Б.БАЙБЕК: ПОЛИЦЕЙЛЕР БАТЫРЛЫҚ ТАНЫТТЫ

Алматы, 19 шілде. Алматыдағы атыста қаза тапқан полицейлердің отбасына 15 миллион теңгеден көмек көрсетіледі. Бүгін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаладағы Жедел жәрдем ауруханасына барып, кешегі атыста зардап шеккендердің жағдайын білді. Ресми деректерге сүйенсек, қазір ауруханада 7 полиция қызметкері жатыр. Олардың үшеуінің халі өте ауыр.

2016 жылдың 18 шілдесінде Алматыдағы Алмалы аудандық ІІБ ғимаратына жасалған шабуыл салдарынан, 3 полицей мен 1 қала тұрғыны қаза тапқан болатын. Қаза тапқандар: полиция капитаны Бауыржан Нұрмаханбетов (1973 ж.), кіші сержант Мақсат Сәлімбаев (1987 ж.), старшина Аян Ғалиев (1991 ж.). Қаза тапқандардың отбасына мемлекет тарапынан 15 миллион теңеден өтемақы төленеді. Ал зардап шеккендерге – 5 миллион теңгеден.

Таңғы сағат он бірлер шамасында лаңкестік қауіптің қызыл белдеуі жарияланып, кешке қарай қауіп сары белдеуге төмендетілді. Кеше күндіз ірі сауда орталықтары мен халық көп жиналатын мемлекеттік мекемелер жұмыстарын ерте  аяқтауға мәжбүр болды.

Ресми ақпараттың кешеуілдеуі салдарынан, халық хабарды әлеуметтік желілер арқылы ала бастаған. Олардың арасында елді дүрліктірген жалған жаңалықтар да көп еді. Астанадағы Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақырған Президент Назарбаев жалған ақпар таратып, елдің берекесін алып жатқандарды заң жүзінде қатаң жазалауды талап етті. Ал ҚР Ішкі істер министріне тез арада Алматыға жол тартуды тапсырды.

Бүгін ауруханаға полиция қызметкерлерінің көңілін сұрап барған Бауыржан Байбек: «Полицейлер батырлық танытты, қызметте жүрген барлығы да қарсылық көрсетті. Қаза тапқандардың туғандарына шын жүректен қайғырып, көңіл айтамын. Қазір қалғандарының тағдыры үшін күрес жүріп жатыр. Үш полицейдің жағдайы тым ауыр. Әскери хирургия мамандары тартылып, керекті шаралар қабылданды. Зардап шеккендердің екеуінің жағдайы жақсы», – деді.

18 шілде күні полиция бекетіне шабуыл жасаған күдіктінің аты-жөні анықталды: 1990 жылы туған Руслан Күлікбаев. Бұрын ұрлық жасағаны және заңсыз қару сақтағаны үшін екі рет сотталған.

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ

 

Related posts

ТҮРКИЯ – ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ «СҮЙІКТІ БАҒЫТ»

ttjk

ЖУРНАЛИСТЕР БАЙҚАУЫ: «ӘР БАЛА МЕКТЕПКЕ ЛАЙЫҚ»

ТЕАТРДА – БАЛАЛАРҒА НАУРЫЗ ТОСЫНСЫЙЫ

Назия Жоямергенқызы