Түркітілдес журналистер қорының Halyk Bank-пен серіктестікте ұйымдастырған «Еркін сөз – 2026» шығармашылық байқауының жеңімпаздары анықталды. Марапаттау рәсімі 11 қарашада Алматыда өтті. Биыл оныншы рет өткізілген байқауда қаржы мәселелерін кәсіби тұрғыдан көтеріп, халықтың қаржылық сауатын арттыруға үлес қосқан қазақтілді журналистердің еңбегі бағаланды.
Байқаудың мақсаты — журналистердің қаржы саласындағы білімін жетілдіруге ықпал ету, шығармашылық ізденісін ынталандыру және қоғамға қажетті сапалы ақпаратты қолдау. Қаржылық алаяқтықтың алдын алу, несие мен бөліп төлеу шарттарын түсіндіру, отбасылық бюджетті басқару және жаңа технологияларға байланысты тәуекелдерді талдау биылғы жеңімпаздар еңбектерінің негізгі тақырыптарына айналды.
Қазылар алқасы жұмыстардың тақырыптық өзектілігіне, деректердің шынайылығына, мәселенің жан-жақты ашылуына, автордың кәсіби шеберлігіне және материалдың аудиторияға пайдасына мән берді. Республикалық медиамен қатар, өңірлердегі қазақтілді журналистердің еңбегі де осы өлшемдер бойынша бағаланды.
Байқаудың қазылар алқасына Зейін Әліпбек, Жанахмет Ағабаев, Нәзия Жоямергенқызы, Дина Елгезек, Айбану Анарбаева, Гүлзат Нұрмолдақызы, Роза Қараева, Қарагөз Ыдырыс және өзге де тәжірибелі мамандар кірді.
«Үздік ақпараттық телесюжет» аталымында «24KZ» телеарнасының тілшісі Еркебұлан Смадияров жеңімпаз атанды. Оның сюжетінде бөліп төлеу шарттары, пайыздық үстемелер және олардың отбасылық бюджетке түсіретін салмағы көтерілді. Журналист тұтынушының төлем міндеттемесін қабылдамас бұрын сатып алудың толық құнын есептеп, өз қаржылық мүмкіндігін бағалауы қажет екеніне назар аударды.
«Үздік мақала» аталымында «Жамбыл-Тараз» газетінің журналисі Арайлым Шабденова жеңіске жетті. Оның «Алаяқтар айылын жияр емес» мақаласы қаржылық алаяқтық мәселесіне арналған. Материал азаматтарды күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауға және жеке қаражатының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
«Сайттағы үздік мақала» аталымының жеңімпазы — «El.kz» интернет басылымының тілшісі Амангүл Тілейқызы. Ол «ЖИ қаруға айналды: алаяқтардың жаңа айла-тәсілдерінен қалай қорғанамыз?» мақаласында жасанды интеллектіні теріс мақсатта пайдалану қаупін көтеріп, алаяқтардың жаңа тәсілдерінен сақтану мәселесін қарастырған.
Биылғы жеңімпаздардың материалдары азаматтардың күнделікті қаржылық шешімдеріне тікелей қатысты мәселелерді қамтиды. Бөліп төлеудің нақты құнын түсіну, күмәнді ұсынысты ажырату және цифрлық ортадағы алаяқтықтан қорғану үшін тексерілген, түсінікті ақпарат қажет.
Halyk Bank қолдауымен ұйымдастырылған «Еркін сөз – 2026» байқауы осындай қоғамдық маңызы бар тақырыптарды зерттеген журналистерді ынталандырып, қаржы туралы қазақтілді контенттің сапасын арттыруға бағытталды.
«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ
