ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ БІЛІМ САПАСЫ ТЕКСЕРІЛЕДІ

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова жоғары оқу орындарые тексеру қалай жүргізілетіндігін түсіндірді.

– Гүлзат ханым, жоғары оқу орындарын тексеру қалай жүргізіледі?

– Жалпы білім беру ұйымдары, соның ішінде жоғары оқу орындары, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес тексеріледі. Енді қандай жоғары оқу орындары тексеріледі дегенге келер болсақ, заңнамада бекітілген өлшемшарттар бар. Ол қандай өлшемшарттар? Білім беру саласында негізгі заңнаманы орындау қажет. ЖОО өзінің ақпараттық жүйесінде негізгі көрсеткіштерін толтырады. Сол ақпараттық жүйенің ішінде қанша студент бар, олар қандай мамандықтар бойынша оқиды, білім беру және оқытушылар бойынша да ақпараттар болады. Сондай-ақ, олар қандай біліктіліктен өтті, тәжірибеден өткізудің қандай базалары бар, қандай жұмыс берушілермен бірлесіп, жұмыс жасайды деген сынды мәліметтерді ақпараттық жүйеде көрсетеді. Осындай әкімшілік есептілікке сәйкес бәрі ақпараттық жүйені толтырады. Біздің тарапымыздан осы ақпараттық жүйенің ішіндегі барлық жоо туралы мәлімет талданады. Егерде осы мәліметтер заңнамаға сәйкес келмесе, олар тексерілетін жоғары оқу орындарының тізіміне жатады. Немесе заңды тұлғалар және жеке тұлғалар өз тараптарынан өтініш жазуы мүмкін, сол өтініштердің негізінде де тексеріс жүргізіледі. Сондай-ақ, өкілетті органдар мен басқада ұйымдардан келген ақпараттар тексеріс жүргізуге негіз болады. Жыл сайын 10-желтоқсан мен 10- маусымда профилактикалық бақылауға жататын жоғары оқу орындарының тізімі жасақталады. Тізім министрліктің бұйрығымен бекітіліп, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетіне жолданады. Бұл бұйрық арнайы тіркеуден өтіп, олардың сайтында ашық түрде жарияланады. Жоғары оқу орындары, білім беру ұйымдары осы жартыжылдықта тексеріс жүргізілетінін сайтта жарияланған тізім арқылы біледі. Бұл біріншісі. Арнайы профилактикалық бақылауға бару үшін, хат жіберіледі. Арнайы коммисия тексеріс жұмыстарын қай уақытқа жоспарлағаны хатта көрсетіледі. Сондықтан жоғары оқу орнында дайындалу үшін уақыт болады.

Бірінші профилактикалық бақылауға келген кезде, тексеру парағы бойынша заңнамаға сәйкес тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Бақылау кезінде кемшіліктер болса жоғары оқу орындарына анықтама беріледі. Ол анықтамада қандай кемшіліктер бар екені нақты көрсетіледі. Содан кейін анықталған кемшіліктерді түзеу үшін нақты уақыт беріледі. Сол уақыт ішінде жоо кемшіліктерді жою үшін қажетті шараларды қабылдауы керек. Берілген уақыт өткеннен кейін ғана екінші тексеріс жоспардан тыс барады.

Екінші тексеріске барған кезде тек бекітілген кемшіліктер бойынша ғана тексеру жұмыстары жүргізіледі. Кемшіліктерді жойған болса, жоо өз жұмысын жалғастыра береді. Егерде кемшіліктер қайта анықталса тағы анықтама беріледі. Анықтамада екінші мәрте уақыт бекітіледі. Осы уақытқа дейін кемшіліктерді жойып, заңнамаға сәйкес келтіру керек. Мінекей осы уақыт өткеннен кейін жоспардан тыс үшінші тексеріске барамыз. Үшінші тексеріс кезінде нақты белгілі болады. Егер кемшіліктерді жойған болса жақсы, ал жоймаған болса сол жерде хаттама толтырылады. Сол хаттамада барлық кемшіліктер көрсетіледі. Әкімшілік құқық кодексіне сәйкес қандай бабына жататыны, қандай шара қолданылатыны бірден белгілі болады. Бұл жерде 409-бап бойынша шешімді сот қабылдайды. 464-бап бойынша шешімді Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті қабылдайды.

Related posts

ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ КӨҢІЛ АЙТТЫ

ttjk

ҚазҰМУ кафедрасына Сәкен Нұғмановтың есімі берілді

ttjk

ҚАЗАҚСТАНДА 196 КОЛЛЕДЖ БІЛІМ БЕРУ ҚҰҚЫНАН АЙЫРЫЛДЫ

ttjk