Жаңа ауруханалар, стадион және мыңдаған шаршы метр тұрғын үй: Абай облысында қандай нысандар салынып жатыр?

Абай облысында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы жалғасуда. Негізгі бастамалардың қатарында екі көпбейінді аурухана, футбол стадионы, Өнер орталығы және тұрғын үй қорын ұлғайту жобалары бар. Жобалардың іске асырылу барысы мен алдағы жоспарлар туралы Абай облысының құрылыс басқармасының басшысы Серік Тілемісов айтып берді.

Өңірдің құрылыс саласы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды салудан бастап ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға дейінгі бірнеше бағытты қамтиды. «Абайға құрмет» акциясы аясындағы бастамаларға және Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан нысандарға ерекше назар аударылуда.

Серік Тілемісовтің айтуынша, басқарманың негізгі міндеттері – тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.

– Мемлекет басшысы мен Абай облысының әкімі Берік Уәлидің тапсырмаларына сәйкес өңірде құрылыс саласын дамыту, тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту және инфрақұрылымды жаңарту жобалары іске асырылуда. Біздің міндетіміз – жоспарлардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету, – деп атап өтті басқарма басшысы.

«Абайға құрмет» акциясы аясында басқарма 31 жобаны сүйемелдеуде. Оның сегізі бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынған, тағы алтауы қаралуда. Он нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Екі жоба – Мемлекеттік рәміздер алаңы мен Ұшақтар кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Жобалар білім беру, спорт, мәдениет және қоғамдық инфрақұрылым салаларын қамтиды. Олардың қатарында шығармашылық және үстел теннисі орталықтары, спорт сарайлары, көрме орталығы, медиаорталық, 1 400 оқушыға арналған Binom мектебі мен Достық үйі бар. Нысандардың бір бөлігі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, «Самұрық-Қазына» АҚ, BI Group және басқа да серіктестердің қолдауымен салынуда.

Семейдегі ірі жобалар – жұмыстың жеке бағыты. Қалада 300 төсекке арналған облыстық көпбейінді аурухананың, балалар ауруханасы мен драма театрының құрылысына дайындық жүргізілуде. Сондай-ақ 18 000 көрерменге арналған футбол стадионы мен Өнер орталығы салынуда. Әкімшілік-іскерлік орталықта облыс әкімдігі мен басқармалар ғимараттарын және көпбейінді колледж салу жоспарланған.

Нысандардың бір бөлігінде құрылыс басталса, қалғандары жобалау және мемлекеттік сараптама кезеңдерінен өтуде. Облыстық көпбейінді аурухананың құрылыс алаңында қазаншұңқырлар дайындалып, іргетас негіздері нығайтылды және бетон төсеуге дайындық жұмыстары орындалды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының алдын ала құны 70 млрд теңгені құрайды. Балалар ауруханасының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде, оның құны 50–60 млрд теңге көлемінде бағалануда.

Футбол стадионына ерекше назар аударылуда. ҚазҚСҒЗИ мамандарының ұсынымдары бойынша Deep Soil Mixing технологиясын қолдана отырып, іргетас негіздерін нығайту туралы шешім қабылданды. Барлығы 4 461 DSM-қада орнату көзделген. 7 қарашадағы жағдай бойынша оның 78-і орнатылды.

– Стадион 18 000 көрерменге есептелген және УЕФА-ның 4-санатына сәйкес келеді. Қазір құрылысты жалғастыруға қажетті техникалық және ұйымдастырушылық мәселелер пысықталуда, – деді Серік Тілемісов.

Сонымен қатар облыста тұрғын үй құрылысының көлемі артып келеді. 2026 жылдың тоғыз айында 173,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,3%-ға көп.

Семейдің Қарағайлы ықшам ауданында жыл соңына дейін жалпы ауданы 67,9 мың шаршы метрді құрайтын, 712 пәтерге арналған 13 кредиттік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы ауданы 25 мың шаршы метр болатын тағы төрт үйдің құрылысы жүргізілуде.

Тұрғын үй құрылысына жеке инвесторлар да қатысуда. Тоғыз айда олардың қаражаты есебінен жалпы ауданы 80 мың шаршы метрді құрайтын сегіз коммерциялық тұрғын үй пайдалануға берілді.

Related posts

A ‘Slow Travel Guide’ for exploring Türkiye at your own pace

editor

Үлестік құрылыс саласында заң талаптарын айналып өту көп

editor

Комьюнити орталықтар ашылуда

Назия Жоямергенқызы