НЕСІБЕҢДІ НЕСИЕ ЖЕП ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?

«Еркін сөз»-2019 шығармашылық байқауының «Үздік мақала» номинациясы бойынша 1-орын алған «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Сарби Әйтенованың «Несібеңді несие жеп жатқан жоқ па»? материалы.

НЕСІБЕҢДІ НЕСИЕ ЖЕП ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?
Осы уақытқа дейін несие алып байып кеттім дегендерді құлақ шалмады. Қайта, несие несібемді жеп жатыр деген елдің күңкіл сөзі мен реніші жиілеп барады. Несие алып, оны қайтара алмай аузы күйгендер: «осыдан құтылсам, енді несие деген пәлеге жоламаспын» деп ойлайды. Алайда, одан құтылғанымен, дүкеннен бір затты ұната қалса, енді соны қарызға алғысы келіп тұратынын қайтерсің?! Бір сөзбен айтсақ, несие несібені еселемесе де, оны алу әдетке айналып баратыны шындық.
Бүгінгілердің шай үстіндегі әңгімесі де ақшаға келіп тіреледі. Бірі несие алудың жолдарын айтып күңкілдессе, енді бірі оны төлеудің машақаты туралы сыр-шертісетін болды. Бірақ, ендігі жұрт несиесіз отыра алмайтын дәрежеге жетті. Ешкімге несиеге жолаушы болма деп айта алмайтының тағы ақиқат. Себебі, әркім өзіне қажеттісін несие алумен шешетінін жақсы білеміз. Бұл банктер үшін тиімді болғандықтан, олар несиені оңды-солды оңай береді. Ал ақшаны қатты қажетсініп тұрған адам оның пайыздық үстемесіне қарамай-ақ, тегін бергендей ала салады. Бірақ, мұның арты еш жақсылыққа апармайтыны анық.
***
Экономист мамандардың айтуынша, несие – ақша табудың жақсы тәсілі. Дегенмен, оны қайтаруды да ұмыт қалдырмаған жөн.
«Ана Гүлсім келіннің сөзін тыңдап, төбе шашың тік тұрады. Несие алмай-ақ күн көріп едік десем, онсыз болмайды апа, «несие деген бүгінгілердің әке-шешесі ғой» дейді. Өй қарағым, оның да қайтарымы бар емес пе десем, соның арқасында барлық керек-жарағымызды шешіп отырмыз ғой деп бой берер емес» – деп налыған апаны да көрдік.
Соңғы уақытта банк жүйесінде жаңа өнімдер көбейді. Ендігі таңда сіз банктен тек ақшалай емес, карточка аштырып та ойлаған дүниеңізге қол жеткізе аласыз. Дерек көзіне жүгінсек, ел ішінде ең жақсы банк деп бағаланған «Kaspi Bank» АҚ Қазақстан Республикасы екінші деңгейлі банктерінің арасында кредит портфелінің көлемі бойынша бірінші орынды иеленіпті. Ал, 2017 жылдың шілде айындағы мәлімет бойынша Kaspi экожүйесіне еліміздегі азық-түлік емес тауар айналымының шамамен 20 пайызы тиесілі екен. Бүгінде халықтың басым бөлігі бұл банктен ақшалай несие ғана емес, оның өнімін пайдаланып келеді. Атап айтсақ, Kaspi Gold –дебеттік карта. Алғашында жалақы жобасы аясында ғана шығарылса, 2017 жылдың 1 наурызынан банк аталған картаны барлық жеке тұлғаларға береді. Ал, Kaspi Red – серіктес -дүкендердің тауары мен қызметін шектеулі лимит аясында бөліп төлеуге мүмкіндік беретін карта. Өнім 2016 жылдың 18 тамызында іске қосылды, 2017 жылдың маусым айындағы мәлімет бойынша Қазақстанның ірі 5 қаласында ай сайын 130 мың рет сауда жасайтын 115 мың карта ұстаушы бар екені анықталыпты. Бұл дегеніңіз, бүгінгілер киім мен азық-түлікті де несиеге алатын жағдайға жетіп отырғандығын көрсетеді. Несие алудан алдына жан салмайтын көршімнің айтқаны бар: «Енді нанды да несиеге алатын болдық».
Рас, қазір екінің бірі несиеге тәуелді. Неге? Бұл тұрғыда Әнуар есімді азаматтың пікріне құлақ түріп көрдік. Ол несие алу деген – экономикалық сауатсыздық деп топшылайды. Оның айтуынша, біздің нарыққа кіргенімізге жүз жыл бола қойған жоқ. Ал, ата-бабаларымыз төрт мың жыл нарықты шектеп келген, табалдырықтан аттатқызбаған. Бірақ, бәрібір тәуекел түбі желқайық деп нарыққа есігімізді айқара ашыппыз. Салдарынан, жиырма жыл болса да біз нарық туралы нақты түсінігімізді қалыптастыра алмағанымызды айтады. Бірақ, ол нарықтың есігімізден аттап кіруін кемшілігіміз емес, артықшылығымыз деп қабылдау керек дегенді меңзейді. Себебі, әлемнің 70 пайызға жуығы осы нарық жүйесімен жүргендіктен, қатардан қалып қоймау да басты заңдылық. Осы жерде қаржылық сауаттылық деген дүние қылаң береді. Бүгінгі қоғамымызда қаржылық сауаттылық та төмен. Неге десеңіз, біз осы уақытқа дейін коммунистік қоғамда өмір сүріп келдік. Ол қоғам ең алдымен мұралықты, адамдықты басты орынға шығарған. Нарықта экономикалық сауаттылық үстем тұрады. Яғни, бүгінгілер осы бағытта кез келген отбасымен жұмыс жасауы тиіс. Егер отбасындағы адамның экономикалық сауаттылығы әлсіз, жеткіліксіз болса, ол өзгелердің құрбанына айналады-мыс. Қаржылық сауаттылықты жетілдіруді отбасы-ошақ қасынан бастау жөн деуі де көңілге қонымды ма дейсің?!
Қалай десек те, нарықта түрлі ойыншылар көп. Олардың түпкі мүддесі пайда табуды көздейді. Ал саяси-экономикалық сауатсыздық жайлаған қоғам олардың баю мүмкіндігіне жол ашқандай ма, қалай?!
***
Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, несие – ақша табудың жақсы тәсілі екені рас па? Бұл туралы экономика ғылымының докторы, профессор Гүлжамал БЕГІМБАЙҚЫЗЫ не дейді: «Тарихи тұрғыдан алсақ, несие – тарихи экономикалық категория. Жалпы, тауар өндірісі бар жерде несиенің бар болуы заңды. Әлбетте, бірден ақшалай болды деп айту қиын. Жалпы, біздің бір қателігіміз, осы тауарлы ақша қатынасын дұрыс түсінбегеніміз болып отыр. Оған жете көңіл бөлмедік, мойындамадық. Шындығында, бұл категориялардың дерлігін: ақша яки тауар, тұтыну құны болсын нақты, дұрыс қолдануымыз қажет еді. Өткен ғасырдың әдебиетіне үңілсек, онда былай делінген: біздің балаларымыз тек қана қағаз жүзінде ғана оқиды. Ақша деген болмайды, барлығы өз қажетінше ала береді деуі, тауарлы ақша қатынасын дұрыс қолданбағанымыздың, дағдарыс, экономиканың тоқырап қалуының бірден-бір себебі деуге болады.
Қаржылық сауаттылыққа баланы балабақша жасынан үйрету қажет. Әр бала үстіне киетін киімнің қандай ақшаға келгенін, қандай еңбекпен табылғанын, оны қалай күтіп кию керектігіне дейін сіңіріп өсуі заңды дер едім. Қаржылық сауаты жоғары бала өскенде ақшаға құнды дүние деп қарап, несие жайлы да өзіндік көзқарасы қалыптасары анық.
Өзіңізге белгілі қазіргі қоғамда тұтынушылық несие мен ипотекалық несие кеңінен өріс алып тұр, ал, адамдардың басым бөлігі тұтыну несиесіне көбірек жүгінеді. Мұның себебін ашып айтпасақ та, түсінікті. Бірақ, маман ретінде несие, оның ішінде тұтынушылық несиені алудың тіпті де қажеті жоқ екенін баса айтқым келеді. Неге? Мәселен, 1 млн. теңге несие 50 пайызбен рәсімделген болса, онда жыл соңында 1,5 млн.теңге қайтару керек болады. Ал егер 3 жылға алсаңыз үстінен қайтаратын соманың өзі 1,5 млн. теңге болып шыға келеді. Ол қаражатты қаржы мекемесіне үстемелеп қайтарғаннан гөрі, отбасыңыздың қажеттілігіне, бала-шағаңызға жұмсағаныңыз әлде қайда тиімді емес пе?! Негізінде, несиені алу керек жағдайлар болады. Мәселен, егер сіз кәсібіңізді дөңгелету үшін алсаңыз, мол табыс көзін табу арқылы қарыздан құтылуға да мүмкіндік зор. Мұны мен маман ретінде айтқаныммен, кәсіпкерлер тарапы алғашқы қадамды несие алудан бастамаған жөн деген пікірде. Неге десек, алғашқы кәсіп банкротқа ұшырамасына кім кепіл?! Ендеше, тәуекел етудің де қажеті жоқ. Егер мемлекеттік қызметкер немесе жалақысы орта деңгейдегі жұмысшы болсаңыз, онда тәуекелге тіптен бармағаныңыз абзал.Себебі, тұтынушылық несиелердің пайызы жоғары болғандықтан, нәтижесінде қаржылық тұрақсыздыққа әкеліп соқтыруы әбден мүмкін.
Банктің негізгі көзі несие болғандықтан, халыққа несие алдыру үшін кез келген әрекетке баратыны сөзсіз. Түрлі жеңілдіктері, бонустары, төменгі пайыз деп жарқыратып көрсеткен жарнама қағаздары арқылы елдің санасын жаулап алады. Олардың басым бөлігі комерциялық пайда табуды ғана көздейтіні де белгілі. Бар ойы қалайда несие алуды көксеген адам жоғары пайыздық үстемемен алған несиесін артынша қайтара алмай, банк алдында берешек болып жүргені де жасырын емес. Осы тұста басты айтар мәселе, қазақтың басым бөлігі несиені той жасау үшін алатындығы. Әлбетте, алсын дейік. Бірақ, алмақтың да салмағы болатынын естен шығармасақ екен дейсің».
Шынында, несие –той өткізудің бірден бір қаржы құралына айналғалы қашан? Банктен қыруар қаржы алып, артынша төлей алмай, жылап, сықтап жүргендер санын саусақпен санай алмайсың?! Мәселен, шетелдік банктердің қазақстандықтардың үйлену тойына жұмсалатын қаржысы туралы зерттеу жүргізгені естеріңізде болар. Есептеу көрсеткіші бойынша олар орташа есеппен бір тойға 2 миллион теңгеден астам қаржы жұмсайтыны анықтаған болатын. Бұл тұста экономистер де қазақстандықтарға той өткізуді доғару қажеттігін ескерткен-тін. Қалай дегенмен, әр адам банктің қайрымдылық қоры емес екенін есте ұстаған жөн болар.
Несие жайында ой өрбіткен экономика ғылымдарының докторы осы күнге дейін несие алып көрмегенін, тіпті жүгінбейтінін айтады. Оның сөзінше, адам өз тапқан қаржысына сеніп, соның айналасында ғана тіршілік жасауы абзал. Біруден қарыз алып, берешек болғанша, азды қанағат еткен дұрыс дейді ол.
Мамандар пікірінше, несие алмас бұрын әр банкке кіріп, танысу абзал. Сонымен қатар жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеменің қандай екенін аңғару да маңызды. Ең бастысы көшедегі жарнамада көрсетілген пайыз сандарына сеніп қалмаған дұрыс. Бар мәліметті қаржы менеджерінен тәптіштеп сұрап алған жөн.
***
Алматы облыстық қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Жандос СҮЛЕЙМЕНОВ банкке жүгінетін тұрғындар несие аларда оның келісім-шартын мұқият оқып шыққаны дұрыс дегенді меңзейді. Расында да, осы бір шартты қағазды оқымағандықтан, көп жағдайда түсінбеушілік жағдай ушығып жататыны анық. Сондай-ақ, Жандос Оралбайұлы адам еріккеннен несие алмайтынын, ал алуға зәрулік туындаған жағдайда өз жағдайыңды толық жоспарлап алу қажет дейді. Яғни, алған несиені өтей аламын ба, ненің есебінен қайтарамын деген тәрізді. Өз сөзінде әр адам шамасына қарай іс қылуды ойлаған жөн екенін жасырмады.
-Қаржылық сауаттылығы төмен болған жағдайда, адам ешқашан ақшасын жинай алмайды. Негізінде, әр отбасының өзіндік қоры болуы тиіс. Мәселен, сіздің жылдық тұтынуыңыз 1 миллион теңге болса, қорыңызда тағы сондай 1 миллион теңге болуы қажет. Ал несие деген банктен уақытша ақша алып, оны ақырындап қайтару. Яғни, өзің алғанға үстемелеп қосып төлеу ғана, – дейді ол.
Қазақта: «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген сөз бар. Ендеше, несие рәсімдеудің алдында қаржылық мүмкіндіктерді саралап, салмақтап алу аса қажет. Несие түсінігі біздің елге жаһанданумен бірге жетті дейміз. Алайда, біз несиенің тиімді, тиімсіз жағын неге ашып айта алмаймыз? Кей мамандар мұны да қаржылық сауаттылығымыздың кемшін екендігімен түсіндіреді. Сонымен қатар, қаржылық сауаттылықтың жоқтығы қаржылық күйреуге әкеп тірейтінін де ескере бермейміз. Мәселен, банк сізге 1 миллион теңге несие берді делік. Ал сіз ешқандай жоспарсыз, мақсатсыз ол ақшаны алып аласыз. Бірақ, қайтарар уақытысында оны қалай төлеймін деп бас қатырасыз. Бұл таза қаржылық күйреуге әкеп тірейді. Ал қаржылық күйреу отбасылық күйреуге алып келеді. Бір емес, мың отбасының күйреуі қоғамдық наразылыққа алып келетінін ескере бермейтініміз де өкінішті жайт.
***
Байқап қарасаңыз, қай банктің болмасын жарнамасы айқайлап тұр. Ол жарнамаларын оқысаңыз бәрі де шеттерінен халыққа жаны ашығыш болып көрінеді. Мәселен, «Сіз үшін тағы не істей аламыз?» деген «Каспий банк» жарнамасын алайық. Құдды бір қайтарымсыз ақша беретіндей, бұған кәдуілгідей ойланып қалатынмызды несіне жасырайық. Алайда, бұл банк те үстемесі ең жоғарғылардың санатынан екенін ескере бермейміз. Ал, несие алуға мұқтаж адам үшін 17-18 пайыз деген түк емес болып көрінгенімен, артынша банктерге деген өкпесін айтып жатады. Аузы күйген халық үріп ішеді, аузы майланған банк жеңін түріп ішеді деген осындайда айтылса керек-ті.
Қазіргі таңда, несие беретін екінші деңгейлі банктерден бөлек компаниялық құрылымдар да бой көрсете бастады. Солардың бірі «Жылдам ақша жүйесі» деп аталады. Бұл компанияның жұмыс жасағанына көп бола қоймаса да, қазіргі таңда әр қаладан өз бөлімшелерін ашып үлгеріпті. Жиырма минут ішінде кепілдіксіз несие беретін компанияның «Zaksha.kz» ресми сайтында: «Біздің мақсатымыз – жедел түрде ақшаға мұқтаж болған тұтынушыларға көмек көрсету. Біз кепіл, анықтама және кепіл берушісіз бір мезеттік қолма-қол несиелер береміз. «Жылдам ақша» бір мезетте несие беру нарығына бірінші болып келді. Біздің компаниямыз Қазақстан үшін бірегей өнімді нарыққа шығарды – ол 20 минуттық жылдам несие. Біз жылдам несие беру саласындағы халықаралық тәжірибені мұқият зерттеп, Қазақстанның мұқтаждықтары мен ерекшеліктерін ескердік» деп жазылыпты. Компанияның қызметі дәл сайттағы сөздердей сенімді ме деген оймен орталықтағы дүкендердің бірінде орныққан бөлімшеге бас сұғып көрдік. Ішке кіргеннен-ақ байқағанымыз, мұнда да кезек күтіп тұрған адамдар легі. Бұл жердегілердің де әңгімесі сол: бірі баласының оқуын төлей алмай несие алуға келсе, енді бірі құда күту үшін тез арада ақша керек болып тұрғаны дейді. Ал тағы бірінің сөзін естіп тұрып, жылағың келеді. Неге десеңіз, кредитін төлеу үшін кредит алуға келіпті. Айтуынша, Каспий банктен кредит алып үстемесі өсіп кетіпті. Амалсыз осы «жылдам ақашаға» жүгінуге тура келген.
Бұл жерге ешкімнің жетісіп келіп тұрмағаны анық. Бәрі де сол бала-шағаның қамын күйттеп, жан бағып жүрген жандар. Бәрінің айтары бір сөз: «пайызы төмен несие берілетін күн туа ма бізге?!»
Жирыма жастан алпыс жас аралығындағы тұрақты жұмысы бар адамдар «жылдам ақшадан» айлық табысына қарай 10 мың мен 100 мың теңге аралығындағы несиені ала алады екен. Алған соманы он төрт күн аралығында 28 пайыз үстемемен қайтару керек. Ал он төрт күннен асып кетсеңіз, күніне тағы үш пайыздан қосылмақ. Сонда бір айға 50 пайыздың үстіне шығып тұр. Ойлап қарасаңыз, бұл үстемелері масқара. Бұл дегеніңіз, халықты таза қанау ғой. Өкініштісі сол, жылдам ақша аламын деп тұрғандардың дені қазақ. Ал кредит керек еді деп тұрған өзге ұлт өкілін байқамадық.
Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, несие беруші әр компанияның жарнамасы жер жарады. Бұл компанияның сайтына кіргенімізде оқығанымыз да сол сарынды сөздер. «Емделуге ақша қажет пе?», «Банктерді аралап табаныңды тоздырдың ба?», «Бізге кел!» – деген жанашырлық кейіпте жазылған жарнамалардан көз сүрінеді. Бірақ,«кепілдіксіз берілетін ақша кепіл бола ала ма?» деген сауал туады санада.

***
Америкалық жазушы Фаррах Грейд қарыз бен кредит жайлы біржақты жаман пікірде болмау керек депті. Ол қарызды екіге бөліп қарастырады. Біріншісі – жаман қарыз, екіншісі – жақсы қарыз. Айтуынша, «жаман қарыз» деген мақсатсыз алынған, артын ойламай, ешқандай табыс әкелмей жұмсалып кететін қарыз. Ал «жақсы қарыз» туралы ол былайша түсіндірген: «Таныс жігіті бірде жұмысынан кеш қайтып, үйінде қарапайым қызылды-жасылды ойыншықтарды аяқ киімге жапсырып, қызықтап отырған қыздарын көреді. Оған сонда бір демде осы жобаны іске асырып көрсе қайтеді деген ой келеді. Қарапайым аяқ киімге жылтырақтарды жапсырып көрсе шын мәнінде әдемі екен. Сосын ол дереу үйінің жертөлесінде цех ашады. Әрине, бұл үшін оған қаржы қажет. Ол болса қаржыны түгелдей кредитке алады. Сөйтіп, нақты жоба-жоспарлармен ол нарыққа кереметтей аяқ киім әкеліп қосады. Бұдан кейін ол миллиондаған ақшасына бұл патентті сатады да жібереді. Сөйтіп, уақытында несиесінен құтылып, сосын өзіне де пайда көреді. Міне, бұл «жақсы қарыз», – депті. Артынша екеуін сараптаған ғой. Екі образ да несие алды. Бірі пассив табыс, екіншісі актив табыс – яғни, пайда әкелетін өндіріске ақша жұмсайды. Бірі тұңғиыққа батты, екіншісі мол табысқа кенелді. Бұл өте бір қарапайым жол сияқты. Бірақ жеңіске жету үшін екінші образ да біраз тәуекелге баруы керек болды: үйін кепілге қойды, егер тауары өтпей қалса, ол үйінен айырылатын еді. Бірақ оның қаржы тереңіне батқан бірінші образға қарағанда ақылы бар. Себебі, дейді жазушы, екеуі де түбі тесілген қайықта отыр. Бірақ, біріншісі жапа-тармағай қолындағы ыдыспен суды сыртқа төгуге көшсе, екіншісі су қанша жиналып қалса да қайықтың түбі тесілген жерге тығын тықты. Нәтижесінде бірі суға кетсе, екіншісі құтқарылды, деген.
Біздің айтпақ ой да осыны меңзейді. Кредиттен көресіні көріп жүргендердің де көбі осы мақсатсыз несие алғандар ма дейсің?!
***
Жеті жастағы баланың сөзі: «Анашым, сіз, ақшаны банктен аласыз ғой? Ал банктердегі ақша қайдан келеді?» Бұл, бір қарағанда өте қарапайым сұрақ болып көрінуі мүмкін. Себебі, біз банк дегеніміз – ақшаны сақтайтын, беретін және көбейтетін орын екенін жақсы білеміз. Дей, тұрғанмен, олар өздері ақшаны қайдан алады? Олардың адал және мінсіз жұмыс істеуін кім қадағалайды? Неліктен ақшаны үйде ұстағаннан гөрі банкте ұстаған дұрыс? Негізі, адамдарға ақшаны арнайы орындарда ұстау туралы идея қайдан келген?
Несие жайында мақаланы жазуда көкейде жүрген көп сауалымызды арнайы мамандарға қоюды көздеген едік. Алайда, біз барып, бас сұққан банктерде қызмет ететіндер нақты бір анықтама беруден бас тартса, енді бірі басшысының жоқтығын сылтауратты, тағы бірі бас кеңсеге хабарласуымызды өтінді. Ұзын сөздің қысқасы, санадағы сансыз сауал жауапсыз қалды.
Біз біреуге ақыл айтудан аулақпыз. Дегенмен, алған несиені еселеп қайтарып, әбігерге түскенше, өзіңіздің отбасылық қаржыңызды үнемдеп өмір сүрген дұрыс па дейсің?! Ал, бұған сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!
Сарби ӘЙТЕНОВА

Related posts

Halyk Bank және Visa Tap to Phone

Назия Жоямергенқызы

HALYK BANK ҚАРЫЗДЫ КЕШІРЕДІ

ttjk

2600 ТОННАЛЫҚ ҚОЙМА АШЫЛДЫ

ttjk