Банк картасы және балалар

Әрбір ата-ана баласының ақшалы азамат болғанын қалайды. Алайда оған қандай қадамдар жасау керек екенін біле бермеуі мүмкін. Баланы дүкенге жұмсап, қайтарған ақшасын санап алғанына мәз боламыз. Ал өзінің қолына ақша ұстаса, қайда, қашан жұмсап қойғанын есіне түсіре алмай тұрады. Қаржы әлемі балалардан алыс емес. Мұны түсінетін уақыт та келді.

Қаржылық сауаттылық туралы түсінік Қазақстан қоғамына енді-енді қалыптасып келеді. Қаржылық сауаттылық дегеніміз – қаржылық әл-ауқатқа қол жеткізу үшін адамға қажет білім, дағды және қабілет. Мұндай «үштікке» ие адамдар қаражатпен жұмыс істеуді, оны сақтауды және көбейтуді біледі. Кірістер мен шығыстар есебін жүргізеді, елдің экономикалық жағдайынан хабардар болады, қаржылық алаяқтық белгілерін тани алады, салық төлеуші ретінде өз міндеттерін орындайды, банктік қызметтердің бағыттарын жақсы біледі. Біз мұны «төрт аяғын тең басқан» қаржылық сауаты бар адам деп танимыз. Ал балалар да осындай дәрежеге жету үшін не істеу керек? Балалар қаржы әлемі туралы не біледі?

Балалар өзіне берілген ақшаны жұмсап үйренбейінше, қаржы туралы түсінігі болмайды дейді мамандар. Қазір баланың қолына қолма-қол ақшаны ұстату да қиынға айналды. Түсіріп алуы әбден мүмкін. Оның үстіне ұсақ тиын іздеп, ата-аналар да әуре болып жатады. Қазір бұл проблемалардан шығудың жолын банктер тапты. 5, 6, 10 жастан бастап балаларға банк картасын ашуға болатынын айтып, жарнамасын жасап жүр. 6 жастан бастап банк картасын беретін банктердің саны бірнешеу екен. Көрсететін қызметтері де, ережелері де бірдей. Мысалы, балаларға арналған банк картасынан ішімдік, темекі өнімдерін алуға шектеу қойылған, сондай-ақ банкоматтан көп ақша шешіп алуға да шектеулер бар. Ата-аналар балалардың картасын үнемі бақылай алады, карта жоғалып қалған жағдайда бұғаттай салады. Кейбір банктер балалардың сүйікті асы сатылатын жерлерден сауда жасаса, бонус қосылатынын артықшылық етіп көрсетіпті. Банктердің жарнамасына сенсек, балалардың карта пайдалануы өте тиімді әрі балаларға қаржылық сауатын арттыруға көмектеседі. Банк картасы расында балалардың қаржылық сауатын арттыруға көмектесе ме? Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, баланың картасына ақша түсіп тұрса, біріншіден, өзін үлкен адам сияқты сезінеді, екіншіден, ақшасын қайда, қалай жұмсап жатқанын бақылай алады. «Қазір банк картасын былай қойғанда, виртуалды жинақ сандықша (копилка) пайда болды. Картадан ақша аударып отырады. Сөйтіп, ол толған кезде ашып, пайдалануға болады, – дейді Мақсат Халық. – Балалардың туған күнінде, марапат қағаздарын алған кезде көрімдікке ақшаны қолма-қол беретінбіз, енді оны картасына аударып беруге де болады. Балалар дүкенге барған кезде ата-анасына «ананы алып бер, мынаны алып бер» деп мазасы кетеді. 

Ата-анасы алып бермей қойса, сол жерде жылайды. Ол ұнаса да, ұнамаса да сұрай береді, әйтеуір дүкеннен бірнәрсе көтеріп шыққанына мәз. Ал өз ақшасын жинап жүрсе, анасынан әр нәрсені сұрауды доғарады. Өзінің қаражатына деген мұқияттық пайда болады. Демек ерте жастан қажет затты алуға үйренеді. Мысалы, қызым кішкентай кезінде әр затты алдыратын. Кейін өскен кезде банктен карта ашып бердім. Дүкенге барған кезде қарасам, бізге алдырып жүрген заттарды емес, ең қажеттісін ғана алды. «Қымбат екен, алмаймын» деп кейбір заттардан бас тартты».

Банк картасы ауылдағы балаларға қолжетімді ме? Өйткені кейбір ауылдық жерлерде интернет байланысы жоқ.

– Ауылдың балаларына қолжетімсіз деп ойламаймын. Қазір бала 10 жасқа толса болды, карта аша береді. Ауылда да ақшаны аудару арқылы төлеуге болады, – дейді экономист маман.

Қазір қазақстандық банктерге виртуал жинақ салымының ауылы алыс секілді. Үлкендер артық ақшасын банк картасынан депозитке аударып, көбейте алады. Ал балалардың жиналып қалған ақшасы сол күйінде қалуы мүмкін. Бұл мәселені банктер неге ескермей жатыр деген заңды сұрақ туады.

– Бір ескеретін жайт, картада тұрған ақшаны бала депозитке аудара алмаса, сәл де болса көбейте алмаса, үйде ұстағандай-ақ болады. Сондықтан балаға карта ашылған кезде депозит аша алатын мүмкіндік тудыру қажет сияқты. Оған баланың өзі ақша аударып қоя ма, әлде ата-анасы аударып қоя ма, өз еркінде. Оны бала көріп отырса, тіпті жақсы. Мысалы, баланың картасында 100 мың теңге жиналып қалса, бала оны ешқайда жұмсамаса, инфляция жеп қояды. Негізінен банктерден балаларға арнап төлем картасын ашқан дұрыс деп есептеймін. Жақында Гарвардтың зерттеулері шықты. Онда балаға 7 жастан бастап қаржылық сауаттылық туралы айта беруге болады делінген. Банктер осындай зерттеулерді басшылыққа алған да болуы мүмкін. Мысалы, Kaspi банктен бұрын 16 жастан бастап карта ашуға болатын, енді 10 жастан рұқсат берді. Кейбір банктер 5 жастан бастап карта ашуға рұқсат беріп жатыр. Бұл банктердің өзіндік ұстанымдары деп ойлаймын, – дейді Мақсат Халық.

Біз үшін баласына банктен карта ашып берген ата-ананың пікірі маңызды. Сондықтан әлеуметтік желіде сұрау салдық. «Бұрын мектепке барарда ұсақ ақша іздеп, ірісі қалтада болса, майдалап, әуре болып жатушы едік. Қазір банктен карта ашқалы бері рақат болды. Алыста жүрсек те қалаған соманы аудара саламыз. Біз жоқта сауда жасай береді, «Оңай» картасын толтыра алады, ақшаны жоғалтып алу, ұрлатып алу деген қауіптер болмайды. Көрімдік, туған күннің ақшасын картаға жинайды. Көз алдында ақша тұрмаған соң, дүкенге шапқылап, бар ақшаны жаратып тастау әдеті де тыйылды», – дейді Зәуре Зақанқызы.

Біз сұрау салғанда көп ата-ана Kaspi банктен карта ашып бергенін айтты. Дәл осы мәселемен Kaspi банктің баспасөз қызметіне жүгіндік. Басқа банктер 6 жастан бастап карта ашуға рұқсат беріп отыр. Kaspi банк – ең ыңғайлы банк, бірақ балаларға картаны тек 10 жастан бастап қана ашады. «Біз ең алдымен қауіпсіздікті ойлаймыз. Алты жаспен салыстырғанда, он жастағы бала ақыл тоқтатып, мұқият бола бастайды. Рұқсатсыз, орынсыз төлемдер жасап қоймай, өнімді түсініп пайдалана алады», – дейді банк өкілдері.

Ал карта пайдалану шынымен қаржылық сауаттылыққа үйрете ме деген сұрағымызға экономист Ербосын Нұрмұхан былай деп жауап берді:

Бұл балалардың қаржылық сауаттылығын арттырудан бұрын, қазіргі заманның талабы. Яғни цифрлы ақшаның қағаз ақшаның орнын басып бара жатқандығының себебінен.Қазір ата-аналар күнделікті қолына қағаз ақша ұстап жүрмейді. Баласына қағаз ақша ұстатудың өзі проблемаға айналды. Сондықтан цифрлы заманда балаға да цифрлы ақша ұстатуға тура келеді. Оны банк картасын ашып беру арқылы ғана жүзеге асыра алады. Ал банктің балалардың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін жасап жатырмыз дегені – жарнама ғана. Банктың мақсаты – балалардың банк картасымен ақша жұмсату арқылы өзінің айналымы мен табысын арттырады. Қазір балаларға арналған банк картасы бүкіл әлемде бар. Осылай кете берсе, қағаз ақша түбінде бірте-бірте тарих сахнасынан шығып қалуы мүмкін. Бұдан былай балаға банк картасын ашқыңыз келсе де, келмесе де ашып бересіз. Енді бұл мәселеге байланысты пайдасы не, зияны не деп бас қатырып жатудың қажеті шамалы. Тек әр ата-ана ақшаны балаға көп беру мен аз берудің, ақшаны қалай тиімді жұмсаудың әдіс-амалын қарастыруы одан да маңыздырақ».

Экономист Ербосын Нұрмұханның сөзінің жаны бар, енді үлкен де, кіші де жаппай банк картасын пайдалануға тура келеді. Мұндайда алаяқтар да тыныш жатпайды. Балалар тұрмақ, ересек адамдар да қаржылық алаяқтардың қармағына түсіп қалып жатады. Егер ата-анаң банктен карта ашып беретін болса, Fingramota.kz сайты ұсынған мынандай ережелерді есіңде сақта!

Балалар банк картасын қауіпсіз тұтыну ережелері

1. Бәріне банк картаңыздың бар екенін жариялай бермеңіз. Бұл қауіпті болуы мүмкін: картаңызды ұрлап кетуі немесе мәжбүрлеп тартып алуы мүмкін.
2. Картаны ешкімнің қолына беруге және суретке түсіруге болмайды.
3. Картаңызға енгізілген деректерді өзгелерге жолдамаңыз, айтпаңыз және жарияламаңыз.
4. Әр банк картасының өзіндік құпия коды – ПИН-код болады. Оны онлайн немесе банкоматта енгізген кезде карта бойынша барлық операцияларды жүзеге асыруға болады. Сіз оны жаттап алыңыз немесе қағазға құпия түрде жазып алып, өзіңізбен бірге жеке жерде алып жүріңіз. Қалай жасыруды өзіңіз шешіңіз. Бастысы, ешкім кодыңызды шеше алмаса болғаны. Ешқашан кодты картаның өзіне жазбаңыз және онымен бірге сақтамаңыз.
5. Дүкенде немесе банкоматта ПИН-кодты енгізгенде, пернетақтаны қолыңызбен көлегейлеп тұрыңыз және цифрларды дауысыңызды шығарып айтпаңыз.
6. Егер банк картаңыз жоғалып қалса, жылдам арада бұл туралы ата-анаңызға хабарлаңыз. Ата-анаңыз бірден банкке хабарласып, ешкім қандай да бір әрекетті жасай алмауы үшін картаны бұғаттауды талап етеді. Операцияларды бұғаттауды сонымен қатар мобильді қосымша арқылы онлайн жасауға да болады.
7. Телефоныңызға өзіңіз пайдаланып жүрген карта жататын банктің шұғыл желі нөмірін сақтап алыңыз, ол кез келген уақытта жаныңыздан табылуы керек. Қандай да бір жағдай болса, өзіңіз (немесе ата-анаңыз) оған хабарласып, осы банк қызметкерінің карта бойынша ақпарат алу үшін хабарласқан не хабарласпағанын, болмаса банктің қаншалықты сыйлықтар ұтысын өткізіп, карта қожайындары-қатысушылар үшін SMS жолдап жатқандарын біле алады. Қоңырау шалу себебі алуан түрлі болуы мүмкін. Сізге картаның бұғатталғаны, «қауіпсіздік қызметін тексеру» , «қате аударым жасау» секілді тағы басқа беймаза SMS немесе электронды поштаңызға хат келуі мүмкін. Олардың қаншалықты рас екенін білу үшін банктің ресми нөміріне қоңырау шалған дұрыс.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2021

Related posts

«ЕРКІН СӨЗ»-2021

ttjk

Halyk Bank Қазақстанда алғашқы болып Samsung Pay қызметін қосты

Форбс пен пісте

Назия Жоямергенқызы