ФИНДЕР АНА ТІЛІН САҚТАП ҚАЛҒАН

Әйкен Қайранбайқызы — осыдан 21 жыл бұрын шетелдік азаматына тұрмысқа шығып, Финляндия асқан қандасымыз. «Қазақ хандығына — 550 жыл» тақырыбы шеңберіндегі шараларға қатысу үшін Алматыға төркіндеп келген Әйкен апаймен арнайы кездесіп, сұхбат алғанбыз. Бізді қызықтырғаны — финдерден не үйренуге болады? Олардың қазақтардан айырмашылығы қандай? Ұлттық құндылықтарын сақтауда финдер қандай шаралар атқарады?

Әйкен апай 2

Бір жарым сағаттық әңгімеден ұққанымыз, қаншама жыл шведтердің отарында болған финдер өз Ана тілін ұмытпаған. Оны тек мемлекеттік қызметкерлер ғана білуге міндетті екен. Ал қарапайым халық пен бизнес өкілдері тіпті, білмейді де. Бүгінде мектептерде швед тілін үйрету сабақтарын оқу бағдарламасынан мүлде алып тастауды күн тәртібіне шығарыпты. Бұл қаншама жыл Ресей патшалығы мен кеңестік империя қысымында болған қазақтарға да үлкен сабақ әрі үлгі.

 

«Ұлттық менталитетке келсек, финдер — туабітті дипломат. Олар кез келген мәселені сабырмен, ақылмен шешуге дағдыланған. Қызуқанды қазаққа мүлде кереғар. Сосын олар ысырапшыл емес. Мен қазақ бауырларымның той-томалақтардағы ысырапшылдығына, бақталастығы мен бәсекелестігіне қынжыламын. Кәрі әке-шешенің баласын үйлендіру үшін несие алып, сосын оны зейнетақысының есебінен төлейді. Әділетсіздік қой. Жас күніңдегі бейнеттің зейнетін көру үшін беріледі зейнетақы. Осыны қазақтардың түсінбейтіні өкінішті. Финдерде олай емес, көбінесе жастар өз тойларын өздері жасайды. Сосын кәмелеттік жасқа толғаннан кейін отау құрса да, құрмаса да, бөлек шығады жастар. Бұл олардың масылдық психологиядан ада болуына сеп», — деп ағынан жарылған Әйкен апай Қазақстандағы тазалықтың ақсағанына да қарны ашады: «Көшелерде қоқыс жатады. Ана жердегі целлофан қалтаға қараңызшы! Артта қалды деген Африка елдерінің өзінде мұндай қоршаған орта мен табиғатқа зиянды заттардан бас тартылған. Қазақстанда неге олай емес?!».

Фин жерінде жүрсе де, ұлттық мәселелерге бей-жай қарамайтын, Қазақты насихаттайтын шараларға белсене араласатын Әйкен апай Финляндияда ашылған Қазақстанның елшілігіндегі қазақ жастарының мемлекеттік тілге шорқақтығына да наразы: «Елшілік қызметкері — тұтас бір мемлекеттің бет-бейнесі. Ал елшіліктегі біздің жігіттер қазақшаға шорқақ. Тілдерін бұрап сөйлейді».

Фин мен қазақ арасындағы ұлттық ерекшеліктер, айырмашылықтар мен үлгі алатын жағымды тұстар туралы әңгімелеген Әйкен Қайранбайқызымен сұхбатты жақын күндері сайтымыздан оқисыздар.

Нәзия Жоямергенқызы

Related posts

ЖУРНАЛИСТЕР БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРҒАН СЕМИНАР

HALYK BANK пен SULPAK СЕРІКТЕСТІГІ

ttjk

ЖУРНАЛИСТЕР БАЙҚАУЫ — “ЕРКІН СӨЗ”-2021

ttjk