Қызылорда облысында бір айдың ішінде 5 аудан газбен қамтылады. Облыс басшысы Қырымбек Көшербаев пен «ҚазТрнасГаз Аймақ» АҚ бас директоры Ибулла Сердиев Жаңақорған ауданындағы газ құбырын іске қосты. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қызылорда облысы әкімдігі мен «ҚазТрнасГаз Аймақ» АҚ 2015 жылы Жаңақоран, Шиелі, Қазалы, Арал аудандары мен Байқоңыр қаласын газбен қамтамасыз ету үшін қаражат бөлуге қатысты келісім бар. Қалған аудандарға газ құбыры келесі жылы тартылады. Оған қажетті 16 млрд теңгені Еуропалық даму және қайта құру банкі бөлмек.
Ауданды газдандыруға қатысты салтанатты шарада Қырымбек Елеуұлы: «Мемлекет басшысы елдімекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге басты назар аударуды тапсырған. Бұл соның жемісі. Жалпы алғанда, облыста әлеуметтік мәселелер тиімді шешіліп келеді: «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбыры және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық тас жолы салынды. Енді газды аудан орталықтарына жеткізетін құбырлары салынып бітті. Енді жаңақорғандықтар үшін шешемін таппаған күрмеуі қиын мәселе ауыз су болатын. Су құбырларын салу жобасы 2016-2018 жылдары жоспарланғанымен, біз жұмысты биыл бастай беруге шешім қабылдап, жақында алғашқы 200 млн. теңгені бөлетін болдық. Енді жақын арада жұмыс басталады. Осылайша, рет-ретімен халықтың тіршілігі үшін қажетті мәселелерді шеше береміз», – деді.
Ал Ибулла Сердиевтің айтуынша, табиғи газды тұтынушыларға арнайы жеңілдіктер қарастырылған : «Біздің жобамыздың басты ерекшелігі – облысқа отандық газ жүргізілетін болады, яғни газ тоқтаусыз беріледі. Халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына жеңілдіктер қарастырылған. Тұрғындардың жағдайына қарай отырып, пайызы төмен несиелер арқылы біртіндеп төлеу мүмкіндігін де қарастырдық. Сонымен қатар, тамыз бен қазан аралығында пеш және есептеуіш құралдарын сатып алушыларға 45 пайыздық жеңілдік беріледі».
Келесі аптада Шиелі ауданының халқын газбен қамтамасыз ету жұмыстары басталады. Содан кейінгі кезекте – Қазалы мен Арал аудандарының тұрғындары.
Нәзия Жоямергенқызы