жариялады. Оған сенсек, Қазақстанның шетелге салып жатқан инвестициясы күрт көбейген. Айталық, 2021 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстаннан шет мемлекеттерге 331 млн доллар инвес­тиция құ­йылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 73 пайызға немесе 140 млн долларға жоғары. Былтыр салыс­­­тырмалы кезеңдегі көрсеткіш 191 млн долларды құраған еді.

Қазақстаннан ең көп инвестиция алған өңір – Кайман аралдары (105 млн доллар, өсім – 83 пайыз). Одан кейінгі орында Өзбекстан тұр. Көрші мемлекетке 2021 жылдың бірінші тоқсанында 93 млн доллар инвестиция құйылған. Қазақстан қаржысы бағытталған ел­дер­дің қатарында Нидерланд (39 млн доллар), Ресей (28,2 млн доллар), Қырғызстан (12,9 млн доллар) және Қытай (11,6 млн доллар) бар.

Қазақстан дербес ел ретінде 2000 жылдардың орта тұсынан бастап шет мемлекеттерге инвестиция құя бастады. 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін біздің ел сыртқа 29,2 млрд доллардан астам инвестиция жұмсапты. Соның көп бөлігі Нидерланд (17,8 млрд доллар), Ресей (2 млрд доллар) және Кайман аралдарына (1,5 млрд доллар) тиесілі. Осы орайда заңды бір сұрақ туындайды: қазақстандық инвесторлар неліктен аты да, заты да беймәлім Кайман аралдары мен Нидарландқа қаржы құйып отыр? Біздің елдерді не байланыстырады? Енді осы сұраққа жауап іздеп көрелік.

Ұлттық банктің хабарлауынша, Кайман аралдары ұжымдық инвес­ти­циялық қорлардың қарқынды да­муы­нан кейін әлем инвесторлары үшін тартымды бола түскен. Өйт­кені мұндағы инвестициялық климат өте жайлы. Тиісінше, инвесторлар үшін экономиканың түрлі сек­тор­ла­рындағы әрі түрлі елдердегі жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік мол. Бұл жағдай шетелдік активтердің географиясын кеңейтуге жол ашады және табыс табу мүмкіндігін арттырады. Сондықтан Кайман аралдары осы тұрғыдан алғанда Нидерланд, Кипр секілді инвесторларға қолайлы елдердің қатарына қосылып отыр.

Бір қызығы, Қазақстаннан тартылған тікелей инвестиция құрылымындағы шетел­дік активтердің жартысынан астамы бас компаниялардың қыз­метін атқаратын қазақстандық ұйым­дарға тиесілі екен. Бұл көп жағдайда Қазақстан аумағында шетел­дік инвес­тор­лармен бірлескен жобаларды іске асырумен байланысты. Мысалы, қазақ­стандық және ресейлік компа­ния­лар Нидерландпен еншілес компания құрады. Олар сол арқылы біздің елдегі жобаларды іске асыруға қаржы салады. Тиісінше, Нидерландқа құйылған инвестиция керісінше атал­ған мемлекеттен Қазақстанға салын­ған инвес­ти­ция­лардың есебінен бірне­ше еселеніп өтеледі. Демек, бұл – қазақ­стандық ин­вес­торлардың табыс табу­да­ғы негізгі айла-шарғыларының бірі.

62 мың адамға жетеғабыл халқы бар, Кариб теңізінің батыс бөлігінде орналасқан алақандай Кайман аралдары шетелдік инвесторлар үшін тиімді мемлекет саналады. Бұл елде ешқандай кедергісіз-ақ инвестициялық қор құруға болады әрі тәуекелі де төмен. Әлемдегі инвестициялық қорлардың шамамен 80 пайыздан астамының Кайман аралдарында тіркелуінің мәні осында жатыр. Аталған ел – дүние жүзіндегі негізгі қаржы орталықтарының бірі. Мұнда 300-ге жуық банк бар. Сондай-ақ оффшорлық және бухгалтерлік салада қыз­мет көрсететін заң фирмалары да же­тіп артылады.

Тарқата айтсақ, Кайман аралдарын­да қандай да бір инвестициялық қорды тіркеу жылдам әрі қиындықсыз атқа­рылады. Қаржылық есепті, бухгал­терлік аудитті ұсыну керектігі туралы ешқандай талап жоқ. Тікелей салық та салынбайды. Яғни меншік салығы, капитал өсімінен түсетін кіріс үшін табыс салығы ұсталмайды. Сондай-ақ Кайман аралдарындағы қорларды әлемнің кез келген жерінде отырып-ақ басқара беруге болады. Валюталық бақылау деген атымен жоқ. Жарғылық капиталдың мөлшері әрі оны төлеу туралы талаптар да қарастырылмаған.

Қазақстандық инвесторлардың Кай­ман аралдарына неліктен қаржы құю­ға құмартып тұратыны енді түсі­нік­ті болды-ау дейміз.

Әміренов Фархат – Ынталандыру сыйлығы

Related posts

Тысячи бегунов пробежали в «Ранталье»

ttjk

This Is The Hot European City All Your Cool Friends Are Talking About

ttjk

HALYK BANK ҚАРЫЗДЫ КЕШІРЕДІ

ttjk