Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешімінен кейін қазақстандықтарды «бұл жеке қаржыға қалай әсер етеді?» деген сұрақ мазалай бастады. Енді несиелер, ипотека және депозиттер тағдыры не болмақ? Қазір салым ашқан немесе қарыз алған дұрыс па?
Несие мен ипотека: қарыз алушыларды не күтіп тұр?
Ипотекасы немесе тұтынушылық несиесі барлар үшін Ұлттық банктің бұл шешімі ештеңені өзгертпейді. Бұл туралы экономист Руслан Сұлтанов айтты.
«Ай сайынғы төлем мөлшері жасалған келісімшарт талаптарымен айқындалады және базалық мөлшерлемеден кейін автоматты түрде қайта қаралмайды. Өзгеріс тек қайта қаржыландыру кезінде немесе келісімшартта құбылмалы мөлшерлеме қарастырылған сирек жағдайларда ғана мүмкін болады».
Ал алдағы уақытта реакция «шектеулі» болады деп есептейді сарапшы. Коммерциялық ипотека бойынша мөлшерлемелер біртіндеп төмендей бастауы мүмкін, бірақ оның әсері біршама уақытқа созылады.
«Мемлекеттік және жеңілдетілген бағдарламалардың талаптары көбінесе бағдарламалардың параметрлеріне, бөлінген қаржыландыру көлеміне және операторлардың талаптарына байланысты болады, сондықтан Ұлттық банктің бүгінгі шешімі олардың шарттарын міндетті түрде тікелей өзгертпейді», – деп түсіндірді ол.
Экономист Жанат Нұрғалиев те ипотеканың шамалы болса да арзандайтынын атап өтті. Алайда нарықтың лезде өзгермейтінін есте сақтау қажет.
«Базалық мөлшерлеменің 0,25 тармаққа төмендеуі ипотека мөлшерлемелерінің аздап төмендеуіне әкеледі. Бірақ мұнда нарық бір күнде өзгермейтінін ескеру маңызды. Реттеу тетіктері қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр: реттеуші борыштық жүктеме коэффициентін енгізді, сондықтан банктер қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін қатаң бағалауды жалғастырады. Алғашқы жарна көлемі мен адамның табысын ескере отырып, түпкілікті мөлшерлемелер әртүрлі болады. Меніңше, қарыз алушыларға алаңдаудың қажеті жоқ».
Жаңа несиелер бірден арзандамайды
Экономистің айтуынша, банктер келесі күні-ақ микронесиелер мен тұтынушылық қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендетеді деп үміттенудің қажеті жоқ.
Базалық мөлшерлеме – бұл екінші деңгейлі банктер үшін ақша құнының бір құрамдас бөлігі ғана. Несие бойынша мөлшерлемені қалыптастыру кезінде банктер мыналарды жинақтайды:
- ақша тарту құны (халық пен бизнестің салымдары);
- қайтармау тәуекелі (несиелік тәуекел);
- банктің операциялық шығындары мен салықтық жүктеме;
- меншікті маржа.
«Әсіресе, бұл несиелік тәуекелі кепілді ипотекаға қарағанда әлдеқайда жоғары қамтамасыз етілмеген тұтынушылық қарыздарға қатысты. Сондықтан мөлшерлеме 0,25 пайызға төмендегеннен кейін банктер алдымен жекелеген ұсыныстарды аздап түзетуі немесе қайта қаржыландыруды белсендірек жылжытуы мүмкін,бірақ қарыз құнының жаппай төмендеуін күту әлі ерте», – деп түсіндірді сарапшы.
Несиелер шынымен айтарлықтай арзандауы үшін инфляцияның тұрақты төмендеуімен расталған базалық мөлшерлеменің сериялық төмендеуі қажет, деп атап өтті Руслан Сұлтанов.
Түйін: Базалық мөлшерлеменің бір мезетте 0,25 пайызға төмендеуі — бұл оң сигнал, бірақ ертең-ақ «арзан» несиелер болады деп күтуге негіз емес. Банктер қарыз алушылардың жоғары тәуекелдерін өтеп отырғанда, тұтынушылық қарыздар бойынша пайыздар бұрынғы деңгейде қалады. Несиелер базалық мөлшерлеме келесі жолы төмендегенде ғана айтарлықтай арзандайды.
Депозиттер мен жинақтар: пайдадан қалай айырылып қалмау керек
Қолданыстағы депозиттерді неге жабудың қажеті жоқ?
Төмендегеннен кейін де базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде – 16,75 пайыз болып қала береді. Бұл инфляция деңгейінен айтарлықтай жоғары.
Сондықтан теңгелік салымдар бұрынғысынша ақшаны сақтап қана қоймай, нақты табыс алуға мүмкіндік береді, деп түсіндірді Сұлтанов.
«Менің ойымша, қазір депозиттерді үреймен шешіп алуға немесе жинақтарды жаппай долларға айырбастауға негіз жоқ (…) Жақсы шарттармен депозиті ашылып қойған адам үшін оны шұғыл жабудың мағынасы жоқ. Мерзімінен бұрын алған жағдайда есептелген сыйақының бір бөлігін жоғалтып алуы мүмкін, ал бірнеше айдан кейін ақшаны қайта орналастыру төменірек мөлшерлемемен жүруі ықтимал».
Жаңа салымдарды неге дәл қазір ашқан тиімді?
Егер Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуді жалғастырса, банктер біртіндеп жаңа салымдар бойынша пайыздарды азайта бастайды. Сондықтан экономист мөлшерлемелер жоғары болып тұрғанда қазір депозит ашу идеясын орынды шешім деп атайды.
«Қазір жаңа салым ашу да қисынды шешім болуы мүмкін, әсіресе егер адам бұл қаражат алдағы 6-12 айда қажет болмайтынын түсінсе. Егер базалық мөлшерлемені төмендету циклі жалғасатын болса, банктер уақыт өте келе жаңа депозиттердің кірістілігін де қайта қарай бастайды. Сондықтан бүгінгі мөлшерлемені бекітіп алу бірнеше айдан кейін ұқсас салымның бұдан да тиімсіз шарттармен ұсынылу тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді сарапшы.
Экономист Жанат Нұрғалиев те алаңдауға негіз жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, қолданыстағы салымдар сақталады, ал жаңа депозиттерді бұрынғыша ашуға болады — шарттары әзірге тиімді күйінде қалып отыр.
«Жалпы, қаржы нарығындағы жағдай әзірге тұрақты, күрт өзгерістерді немесе мөлшерлемелердің төмендеуін күтудің қажеті жоқ. Валюта нарығына келетін болсақ, теңгенің долларға шаққандағы бағамы ағымдағы макроэкономикалық көрсеткіштер аясында нығая береді деп ойлаймын. Тұтастай алғанда, Ұлттық банк әбден дұрыс, сараланған шешім қабылдады, жалпы жағдай осындай».
Валюта сатып алу керек пе?
0,25 пайыздық қадам үшін теңгені жаппай долларға немесе еуроға айырбастау — қаржылық тұрғыдан қисынсыз қадам, деп есептейді Руслан Сұлтанов.
«Мөлшерлеменің тек 0,25 пайызға төмендеуіне байланысты барлық жинақты валютаға аударуды ұсынбас едім. Долларлық салымдардың кірістілігі айтарлықтай төмен, сонымен қатар валютаны сатып алу кезінде адам оны тиімсіз бағаммен алып қою тәуекелін де мойнына алады. Бұл жағдайда валюта Ұлттық банктің бір ғана шешіміне берілген реакция емес, әртараптандыру құралы ретінде қарастырылуы тиіс», – деп түйіндеді Руслан Сұлтанов.
Валютаны тек алдағы уақытта доллармен нақты шығындар жоспарланған жағдайда ғана сатып алудың мәні бар: шетелге сапарлар, сыртта оқу ақысын төлеу немесе импорттық ірі заттарды сатып алу.
Еске сала кетейік: жұма күні, 24 шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады. Мөлшерлеме жылдық 17 пайыздан 16,75 пайызға дейін, +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен төмендетілді. Бұл жаздың басынан бергі екінші төмендеу. 5 маусымда мөлшерлеме соңғы екі жылда алғаш рет жылдық 18-ден 17 пайызға дейін төмендетілген болатын.
Tengrinews.kz
