«Абайға құрмет» акциясы аясындағы алғашқы нысан: Семейде Рәміздер алаңы ашылды
Бүгін Семей қаласында Абай күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында бой көтерген Рәміздер алаңы – қоғамдық-мәдени кеңістігінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде Рәміздер алаңының ашылуы өңіраралық ынтымақтастық пен ұлттық бірліктің жарқын көрінісі екенін атап өтті. Президенттің бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдап, Семейге Рәміздер алаңының салынуына себеп болған Солтүстік Қазақстан халқына, осы өңірдің әкімі Ғауез Нұрмұхаммедовке облыс жұртшылығы атынан алғыс айтты.
«Бүгін, ұлы ақынның туған күнінде Солтүстік Қазақстан облысының өңірімізге сыйлығы – Рәміздер алаңын салтанатты түрде ашқалы тұрмыз. Ерекше атап өтерлігі, бұл – акция аясында пайдалануға беріліп отырған алғашқы нысан. Күллі Абай өңірінің тұрғындарын қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңіз көріп отырғандай, Рәміздер алаңы қысқа мерзім ішінде, небары алты айға жетпейтін уақытта Бейбітшілік (Түйемойнақ) аралында бой көтерді. Бұл аралда қырық жыл бойы даламызға уын шашқан атомдық сынақтардың тоқтауына орай биіктігі 20 метрлік «Өлімнен де күшті» монументі тұрғызылса, ядролық полигонның жабылғанына 20 жыл толғанда биіктігі 25 метр болатын Бейбітшілік стэлласы бой көтерді. Енді, міне, Абай облысы қайтадан шаңырақ көтерген тұста, ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай биіктігі 35 метр болатын Рәміздер алаңы салынды. Биыл жазда менің тапсырмаммен «Өлімнен де күшті» монументі мен Бейбітшілік стэлласына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңартылып, абаттандырылды. Бұл үш таған қасиетті Бейбітшілік аралына енді толық мағына беріп, қаланың көркін ашып, тарихын байытып, қала тұрғындары мен қонақтары демалатын тамаша саябаққа айналады деп сенеміз. Баса назар аударып айта кететін бір жайт, бүгінгі күнге дейін ресми ту көтеру рәсімі әр тұста орындалып келді. Дәл осы сәттен бастап мұндай мәртебелі жиындар өзіміз тұрған әсем алаңқайда өтетін болады. Бұл алаңның ашылуын «Абай күнімен» тұспа-тұс жоспарлаған едік. Міне, бүгін біз айтқан сөзімізде тұрып, Рәміздер алаңын салтанатты түрде ашып отырмыз», – деді Берік Уәли.
🕯«Рәміздер алаңы» – Мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Әнұранды біртұтас сәулеттік ансамбльге біріктірген жаңа қоғамдық кеңістік. Алаңның жалпы аумағы 2 гектарды құрайды. Нысан дөңгелек пішінде жобаланған, диаметрі – 28 метр. Композицияның негізгі бөлігі – биіктігі 35 метрлік мемлекеттік Ту тұғыры. Елтаңба мен Әнұран мәтіні 10 метр биіктікте орналасқан. Алаңда жаяу жүргіншілерге арналған кеңістік, демалыс орындары, орындықтар мен көгалдандырылған гүлзарлар қарастырылған.
Алдағы уақытта Бейбітшілік аралында Президенттің арнайы тапсырмасына сәйкес қала тұрғындарының қолайлылығы үшін көлемі 56 гектар болатын Экологиялық саябақ салынбақ.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтау тілегін жеткізді.
«Солтүстік Қазақстан облысының Абай еліне жасаған тартуы – жай ғана жаңа нысан емес. Бұл – ұлы Абайға деген тағзымның, ұлттық құндылықтарға деген құрметтің және өңіраралық достықтың жарқын белгісі. Бүгін біз мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесін асқақтататын Рәміздер алаңының ашылуына куә болып отырмыз. Бұл алаң – елдік рухты нығайтатын, жастардың бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен мемлекетке деген адалдықты сіңіретін тағылымды орын. Бүгінгі тарту – Ертіс пен Есілдің арасын жалғаған достықтың, Шығыс пен Солтүстіктің арасындағы бауырластықтың және тұтас еліміздің бірлігінің көрінісі», – деді ол.
Шара барысында Рәміздер алаңының бой көтеруіне елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға Абай облысы әкімі мен СҚО әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, салтанатты шарада белгілі әншілер Ибрагим Ескендір мен Қуандық Рахым өнер көрсетіп, патриоттық әндерді шырқады.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейдің әр аумағында бірқатар жаңа нысан салынып жатыр. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Маңғыстау облысының сыйлығы – Достық үйі, Шымкент қаласының тартуы – шығармашылық орталық, Алматы қаласының сыйлығы – медиаорталық, Павлодар облысының тартуы – үстел теннисі орталығы бой көтеруде. Қаланың сол жағалауында Ақтөбе облысының сыйлығы – Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды.
Сонымен қатар Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Жетісу облысы Семейдің кіреберісіне қала қақпасын, Батыс Қазақстан облысы спорт кешенін, Қостанай облысы руханият орталығын, Астана қаласы 1500 орындық «Келешек» мектебін салуды жоспарлап отыр. Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзенінің жағалауын абаттандырады.
Акцияны ірі компаниялар мен қоғамдық қорлар да қолдап отыр. «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа шағын ауданда үлкен стадион құрылысын бастады. Жеке қоғамдық қор есебінен 5 мың адамға арналған жаңа мешіттің іргетасы қаланды. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Мирный кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастады. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Аягөз қаласында, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Үржар ауданында осындай спорт кешендерін салуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта Семейде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының тартуы – Инклюзивті спорт орталығы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ сыйлығы – Болашақ сарайының құрылысы басталады.





