Қазақстан туризмін дамытуда медиа мен әлеуметтік желілердің рөлі

Қазақстанда туризмді дамыту барысында дәстүрлі медиа мен әлеуметтік желілердің маңызы айтарлықтай артып келеді. Instagram, TikTok және YouTube сияқты платформалар туристік бағыттарды танымал етудің негізгі құралына айналып, адамдардың саяхат таңдауына тікелей ықпал етуде.

2023–2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Туризм саласын дамыту тұжырымдамасында интернет-технологиялар мен цифрлық коммуникациялар туризмді ілгерілетудің стратегиялық тірегі ретінде белгіленген. 2024 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында ел ішінде саяхаттаған қазақстандықтар саны 5 миллион 973 мыңға жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсімді көрсетеді.

Қазақстанда интернет пайдаланушылар саны 19,2 миллионға, әлеуметтік желі аккаунттары 15,7 миллионға жеткен. Бүгінгі туристік шешімдердің басым бөлігі визуалды контентке негізделеді. Фото, қысқа видео, влогтар мен stories форматындағы материалдар адамдарға бағыттың атмосферасын алдын ала сезінуге мүмкіндік береді.
Медиа туризмді тек ақпарат таратушы ғана емес, имидж қалыптастырушы және сұраныс тудырушы құрал ретінде жұмыс істейді. Дәстүрлі БАҚ (теледидар, радио, баспасөз) сенімділік пен тереңдік береді. Ал әлеуметтік желілер жылдамдық, интерактивтілік және визуалды тартымдылық арқылы кең аудиторияны қамтиды.

Зерттеулерге сүйенсек, user-generated content (пайдаланушылар жасаған контент) туристік шешім қабылдауда ресми жарнамадан да күшті әсер етеді. Туристердің пікірлері, жеке фотолары мен видеолары басқа адамдар үшін ең сенімді ақпарат көзіне айналуда.

Репортаж жанрының маңызы
Мамандардың пікірінше, туризм тақырыбын тиімді насихаттаудың ең күшті құралдарының бірі — репортаж жанры. Репортаж тек әдемі көріністерді көрсетіп қана қоймай, маршруттың шынайы атмосферасын, жергілікті тұрғындардың әңгімесін және туристік тәжірибені толық жеткізеді.

Мысалы, Көлсай мен Қайыңды көлдерінің бағыты бойынша дайындалған репортаждық материалдарда табиғат сұлулығымен қатар, жолдың қолжетімділігі, маусымдық ерекшеліктер және туристердің эмоциялық әсерлері де қамтылады. Мұндай формат аудиторияда «мен де сол жерге баруым керек» деген ниет тудырады.
Практикалық ұсыныстар
Туризмді тиімді ілгерілету үшін дәстүрлі медиа мен әлеуметтік желілерді өзара үйлестіру қажет. Instagram мен TikTok-та қысқа әсерлі видеолар, YouTube-та толық влогтар мен репортаждар, ал дәстүрлі БАҚ-та терең материалдар бірлесіп жұмыс істеуі тиіс.

Қазақстанның бай табиғаты мен мәдени мұрасын әлемге таныту үшін медиа мен цифрлық технологияларды тиімді пайдалану — бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Әдемі Мұсабек, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясы, Медиажурналистика мамандығының 4-курс студенті

Related posts

Абай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІІ сессиясы өтті

Назия Жоямергенқызы

Сот бес баласынан айырылған ананы 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесті

editor

Түркиядағы Caretta carettas тасбақаларының фантастикалық саяхаты

Назия Жоямергенқызы