Алматыда «Қазақ журналистикасының үздіктері – 2026» марапаттары табысталды

2026 жылғы 11 қарашада Алматыда Түркітілдес журналистер қоры мен Қазақстан Әйел журналистер клубының ұйымдастыруымен «Қазақ журналистикасының үздіктері – 2026» марапаттау салтанаты өтті. Кеште журналистика, медиа және қоғаммен байланыс салаларында еңбек етіп жүрген мамандарға арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табысталды.

Іс-шара кәсіби адалдықты, шығармашылық ізденісті және ұлттық журналистиканың дамуына қосылған үлесті бағалауға арналды. Қазақ баспасөзінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгерлер атындағы марапаттар олардың кәсіби өнегесін дәріптеп, журналистикадағы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға бағытталды.

«Qazaq» газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлына Марат Қабанбай атындағы «Ұлттық баспасөздің жанашыры» марапаты табысталды. Ал Жолдасбек Дуанабай атындағы «Ақпарат айдынының үздігі» марапатына Қуаныш Ермекова ие болды.

Бақытгүл Мәкімбай атындағы «Ақиқаттың алдаспаны» марапаты Айнұр Сембаеваға берілді. «Atameken Business» телеарнасының журналисі Маржан Жұмабай Индира Жылқайдарова атындағы «Қайсарлық пен кәсіби адалдық» марапатымен ұлықталды.

«JSK.KZ» журналисі Сағындық Жанысбаев Сәкен Орынбасарұлы атындағы арнайы марапаттың иегері атанды. Тележурналист, медиаменеджер Жанахмет Ағыбаевқа Тілеуқабыл Мыңжасар атындағы «Елмен егіз журналист» марапаты табысталды.

Медиаменеджер, продюсер, «Almaty TV» телеарнасының бас продюсері, Медиатренерлер мектебінің тәлімгері Ралида Мұқанова кәсіби шеберлігі мен шығармашылық көшбасшылығы үшін «The Best Woman in Media – 2026» марапатына ие болды.

Салтанатты кеште журналистермен кәсіби байланыс орнатып, сапалы ақпарат таратуға үлес қосып жүрген үш маманға ұйымдастырушылардың арнайы алғыс хаты табысталды.

Change PR агенттігінің PR директоры, PRшы клубының құрметті мүшесі Лаура Барысова қоғаммен байланыс саласындағы еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін алғыс хат алды.

ҚР Ұлттық ұланы баспасөз қызметінің маманы, мобилограф, әскери тілші Мақсат Насырдың әскери журналистиканы дамытуға және сапалы медиаконтент әзірлеуге қосқан үлесі атап өтілді.

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің маманы Баян Әлтайға кәсіби біліктілігі және журналистермен тиімді байланыс орнатудағы еңбегі үшін алғыс білдірілді.

«Қазақ журналистикасының үздіктері – 2026» марапаттау салтанаты ақпарат саласындағы жауапкершілік пен кәсіби бірліктің маңызын айқындады. Ұлттық баспасөздің дәстүрін жалғастыру, қоғамға қажетті ақпарат ұсыну және мамандыққа адал қызмет ету кештің негізгі құндылықтарына айналды.

Related posts

«QOLDA» шұғыл көмек бағдарламасының үшінші кезеңіне арналған гранттық байқаудың нәтижелерін жариялайды

ttjk

Олжас Бектенов: спорт нысандары қарапайым халыққа қолжетімді болуы керек

editor

Ағзаны сақтауға арналған отандық құрылғы әзірленіп жатыр

editor