Қонақүйлердің сұлтаны!

Бүгін «Қазақстан» қонақүйінде болдық! Алыстан қарайлап жүретін ғимараттың бір күні төбесінен бір-ақ шығам деп ойламап едім! Иә, иә! Төбесінен! Өзі 25 қабат, шамамен 26-27 қабат биіктікке көтерілдік. Керемет болды!

Қонақүйдің топ-менеджерлері Шенол Йорганджи мен Шейхмус Есин Нәзия апайымыз бастаған қазақ журналистерін «жетелеп» жүріп, кіреберестен төбесіне дейін барлығын көрсетті.

Қонақүйде 150 офис, 350 тұратын номер, 600 адамды оп-оңай қабылдай алатын банкет залы бар екен. Айтпақшы, банкет залының дизайны киіз үй іспетті жасалған, төбесі шаңырақ сияқты.

Шейхмус бейдің айтуынша, қонақүйдің керек-жарақтарын олар тек Қазақстаннан алуға тырысады екен (әрине, болса ол зат елімізде). Осылайша қазақстандық өнімді қолдап жатыр.

Қызметкерлердің 95%-ы қазақша сөйлейді. Егер қонақүй қызметін пайдаланушылардың 60%-ы қазақтар екенін ескерсек, мұнысы таңданарлық жайт емес.

Шенол бей келешек жоспарлармен бөлісті. Қазір қонақүйдің көп бөлмелері жөнделуде. Болашақта қонақүйдің төбесінде бассейн болады екен! Ол тенденция бойынша, келешекте номерлердің бағасы арзандайды екен.

Бағасы демекші, қонақүйдегі ең арзан бөлме — 25 мың теңге, ең қымбаты — 60 мың, люкстардық құны 35-40 мыңның шамасында.

Қонақүйдің төрт жұлдызы бар!

P.S. Негізі «Қазақстан» қонақүйі десе, маған бірден кішкентайдан көріп жүрген әкемнің жас кезіндегі фотосуреті есіме келеді. Ол суретте әкем қарындастарымен (менің апаларыммен бірге) осы қонақүйдің алдында тұр. Ностальгия! Жалпы ол кезде, түсінгенімше, Алматыға қыдырып келгендердің барып фотоға түсетін екі жері болған. Біріншісі Медеу, екіншісі осы аңызға айналған, барша Алаш азаматтарының мақтанышы «Қазақстан» қонақүйі.

Алмас Нұрмұханбетұлы

Related posts

Қазақстанда да қолға алынса…

ttjk

Basın Davetiyesi

Назия Жоямергенқызы

АТЫРАУДАҒЫ ЖУРНАЛИСТЕР СЕМИНАРЫ фоторепортаж

Назия Жоямергенқызы