ТҰСАУКЕСЕР: «ҮМІТТІҢ ІЗДЕРІМЕН»

Алматы. Ертең, 23 қаңтарда Қазақ Ұлттық Университетінде Әзірбайжан жазушылары Шамил Садиг пен Мушфиг Ханның «Следами надежд» («Үміттің іздерімен») атты кітабының тұсаукесері өтеді.  Тарихи-документалды детектив жанрындағы кітап Таулы Қарабақ пен Ходжалы қырғынында қаза тапқан құрбандарды еске алуға арналған.

Философия ғылымдарының докторы, профессор Шамил Садиг – Әзірбайжанның ұлттық рухта жазатын жас та танымал жазушысы.  Оның 40-қа жуық кітабы жарық көрген. Әзірбайжан тілі мен әдебиеті оқулықтары әзірбайжандардың білім саласына енгізіліп, негізгі пән ретінде мектептерде қолданылады. Бірнеше  роман мен монографиялық еңбектердің авторы. Сонымен қатар түбі бір түркінің ортақ тарихына қатысты ондаған ғылыми мақала жазған.

Әзірбайжанның  заманауи әдебиетінде өзіндік орны бар жас жазушылардың бірі Мушфиг Хан оқырмандарының көңілін детектив жанрындағы шығармаларымен баурап алған. Өте үлкен таралыммен жарияланған «Үміттің іздерімен» атты романы – Мушфиг Ханның шығармашылық шабытын шыңдай түскен туынды.

Кітаптың Қазақстанда жарық көруіне ықпал еткен Global Carrier Institute директоры Орхан Хасаноғлұның айтуынша, «Үміттің іздерімен» кітабы түркі халықтарын жақындастыруға сеп болады: «Соңғы жылдары Әзірбайжанның бітеу жарасына айналған Таулы Қарабақ туралы өте көп роман мен мақала шыққан. «Үміттің іздерімен» бұл түйткілге өте кең ауқымда қарауға мүмкіндік береді. Романның ерекшелігі де сол. Сұрапыл соғыстың салдары мен бір жас әзірбайжан қыздың махаббаты суреттелген романда сағыныш пен Отанды аңсаған қасірет жатыр. Шекаралармен шектелген сүйіспеншілік сезім мен ұлтшылдық қатар өрілген роман Қазақстанда да өз оқырманын табады деген сенімдеміз. Бұл кітаптың Алматыда жарық көруінің себебі, түбіміз, тіліміз, тарихымыз бен тамырымыз бір. Қазіргі кезде бауырлас халықтармен арамыз ажырамаса, сүйінішіміз бен күйінішімізден хабардар болсақ деген ниеттеміз. Әзірбайжан халқының бойындағы дертті «Үміттің іздерімен» романы арқылы сезініп, сараптауға мүмкіндік алса дейміз».

Әзірбайжан жазушылардың тарихи туындысын Қазақстанға танытуға сеп болған «Түркітілдес журналистер қорының» президенті Нәзия Жоямергенқызы шығарманың маңыздылығы туралы: «Таулы Қарабақ пен Ходжалы қырғыны – Кеңестер Одағының әзірбайжан бауырларға жасаған қиянаты. Жер дауы мен миллиондаған жазықсыз құрбандар, кеңестік империяның тіл мен ділге жасаған қиянатынан қазақ халқы мен қырғыз, татар, башқұрт, өзбек, түркімен де зардап шекті. Өкінішке қарай, бұдан түркі халықтарының орта және жас буыны хабарсыз. Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде түркі елдері арасында саяси, эконмоикалық, мәдени байланыстар түзілсе де, рухани тұрғыдағы жақындық бәсең. КСРО  кезіндегі отарлау саясатының кесірінен түркі халықтарының әліппесі өзгеріп, бүгінде түбі бір түркі бір бірімен аудармашы арқылы сөйлесетін жағдайға жетті. Әзірбайжанның қос жазушысы Шамил Садиг пен Мушфиг Ханның «Үміттің іздерімен» атты романы қазақ пен әзірбайжан арасындағы бауырластық сезімді нығайтуға сеп болады деген үміттеміз. Алдағы уақытта «Түркітілдес журналситер қоры» түркі мемлекеттеріндегі танымал ақын-жазушылардың еңбектерін Қазақстанға насихаттауды жоспарлап отыр», – деді.

«Түркітілдес журналиcтер қоры» ҚҚ

www.ttjk.kz

 

Related posts

«ХАЛЫҚ БАНКІНІҢ» ЖАҢА КЕЗЕҢІ

ttjk

Қазақстан азаматтары МАК-тан 880 млн теңге көлемінде төлемақы алды

ttjk

ТҮРІК КОФЕСІ ТУРАЛЫ БІЛЕСІЗ БЕ?

ttjk