Бала өмірін аялағандар

Бала өмірін аялағандар

Жарияланған сайт: ser-per.kz

Авторы:Дәурен Махимов

Сілтемесі:https://ser-per.kz/zhanalyqtar/audan-tynysy/bala-mirin-ayala-andar.html

Жарияланған күні: 18.08.2022

***

Қай қоғамда болмасын, өркениет дамыған қай кезеңде болмасын басты құндылық – адам өмірі. Адам өмірі мен денсаулығын сақтауға мемлекет те, қоғам да, билік те бейілді болады. Өйткені жер жүзіндегі ең маңызды ресурс – бұл адами ресурс екені сөзсіз. Адам өмірін оңтайландыру, зиянсыз орта құру, балалар үшін қауіпсіз қоғам қалыптастыру біздің ортақ мүддемізге айналуы керек. Бұл мүдде аясында бірігуге ниеттілер саны күн санап артып келе жатқаны көз қуантады. Сондай мүдделі топтардың бірі һәм бірегейі – AYALA қоры.

Қазақстан аумағында 15 жылға жуық табысты еңбек етіп келе жатқан қордың атқарған ісін халық көріп, ел естіп жүр. Осы жемісті уақыт ішінде ірілі-ұсақты 67 елдімекенде 263 әртүрлі деңгейдегі көмек көрсетілген. Басты бағдары білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарына бағытталған қор өзге аспектілерде де қолдау танытып жүр.

Атап айтсақ, «Кәсіби бағдарлау», «Coding lab», «Ардагерлер», «AYALA академиясы» сынды жобалар сәтті жүзеге асуда.

28c2cc0b-29da-4fc0-ae9a-133f6d29c0bc

«Кәсіби бағдарлау» – балалар үйі және мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілерін әлеуметтендіру мақсатында жүзеге асырылатын жоба. Балалар білім беру мекемелерін аяқтап, кәмелет жасқа толғаннан кейінгі өмірде кәдеге жарайтын кәсіпке баулу, еңбекке кедергі және қиындықсыз араласуға мүмкіндіктер туғызу, сол дағдыларға үйрету арқылы жұмыс табуға көмектесу – басты міндет. Қазіргі уақытта да бұл жоба арқылы кәсіп игеріп, еңбекке араласқан жастар жетерлік.

«Coding lab» – техника мен технология тілін үйренуге таптырмас жоба. Бұл жерде жоғарғы сынып оқушылары мен студенттер бағдарламалаудың негіздерінен бөлек, java тіліндегі деректердің алгоритмдері мен құрылымдары, Android қосымшаларын бағдарламалау негіздері, компьютерлік графика мен дизайн негіздері, ұялы телефондардың серверлік бөлігін әзірлеу негіздерін дайындауға машықтанады. Үздік оқушылар халықаралық ІТ-олимпиадалар мен өзге деңгейдегі шараларға қатысуға мүмкіндік алады.

«AYALA академиясы» жобасы аясында курстар, білім беру семинарлары мен ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, ғылыми дәлелдемелерге негізделген тәжірибелі дәрігерлер үшін әдістемелік ұсынымдар жарық көрген. Жобаның негізгі мақсаты – қазақстандық балалар ауруханаларының, перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың дәрігерлері мен медбикелерінің біліктілігін арттыруға көмектесу.

cc55f0e0-aba3-4780-ae61-962bd88c8ca0

Бұдан да бөлек ондаған ірілі-ұсақты жобаларды жүзеге асырып келе жатқан отандық қор, қазірдің өзінде 80 денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау ұйымдарына 541,2 млн теңгеге көмек көрсеткен.

Осы уақытқа дейін жоба аясында медицина қызметкерлеріне арналып біліктілікті арттыру, кәсібилікті шыңдауға бағытталған түрлі курстар ашылып, ұзын саны – 300-ден астам адам курсты сәтті тәмамдаған.

Сол қызметкерлердің курстардан алған білімі себеп болған шығар, жоба аясында Қазақстан бойынша 2 мыңнан астам баланың өмірін сақтап қалған. Бұл тұтас қоғам үшін кішкентай жетістік болғанымен, жоба аясындағы қызметкерлер мен еріктілер үшін үлкен жеңіс, 2000 отбасы үшін баға жетпес бақыт екені түсінікті.

Қайткен күнде де осынау алмағайып заманда қоғам үшін адам өмірінен артық құндылық жоқ. Олай болса, біз де өз кезегімізде әрбір қазақстандық азаматтың өмірін сақтап қалуға, соның ішінде балалардың өміріне төнген қауіпті сейілтуге аса ден қоюымыз керек. Мемлекеттік жәрдемдерден бөлек, ел ішіндегі осындай бастамашыл топтар мен қоғамдық ұйымдарды қолдауға, көмек көрсетуге ниет танытқанымыз абзал. Өйткені, әр істің артында үлкен жүректі, кең пейілді һәм көңілі мейірге толы жандар тұр. Олардың да басты мақсаты сол – әр баланың жүзінен күлкі, әр ананың көзінен бақыт жасын, әр әкенің келбетінен тыныштық көру.

Дәурен Махимов,
«pricom.kz» сайтының бас редакторы

Related posts

Скринг саулықтың кепілі ме?

ttjk

ОТАНДЫҚ МЕДИЦИНАНЫҢ ҚАУҚАРЫ

ttjk

«Шеврон» қаржыландырылған жобаның жемісі

ttjk