Сауда министрлігі АҚШ-тың Қазақстанға жаңа кедендік баж енгізуіне қатысты мәлімдеме жасады

АҚШ Қазақстанда өндірілген жекелеген тауарларға 12,5 пайыз көлемінде қосымша кедендік баж салығын енгізеді. Сауда және интеграция министрлігі жаңа шаралар экспорттың қандай үлесіне әсер ететінін айтты.

Ведомство мәліметінше, 2026 жылы 23 шілдеде АҚШ 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөлімі аясында жүргізілген тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті шешім қабылдады.

Жаңа баж салығы 2026 жылғы 24 шілдеден бастап қолданысқа енеді. Ол Қазақстан экспортының барлығына емес, тек тауарлардың жекелеген санаттарына қолданылады.

«Бұл шара АҚШ Сауда өкілдігі бекіткен ерекше тауарлар тізбесіне енгізілген тауарларға қолданылмайды», — делінген министрлік түсініктемесінде.

Баж салықтары қосыла ма?

Бұған дейін қолданылып келген 10 пайыз мөлшеріндегі уақытша импорттық үстеме белгіленген 150 күндік мерзімнің аяқталуына байланысты өз күшін жойды. Осыған байланысты бұрынғы үстеме жаңа кедендік бажға қосылмайды.

Сонымен қатар, жаңа баж салығы нақты тауар үшін қолданыста бар әдеттегі америкалық мөлшерлемеден тыс есептеледі.

Шаралар экспорттың қандай бөлігін қамтиды?

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің есептеулеріне сәйкес, Қазақстанның АҚШ-қа экспортталатын өнімдерінің шамамен 95 пайызына қосымша кедендік баж бұрынғыдай қолданылмайды.

Осылайша, бұл шара жеткізілімдердің шамамен 5 пайызына әсер етуі мүмкін. Қазақстанның нақты қандай тауарлары баж салығына ілігетіні және олардың құны қанша екенін министрлік әзірге нақтыламады.

«ҚР Сауда және интеграция министрлігі қазақстандық экспорттаушылардың мүдделерін қорғау және өзара тиімді шешімдерге қол жеткізу мақсатында АҚШ тарапымен өзара іс-қимылды жалғастырып келеді», — деп хабарлады ведомство.

АҚШ баж салығын неге енгізді?

Бұл шешім АҚШ-тың 2026 жылдың наурыз айында 60 ел мен экономикаға қатысты бастаған тергеуінің нәтижесі болды.

Вашингтон бұл елдердің мәжбүрлі еңбекті пайдалана отырып өндірілген тауарларды әкелуге тыйым салатынын және мұндай тыйымдардың қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін тексерді.

Америкалық тарап қолданыстағы шаралар жеткіліксіз деген қорытындыға келіп, қосымша баж салықтарын енгізді. Қазақстан 12,5 пайыздық мөлшерлеме белгіленген елдердің қатарына енді.

Tengrinews.kz

Related posts

ХАЛЫҚ БАНКІНІҢ ЕНШІЛЕС ҰЙЫМЫ — ӨЗБЕКСТАНДА

ttjk

В Астане прошло заседание Казахстанско-Германского Делового совета

Назия Жоямергенқызы

HESTOUREX-2019 В АНТАЛИИ

ttjk