Несие аларда нені ескеру керек?

Елімізде жыл сайын халықтың қаржылық сауаттылығы артып келеді. Бұрынғыдай артық ақшаны жастықтың астына жинаудың тиімсіз екенін түсінген жұрт банктен депозит ашуды ұтымды пайдаланады. Мысалы, 2018 жылы жеке тұлғалар ашқан депозит көлемі 58,5 трлн теңге болса, 2021 жылдың бірінші тоқсанында бұл сома 90,7 трлн теңгеге жеткен. Осы ретте, депозит ашуға ниеттілер санының артуымен қатар, несие алушылардың да белгілі бір деңгейде өскенін аңғарамыз. Мысалы, 2018 жылы жеке тұлғаларға берілген несие көлемі 12,8 трлн теңге. Ал былтыр бұл көрсеткіш 14,4 трлн теңгеге жеткен. Осы ретте айта кетерлігі, несие мен депозитті байланыстыратын Ұлттық банк бекіткен базалық пайыздық мөлшерлеменің маңызы зор.

Базалық пайыздық мөлшерлеме: ұтамыз ба, ұтыламыз ба?

Банктің жеке тұлғаға беретін «қарызы» мен жеке тұлғаның банкке беретін «қарызының» пайыздық мөлшерлемесі қарыз беру арқылы түсетін пайданың көлемін анықтайды. Осы ретте, базалық пайыздық мөлшерлеме артса, ұлттық валютаның құны да күшейеді. Былтыр 10 наурызда Ұлттық банк теңгенің базалық мөлшерлемесін 9,25 пайыздан 12 пайызға өсіргені есімізде. Арада 1 ай уақыт өтпей жатып базалық пайыздық мөлшерлеме 9,5 пайызға қайта төмендетілді. Оның себебі мынада: Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені жоғарылату арқылы инфляция мен девальвацияның қарқынын баяулатты, бірақ бұл шешім екінші деңгейлі банктердің несие пайызын өсіруге себеп болды. Бұл несие алушылар үшін тиімсіз. Әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар үшін жағдай қиынға соқты. Базалық пайыздық мөлшерлеме 9,25 пайыз болған кездің өзінде кәсіпкерлер несие алуға асықпады. Дегенмен, ағаштың екі ұшы бар демекші, бұл жағдайдың тиімді тұсы сол базалық пайыздық мөлшерлеме көтеріле салысымен депозиттің пайызы артты. Сол-ақ екен ел азаматтары теңгемен депозит аша бастады. Сарапшылар елдегі инфляциялық дәліз 9-11 пайыз аралығында сақталса, Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемені 9,25 пайыз межесінде ұстауы дұрыс шешім екенін айтады.

Шетелде несие алу неге тиімді?

Банк секторында дамыған елдердегі жағдай мүлдем басқаша. Олар базалық пайыздық мөлшерлемені төмендетуге тырысып, жеңілдетілген несие саясатын ұстайды. Мысалы, АҚШ-та доллардың кілтті пайыздық мөлшерлемесі 0,25 пайыз болса, Еуропа елдерінде де еуроның кілтті пайыздық мөлшерлемесі сол деңгейде сақталған. Бұл үдерістен Жапония да қалыс қалмады. Базалық пайыздық мөлшерлемесі төмен елдерде алған несиенің үстінен қосып төлейтін пайызы да төмен болады. Мысалы, 2-3 пайыз көлемінде бекітіледі. Бұған жылдық инфляция деп қарайды, сөйтіп несие алу халыққа артық салмақ салмайды. Төмен пайыз болғандықтан бастапқыда алған қаражатын шетінен «бөліп төлейді». Мұндай жағдайда дамушы елдердегідей халықтың төлем қабілеті «төмен» тобымен күрес жүргізудің қажеті жоқ.

Ал біздегі екінші деңгейлі банктер ұсынған несиенің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары болғандықтан әуелде алған қарыздың үстіне екі есе қосып төлеуге тура келеді. Мысалы, банктердегі кепілсіз тұтынушылық несиенің ең төменгі жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 8,3 пайыз, орташасы – 15,7 пайыз, ең көбі – 25 пайыз. Ең төменгі пайызды көптеген банктер ұсына бермейтінін айта кеткен жөн.

Кезінде депутаттар несие ставкаларын 7-8 пайызға дейін төмендету туралы үндеу жасағанын білеміз. Ол үшін Ұлттық банк бекіткен базалық пайыздық мөлшерлемені кемінде 3-4 пайызға дейін азайту қажет болады. Бұл қадам экономиканы қолдан құлдыратқанмен бірдей. Айырмашылық мынада: базалық пайыздық мөлшерлемесі 0,25 пайыз болып бекітілген елдерде инфляция 1-2 пайыз болса, бізде 8,4 пайыз. Олар тауардың құнсыздануымен күрессе, біз теңгенің құнсыздануымен күресеміз. Ал «базалық пайыздық мөлшерлемесі 0,25 пайызды құрайтын елдердің банктері Қазақстан нарығына неге кірмейді?» деген сұрақ туындаса, оған жауап дайын. Біріншіден, шетелдік банктер қазақстандықтарға төмен пайызбен несие бере алмайды. Себебі, олар Ұлттық банк бекітіп берген 9,25 пайыз болатын базалық пайыздық мөлшерлемені «аттап өте алмайды». Яғни, «ойын шарты» қазіргі нарықтағы банктермен бірдей. Екіншіден, дамыған елдердің банкі үшін Қазақстан халық саны аз, нарығы ауқымды емес болғандықтан тиімсіз.

Базалық пайыздық мөлшерлеме тек депозит пен несие саясаты үшін ғана емес, бүтін бір ел экономикасы үшін негізгі көрсеткіш саналады, халықтың өмір сүру деңгейін анықтайды десек, артық айтпаған болар едік.

Жаңа ереже банк үшін тиімді, халық үшін тиімсіз…

Былтыр Ұлттық банк қарыз алушының төлем қабілетін анықтайтын жаңа талап енгізді. Қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициентін екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар орындауға міндеттелді. Сөйтіп, жаңа талап бойынша табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынды. Ең негізгісі, несие алушы табысының 50 пайызын несие төлеуге жұмсайды деген қағида өзгерді. Несие алуға ниетті адамның төлем қабілеті отбасындағы кәмелетке толмаған балалардың санын ескеріп есептеледі. Әр бала үшін жалақыдан төменгі күнкөріс деңгейінің жартысы қалуы керек. Мысалы, қарыз алушының екі баласы бар. Кепілсіз несие алу үшін оның 68 мың теңгеден астам, яғни екі баласының әрқайсына 34 302 теңге қаражат қалуы тиіс.

Бұрынғы тәсіл бойынша банктер несие алуға келген тұтынушыға әр түрлі талап-шарт қояды. Сөйтіп, несие тағайындалса я болмаса мақұлданбаса нақты қандай фактор әсер еткені белгісіз күйінде қалатын. Банктер көп жағдайда зейнетақы қорына аударымдарды тексерумен шектелетін.

Жаңа ереже бойынша талаптың күшейгені банк үшін жақсы, бірақ несие аламын деген халық қағазбастылыққа тап болады. Бұдан былай қарыз алушы өзі туралы көбірек ақпарат беруге міндетті. Банк сұрататын құжаттардың ішінде: зейнетақы төлемі, жалақы және өзге де кіріс түрін анықтайтын құжат, зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру төлемі, салық аударымы негізінде есептелетін кіріс туралы ақпарат және т.б. Бұған қоса, банктер қарыз алушының шотындағы түсім мен алымдар туралы ақпаратты талап етеді. Соңғысы, отбасы мүшелері, қарыз алушының баласы болса, оны растайтын құжат сұратылады. Мұның барлығы не үшін қажет? Банк қарыз алушы туралы неғұрлым көп ақпарат алатын болса, несие тағайындау туралы шешім қабылдау соғұрлым жеңіл болмақ. Сарапшылар талаптың күшейгені банктердің несие беру үлесінің кемуіне алып келеді деген болжам жасап отыр. Банк талапты қатаңдату арқылы өз табысын жасырған азаматтар мен жұмыссыздар, табысы аз азаматтардың несие алуына тосқауыл қойып отыр. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы сарапшылары Ұлттық банк енгізген жаңа ереже саннан сапаға өтуге мүмкіндік беретінін айтады. Банктер бұдан ұтылмайды, жауапты тұтынушылар несиені қомақты көлемде алады, сайып келгенде ойсырып қалатын ешнәрсе жоқ дегенді алға тартады. Ал бейресми табыс көзі бар қарыз алушылар үшін жағдай қиын болмақ. Табыс көзі аз немесе жұмыссыздар үшін банктердің есігі жабық. Шағын қаржы ұйымдары үшін де талаптың күшейгенін жоғарыда айттық. «Сонда әлеуметтік осал топ тығырықтан шығу үшін несие ала алмайтын болса, елдегі кедейлер саны артып, қылмас көбеймей ме?» деген сұрақ туындайды.

 

Мемлекет «көмекке» келеді…

Төлем қабілеті жоқ екінші деңгейлі банктерге мемлекет үнемі қомақты қаражат аударып келді. 2017 жылы Қазақстанда банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттырудың бес жылдық бағдарламасы іске қосылғаны есімізде. Сол жылы «тағдыры» тығырыққа тірелген бес банкке жалпы сомасы 653,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Келесі жылы Ұлттық банк аталған бағдарламаның тиімсіз екенін түсініп, жабуды жөн көрді. Алайда, көп ұзамай бағдарламаның екінші бөлігі іске қосылды. Бұл жолы мемлекеттің құтқарған кезекті банкі – Нұрбанк еді. Айта кетерлігі, 2016 жылдан 2020 жыл аралығында Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінің қаржылық өтімділігін арттыруға 6 трлн теңге бөлінген.

Бүгін аталған бағдарламаға АТФ Банк, Еуразиялық банк, ЦентрКредит Банкі және Нұрбанк еніп отыр.

Қазір банктердегі жағдай біршама тұрақталды. 2021 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша елдегі 25 банктің несие портфелі 15 373 млрд теңгені құраса, оның ішінде жұмыс істемейтін қарыздар көлемі − 1 064 млрд теңге. Банктердің жұмыс істемейтін несиелері 2011 жылы 30,8 пайызды құрап, ең жоғары көрсеткіш көрсетті. Тек 2015 жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеп 8 пайызға жетті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымованың айтуынша, соңғы екі жылда жұмыс істемейтін несиелер деңгейі (NPL 90+) 7,4 пайыздан 6,9 пайызға дейін төмендеді.

− Проблемалық несиелер банк капиталына ауыртпалық түсіреді. Банктер өз активтерін проблемалық деп тануға және оларды жеңілдікпен сатуға тырыспайды. Нәтижесінде проблемалық активтер соңғы 10 жыл ішінде банктер мен олардың еншілес ұйымдарының балансында қалып отыр, − дейді М.Әбілқасымова. Белгілі болғандай, бұдан былай стресстік активтерді есептен шығаруға 5 жыл мерзім бекітілді. Сөйтіп, алдағы 4 жылда жұмыс істемейтін несиелерді 2,7 трлн теңгеден 0,9 трлн теңгеге дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Мемлекет екінші деңгейлі банктерге көмектесумен қатар, қазақстандықтардың да несиесіне рақымшылық жасады. Бұл бастама 2019-2020 жылдары өтіп, шамамен 580 мың азамат қатысты. Ал елімізде бүгін 7,4 миллион қазақстандықтың несиесі бар. Қаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктерге несие беру тәртібінің қатаңдауы мемлекеттің алдағы уақытта несиелік рақымшылықты қайталамайтынын көрсетеді.

Ардагер УАЙДИН,

«Проблемалық кредиттер қоры»

АҚ-ның ресми өкілі:

МЕМЛЕКЕТ БАНКТЕРДІ ҚҰТҚАРМАСА, ЭКОНОМИКА ТОҚЫРАУҒА ҰШЫРАЙДЫ

− Екінші деңгейлі банктер экономиканың негізгі «қанайналым» жүйесі. Бұл жүйе неғұрлым жақсы жұмыс істесе, экономикадағы ахуал соғұрлым жақсы болады. Ал жұмыс істемейтін қарыздар саны ұлғайса, банктер экономиканың нақты секторына беретін несиенің көлемін азайтуға мәжбүр. Мұндай жағдайда кәсіпорындардағы қаржыландыру жеткілікті болмағандықтан тиісінше өндіріс көлемі мен жұмыс орындары қысқарады. Соның салдарынан компаниялар қарыздық міндеттемелерін уақытылы орындай алмайды. Проблемалық активтердің үлесі жоғары болған сайын, банктердің де қосымша операциялық шығындары көбейеді. Бұл фактор қарапайым халықтың сатып алу қабілетінің нашарлауына, табысының азаюына және жалпы өмір сапасының төмендеуіне әкеліп соғады. Әдетте, банк секторындағы мұндай тұрақсыз жағдайдың соңы – халықтың банктерге деген сенімсіздік танытуы мен салымдардың азаюына барып тіреледі.

Қазақстандағы NPL көрсеткіші 2008 жылдан бастап теріс динамикада болды. Әсіресе, 2008-2009 жылдары республикалық банктердегі NPL деңгейі бірден 5,1 пайыздан 21,2 пайызға дейін төмендеді. 2010 жылы 23,8-ге дейін, 2011 жылы 30,8 пайызға дейін өсті. Үкімет мәселені шешу үшін «Проблемалық несиелер қорын» құрды. Сөйтіп, отандық екінші деңгейлі банктердің несие портфелін «жұмыс істемейтін», дәлірек айтсақ төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен қарыздардан тазартуға басымдық берді. Дамыған және дамушы елдердің тәжірибесіне сүйенсек, мемлекет банк секторына араласпаса және мемлекет тарапынан қаржылық қолдау көрсетілмесе, NPL-дің жоғары деңгейі экономиканың тоқырауына әкелуі мүмкін. Бір кездері әлемнің жетекші елдерінің билігі ең ірі банктерді мемлекет меншігіне алуға, сондай-ақ халықаралық даму банктерінен қаржылық көмек сұрауға мәжбүр болған еді.

Қор құрылған сәттен бастап елдің ең ірі банктері саналатын – БТА және Цеснабанктің активтерін сатып алу бойынша бірқатар ірі мәмілелер жасалды. Соның бірі БТА банкімен жасалған мәміле нәтижесінде 2017 жылы 4,5 трлн теңгеден астам сомаға халықтың депозиттерін сақтап қалу мүмкіндігіне ие болдық. Казкоммерцбанкты сауықтыру еліміздің күллі банк секторының тұрақтылығын сақтауға ықпал етті. Өйткені, оның банкроттығы сол сәтте басқа банктердегі депозиттің тоқтауына әкеп соғар еді. Банкті сауықтыру кезінде олардың жалпы сомасы шамамен 17 трлн теңге болатын. Кейбір банктердің депозиторлар қаражатын қайтара алмауы олардың банкрот болуына және халық пен мемлекет қаражатының жоғалуына әкелуі мүмкін.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 26 маусымда «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» № 34 Жарлыққа қол қойды. Мәселені шешу үшін бөлінген қаражат қор арқылы екінші деңгейлі банктерге аударылды. Борыш жүктемесі көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала кезінен мүгедек балалары бар отбасылар және т. б. сияқты санаттарға жататын азаматтарға қатысты жүргізілді.

Осы бағыт шеңберінде екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары 2019 жылғы 30 шілдеге дейінгі мерзімде ел азаматтарының барлық санаттарына 1,4 млн берешек бойынша жалпы сомасы 33,6 млрд теңгеге есептелген тұрақсыздық айыбын (айыппұлдар мен өсімпұлдар) кешіруді жүзеге асырды.

Мақсат ХАЛЫҚ,

UIB бизнес мектебінің директоры:

ҰЛТТЫҚ ҚОР 4 МЛРД ТЕҢГЕНІ БАНКТЕРДІ ҚҰТҚАРЫП ҚАЛУҒА ЖҰМСАДЫ

− Әлемде қаржылық дағдарыс болған 2007-2009 жылдары Lehman Brothers дейтін АҚШ-тың жүйе құраушы банкі құрдымға кеткенін білеміз. Қанша жерден экономикада алар орны орасан болса да, мемлекет бұл банкті құтқарып қалуға тырысқан жоқ. Бұл нарық заңының белгілі бір дәрежеде орындалғаны дұрыс екенін көрсетеді. Банк секторына мемлекет араласса, елдің экономикасы ешқашан дамымайды. Мемлекет бар ресурсын банктердің жолына сарп етеді. Сөйтіп, әлеуметтік жауапкершілік көлеңкеде қалады. Бізде 2009 жылы банктер мемлекеттен айтарлықтай қолдау көрді. Сол жылы Ұлттық қордан 4 млрд теңге банктерді «құтқарып қалуға» аударылғанын білеміз. Осыдан кейін банктер проблемасын мемлекетке сілтей салу әдетке айналдырды. Қыруар қаражат тоқтаусыз жұмсалғаннан кейін 2016 жылы банктерді құтқару шараларына тоқтау қойылды. Содан бері 5 жылда банктердің саны 33-тен 23 банкке азайды. 10 банк «құрдымға» кетті. Меніңше, 2009 жылы банктерді қолдау шараларын мемлекет бекер жүргізді. Бәсекеге қабілетті банктерді сол кезде анықтау керек еді.

Екінші мәселе, мемлекеттің халық несиесіне рақымшылық жасауы дұрыс шешім емес. Әрине, елдің әлеуметтік осал тобына қолдау көрсету үшін жасалған қадам екені түсінікті. Бірақ бұл бастама бір реттік шара ретінде ғана болуы керек еді. Байқағанымыздай, халық тарапынан «мемлекет несиемізді жауып берсін, тұтынушылық несие кешірілсін» деген тоқтаусыз ұсыныс түскенін білеміз. Оның ішінде біреу телефон алса, енді біреуі той жасаймын деп қарыз алады. Елдегі тұтынушылық несиенің көлемі – 4 жарым трлн теңге көлемінде. Бұл қаражатты мемлекет жаба алмайды. Несиеге рақымшылық жасау бойынша әлемдік тәжірибені зерттедім. Сонда байқағаным, Грузия елі теңгемен есептегенде халықтың 500 млрд теңгелік несиесіне рақымшылық жасаған. Кейін белгілі болғандай, бұл қанша жылдан бері төленбей жиналып тұрған несие екен. Ал бізде рақымшылық жасалған несие көлемі 200 млрд теңге шамасында.

Былтырдан бері банктер тұтынушының несие төлеу қабілетіне талапты күшейтті. Оған дейін төлқұжаты болса болды несие беріле беретін. Кейін төлем қабілеті төмен азаматтар алған қарыздарын қайтара алмайтыны белгілі болды. Бұл қаржы мекемелерінің жағдайын қиындатпаса, пайда әкелмейді. Сол себепті, банктен қарыз алған адам сол қарызын төлей алатын деңгейде болуы керек. Жаңа ережеге сай талаптың қатайғаны барлық тарап үшін тиімді әрі дұрыс шешім.

 

Сәуле ЫНТЫҚБАЕВА,

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық сауаттылықты арттыру басқармасының бастығы:

БАНКТЕРМЕН «ТЫҒЫЛМАҚ» ОЙНАУҒА БОЛМАЙДЫ

− Елдегі проблемалы несиелер не үшін көбейді? Несие алушылар банкпен «тығылмақ» ойнауына болмайды. Егер кезекті төлемнің мерзімі өтіп кетсе және төлемнің мерзімі әртүрлі себеп бойынша жылжытылса, онда үрейге беріліп банктен жасырып қалуға, сондай-ақ мерзімнің өтіп кету фактісін ескермей қалуға болмайды. Осы жағдайда борышты өтеу мерзімінің уақыты басталатындықтан банк өсімпұл мен айыппұлды есептейді. Сосын борышкерге қарсы сот процесін іске қосады. Банктен жасырынып қалу әрекеті «қымбатқа» түседі.

«Скоринг» ұғымы қаржы саласында бұрыннан бар және қарыз алушыны, оның төлем қабілеттілігін білдіреді. Сонымен қатар, скоринг жүйесі оның кірісін ғана емес, сонымен қатар кредит беру үшін қажетті басқа өлшемшарттарды да бағалайды. Мысалы, қарыз алушының кредитті уақытылы және адал өтеу қабілеті, жұмыс өтілі, отбасылық жағдайы, балаларының болуы, банк кредит беруге неге бас тартқанын, тіпті әлеуметтік желіде қандай топтарға жазылғанын бағалайды. Кредиттік скорингтің үш түрі бар. Біріншісі қарыз алушының сауалнамасына байланысты, онда ол сұрақтарға жауап береді, олардың жауаптары кейіннен скоринг жүйесімен балл беру арқылы бағаланады. Қарыз алушының бағасы неғұрлым көп болса, кредит алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Екінші түрі алаяқтыққа қарсы іс-қимылға байланысты.

Өз скорингтік балыңызды жақсарту үшін кредиттік жауапкершілікті арттыру, кредиттерді, коммуналдық қызметтерді уақытылы төлеу, сондай-ақ алименттерді уақытында төлеу, айыппұлдар мен салықтық берешекті өтеу қажет. Сіздің кредиттер бойынша барлық төлемдеріңіз қарыз шартында көрсетілген мерзімде төленгеніне сенімді болу үшін өз кредит тарихыңызды үнемі тексеріп отырыңыз. Ол үшін кредиттік бюроларға жүгіну қажет.

Егер ай сайын кредитті өтеуге сіздің жалақыңыздың жартысынан көбі кететін болса, онда кредит берілмейді. Бұл жағдайда қарыз жүктемесінің коэффициенті сіз үшін жоғары деген сөз.

Көрсеткіші жоғары қарыз алушы өз қарызын төлей алуы екіталай, ал бұл бірде-бір кредитор үшін тиімді емес.

Кредиторлар қарыз алушының төлем қабілеттілігін және БЖК-ны екі кезеңмен есептейді. Бірінші кезеңде банктер немесе микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) қарыз алушының кредитті өтеуге қабілеті және оны төлеу кезеңінде қалған ақшасының өз мұқтажы мен отбасының мұқтажын қанағаттандыру үшін қаншалықты жеткілікті болатынын бағалайды. Кредит бойынша ай сайынғы төлемнен кейін қалатын ақша бір ересек адамға ең төменгі күнкөріс сомасынан аз емес және әрбір кәмелетке толмаған адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысы мөлшерінде болуы тиіс.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың жағдайы қалай болады деген сұраққа жауап беретін болсақ, атаулы әлеуметтік көмек алушы − қарыз алушының төлем қабілетін есептеу кезінде ресми табыстың мөлшері ғана ескеріледі. Екінші кезеңде банктер мен шағын қаржы ұйымдары қарыз алушының несие тарихын және қолданыстағы басқа несиесін тексереді.

Банк тарапынан тұтынушы құқығын бұзу фактісі жиі кездеседі. Биылғы жарты жылдықта екінші деңгейдегі банктер мен сақтандыру ұйымдарына, коллекторлық агенттіктерге, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға 20 әкімшілік жаза қолданылды. Екінші деңгейлі банктер жиі жол беретін қателіктер қатарына банктік қызметті көрсету талабын орындамау, қарыз бойынша берешекті өтеу кезегін сақтамау, кепіл берушіге кепілге салынған мүлікке сауда-саттық жүргізу туралы уақытында хабарлама жібермеу сынды олқылықтар еніп отыр.

Автор: Еркежан Айтқазы

Related posts

ЗАМАНАУИ ҚҰРЫЛҒЫМЕН ЖАБДЫҚТАЛДЫ

ttjk

Ипотека бойынша кей борышкерлердің қарыздары кешірілуі мүмкін

Назия Жоямергенқызы

«ЕРКІН СӨЗ»-2019 ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫ

ttjk