Ұлыбританиялық суретші Бэнкси осы аптада Лондон орталығында пайда болған ту ұстаған адамның мүсіні өз жұмысы екенін растады. Мүсінде адам тұғырдың шетінде тепе-теңдік сақтап тұрған күйде бейнеленген. Айта кетейік, Бэнксидің кім екені әлі күнге дейін белгісіз.
Суретшінің Instagram-парақшасында жарияланған видеоға сәйкес, инсталляция түнде төмен рамалы тіркеме көмегімен орнатылған. Мүсін костюм киген ер адамды бейнелейді, оның беті желбіреген тумен жабылған. Сонымен қатар, оның бір аяғы тұғырдың шетінен шығып тұр, бұл оның кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін деген әсер қалдырады.
Тұғырдың негізінде «Бэнкси» деген жазу бар, бұл бастапқыда туындының авторы кім екенін болжауға мүмкіндік берді.
Нысан 29 сәуірде корольдік резиденциялар мен элиталық клубтар орналасқан қаланың тарихи бөлігі — беделді Сент-Джеймс ауданында пайда болды. Стилі жағынан мүсін маңайдағы ескерткіштермен, соның ішінде ат үстіндегі король Эдуард VII, Флоренс Найтингейл және XIX ғасырдағы мемлекет қайраткері Сидни Герберт монументтерімен үндеседі.
Бэнксидің жазбасының пікірінде қолданушылар бұл туынды «соқыр патриотизм» тақырыбына арналған болуы мүмкін деген болжам жасады.
Бұған дейін Бэнкси Лондонда мурал салған болатын, ол желі қолданушылары мен БАҚ назарын бірден аударды. Жаңа суретте жерде жатқан екі бала бейнеленген. Олар резеңке етік, жылы пальто және бөрік киген, ал олардың бірі қолымен аспанға қарай нұсқап тұр. Бэнксидің жаңа граффитиі балалардың баспанасыз қалу мәселесіне арналған болуы мүмкін деп болжанады. Кейбір әлеуметтік желі қолданушыларының пікірінше, туындының пайда болу уақыты мен орны кездейсоқ емес және Рождество алдындағы кезеңде көптеген баланың мерекені тойлай алмағанын еске салады.
Бэнкси деген кім?
Бэнкси өзінің шынайы тұлғасын бүкіл мансабы бойы жасырын ұстап келеді, ал туындыларының түпнұсқалығын Instagram-дағы ресми аккаунты арқылы растайды. 2024 жылғы тамызда суретші Лондонда жануарлар бейнеленген жұмыстар сериясын аяқтады. Тоғыз күннің ішінде ол тоғыз граффити салды, олардың кейбірі кейінірек бүлінген немесе алып тасталған. Әдетте, суретші кескіндерді түнде салатын, ал таңертең олардың қасына көрермендер ағылып келетін. Көбі бұл жұмыстардың суреттерін әлеуметтік желілерде жариялады.
Tengrinews.kz
