«Еркін сөзге» — 10 жыл: әділ бағалау, кәсіби қолдау және қаржылық сауат

Түркітілдес журналистер қорының Halyk Bank-пен серіктестікте өткізіп келе жатқан «Еркін сөз» шығармашылық байқауы биыл он жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт ішінде жоба қазақ тіліндегі қаржы журналистикасын қолдап, журналистердің кәсіби дамуына және халықтың қаржылық сауатын арттыруға үлес қосып келеді.

Байқаудың басты ұстанымдарының бірі — республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тілінде еңбек ететін журналистерге тең мүмкіндік беру. Ірі редакцияның тілшісі де, аудандық немесе қалалық басылымның журналисі де еңбегінің сапасына қарай бағаланады. Мұнда материалдың өзектілігі, деректерінің нақтылығы, мәселені зерттеу тереңдігі және оқырман мен көрерменге пайдасы маңызды.

Осы жауапты міндетті атқарып келе жатқан қазылар алқасының еңбегі ерекше құрметке лайық. Он жыл бойы байқау жұмыстарына қатысқан қазылар әр материалды жіті саралап, авторлардың ізденісіне әділ баға беруге үлес қосты. Биылғы алқа құрамына журналистика, экономика, құқық, медиаменеджмент және қоғаммен байланыс салаларында тәжірибе жинақтаған мамандар енді.

Қазылар алқасына Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы төрағалық етті. Құрамында тележурналист, медиаменеджерлер Зейін Әліпбек, Ерлан Тоқшылық пен Жанахмет Ағыбаев, «Заң газетінің» Бас редакторы Айнұр Сембаева, Centralmedia24kz ақпараттық агенттігінің Бас редакторы, директоры Айбану Анарбаева, журналист, экономика сарапшысы Гүлзат Нұрмолдақызы, журналист, сарапшы Роза Қараева, журналист, заңгер Дина Елгезек, халықаралық журналист-аудармашы Ләйлім Әубәкірова, қаржы журналисі, Halyk Bank-тің аға PR менеджері Қаракөз Ыдырыс болды.

Бұл — редакция жұмысын, ақпарат әзірлеудің жауапкершілігін, дерек тексерудің маңызын тәжірибеден білетін кәсіби мамандар. Олардың әр саладағы білімі байқауға ұсынылған мақалалар мен телесюжеттерді жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.

«Еркін сөздің» қоғамға пайдасы марапаттау рәсімімен шектелмейді. Қаржы мен экономика мәселелерін түсінікті жеткізетін журналист өз аудиториясына саналы шешім қабылдауға көмектеседі. Несие мен бөліп төлеудің шарттарын түсіндіру, отбасылық бюджетті жоспарлау, жасырын шығындарға назар аударту, қаржылық алаяқтықтың тәсілдерін ашып көрсету — қарапайым халық үшін күнделікті маңызы бар жұмыс.

Осы бағыттағы қолдау байқаумен қатар оқыту шаралары арқылы да жалғасып келеді. Соңғы екі жылда Түркітілдес журналистер қоры мен Halyk Bank серіктестігі аясында Қазақстанның 11 қаласында қаржылық сауат тақырыбында семинар-тренингтер өткізілді. Бұл кездесулер халыққа қаржылық білім берумен бірге журналистердің қаржы тақырыбын сауатты жазуына, күрделі ұғымдарды дұрыс түсіндіруіне және сарапшылармен кәсіби байланысын нығайтуына көмектесті.

Он жылдан бергі басты серіктесіміз — Halyk Bank-ке айрықша ризашылық білдіреміз. Қазақстан көлемінде қызмет көрсететін ірі қаржы институтының қазақтілді журналистиканы және қаржылық ағартуды тұрақты қолдауы біз үшін құнды. Ұзақмерзімді серіктестік журналистердің ізденісін ынталандырып, өңірлердегі әріптестерімізге де кәсіби мүмкіндіктер ұсынуға жол ашты.
Түркітілдес журналистер қоры Halyk Bank-пен серіктестікте ұйымдастырған «Еркін сөз–2026» шығармашылық байқауында «Жамбыл-Тараз» газетінің тілшісі Арайлым Шабденова «Үздік мақала», «El.kz» интернет басылымының тілшісі Амангүл Тілейқызы «Сайттағы үздік мақала», «24KZ» телеарнасының тілшісі Еркебұлан Смадияров «Үздік ақпараттық сюжет» аталымдары бойынша жеңімпаз атанды.

Related posts

АЛИК ШПЕКБАЕВ: ҚР Білім және ғылым министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенді

ttjk

Ислам әлемінің «2023 жылғы туризм қаласы» — Шанлыурфа шақырады

ttjk

Эрджиес: Анадолының шыңындағы шаңғы орталығы

ttjk