ОТАНДЫҚ МЕДИЦИНАНЫҢ ҚАУҚАРЫ

1 орын

ОТАНДЫҚ МЕДИЦИНАНЫҢ ҚАУҚАРЫ

(НЕМЕСЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЛАР МЕН ДЕМЕУШІЛЕРДІҢ ҮЛЕСІ ҚАНДАЙ?)

Жарияланған сайт: baq.kz

Авторы:Әсел ЖАҚСЫБАЙ

Сілтемесі:https://baq.kz/otandyq-meditsinanyn-qauqary-287570/

Жарияланған күні: 19.09.2022

***

«Тәуелсіздікті алғанымызға 30 жыл толғанымен, елімізде тұралап қалған тұстарымыз өте көп»  деп, үнемі көңіліміз көншімей, ұшы-қиыры жоқ дау-дамайлармен даурыға беруді әдетке айналдырып алғандаймыз-ау… Шынымен де кейбір салалардың әлдеқашан дамып кеткен елдер қатарының «шаңына» да ілесе алмайтындары бар шығар, бірақ бүгінгі әңгіме отандық медицинаның кейінгі он жылдықтағы аяқ алысына қатысты біраз жайтты еріксіз қозғауға әкеліп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БАҚ саласында қызмет атқарып жүргеннен кейін де болар, ел ішіндегі ақпаратттарды шама келгенше назардан тыс қалдырмай, санаға «жүктей» беретініміз рас. Ғаламтордың ғаламатына бір кенеліп отырған осындай сәттердің бірінде алдымнан AYALA қайырымдылық қоры шыға келді. Бақсам, қордың мақсаты – балалардың өмір сүру сапасын сақтауға және жақсартуға, олардың денсаулығын нығайтуға, әлеуметтік бейімделуге және білім алуға көмектесуге бағытталған. Отандық медицинаның дамуына әжептәуір үлес қосып, Қазақстанда 2007 жылдан бері нақты жобалармен қызмет атқарып келе жатқан қор 15 жыл ішінде 200 000 нан астам баланы ажал аузынан аман-есен алып қалған екен. Жүрегім шымыр ете қалды. Өзінің сәбиі іштен күрделі диагноз қойылып, ақыры сол дертті жеңе алмай, сәбиінен бір жарым жасында айырылып қалған дәрменсіз ана ретінде мен науқас бала мен мүмкіндігі шектеулі сәбилердің анасын, жан-дүниесін толыққанды түсіне аламын. Оқырмандарға сәл түсініктірек болуы үшін, басымнан өткен оқиғаны қысқаша баяндай кетейін.

2010 жылы мен екінші сәбиге жүкті екенімді білгеннен кейін Павлодар қаласында емханаға есепке алындым. Басында бәрі ойдағыдай еді, 6 шы айға жеткенімде кезекті ультра дыбыстық зерттеуге (УЗИ) бардым. В.Ким есімді дәрігер көзіме тура қарап: «сіздің балаңызда өте күрделі жүрек ақауы бар, менің берер кеңесім – жүктілікті тоқтату» деді. Ол кездегі аласұрып, сергелдеңге түскенімді сөзбен айтып жеткізе алмаспын… Жүрегі қалыпты соғып, күн сайын іште қимылдап жатқан шарананы уколдың күшімен жүктілікті тоқтатып қою дегенді менің миым мүлде қабылдай алмады. Павлодар облыстық емхана-ауруханалардың бәрі де түгел тексеріп, ақылдаса келе мені жолдамамен елордадағы «Ана мен бала» орталығына жіберді.

Тұңғышымыз қыз, іштегі шарананың УДЗ арқылы  ұл дегенін анық білеміз. Астаналық дәрігер мамандардың аузынан «бізден ағаттық кетті, балаңыз сап-сау екен» деген бірауыз жылы сөзді ғана күтеміз. Бірақ олай болмады, өкініштісі сол, шетелдік дәрігер мамандар да толық тексерістен өткізіп келген бір ғана шешім – жүктілікті тоқтату болды.

Жүрегімнің астында жүрегі соғып жатқан бауыр етім баламды мен «бөлшектетіп» тастауға жол бермедім. Жаратқанға жалбарынуыммен қатар, дәрігерлерге де жалынып, баланы табиғи жолмен өзім босануға рұқсат алдым. Алла қанша ғұмыр береді, сонша сүрсінші деп көз жасым көл болған-ды… Ақ халатты абзал жандар менің шешіміммен келісті. Әйтсе де «анасы, есіңізде болсын, бала бірнеше күн ғана өмір сүруі мүмкін, бәріне де дайын болыңыз» деген кеңестерін күніне бірнеше мәрте қайталайтын. «Басқа түссе – баспақшыл» демекші, шарасыз ананың сол күйін ешкімнің басына бермесе екен… Қысқасы, сәбиіміз дүниеге келді де тура бір жарым жасында бір-ақ күнде ыстығы тым жоғары көтеріліп, бізді тастап кете барды… Бір жарым жыл ішінде үнемі дәрігерлер бақылауында болды, өкініштісі сол, «жүректе жалғыз асқазаншық» деп аталатын күрделі диагнозға Қазақстанда ем табылмады. Қытайда операция жасалуы мүмкін, бірақ ол отаны көтере алуы үшін баланың салмағы 10 кг.жетуі тиіс деді мамандар. Қыруар қаржыны талап еткенімен, бауыр етің балаң үшін барыңды аямайтының рас, бірақ біз оған да жетпедік. Сәбиіміз бір жарым жасқа толғанымен, салмағы бар жоғы – 7 кг болған-ды.

Ендігі білуімше, қазір елімізде жаңа туған, шала туған нәрестелердің өмірін сақтап қалуда  AYALA қайырымдылық қорының қосып отырған үлесі – ұшан теңіз. Қайырымдылық қоры күні бүгінге дейін еліміздің 67 қаласындағы 263 Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау мекемелеріне көмек көрсеткен.  Жобаларды іске асыруға  4 млрд теңгеден астам қаражат көзін тапқан.

– 2022 жылдан бастап біздің қорымыз балалардың туғаннан бастап мүгедектігін азайту жөніндегі міндетке көбірек көңіл бөледі. 2008 жылдан бастап Қазақстан тірі туудың халықаралық критерийлері бойынша жұмыс істейді. Біздің перинаталды орталықтарымызда дене салмағы 500 граммнан төмен және өте төмен балалар туыла бастады. Өкінішке орай, көптеген жағдайларда өмірлік маңызды жүйелердің жетілмегендігіне байланысты дене салмағы өте төмен шала туылған нәрестелерде мүгедектік аурулар, соның ішінде шала туылған ретинопатия тіркеледі.

Жыл сайын Қазақстанда 1000-ға жуық нәресте түрлі диагнозбен тіркеледі. Осы жылдың мамыр айында AYALA қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен шала туған нәрестелердегі ретинопатиямен сырқаттанушылықты төмендету бағытындағы күш-жігерді үйлестіру туралы Меморандумға қол қойды. Біздің Қор Қазақстандағы 14 перинаталдық және ғылыми орталықтарды ретинопатияны хирургиялық түзету үшін офтальмоскоптармен және лазерлік қондырғылармен қамтамасыз етуді өз міндетіне алды.

Қазіргі уақытта біз жаңа туған нәрестелерді тексеру және көз патологиясы мен ауруларын анықтау үшін 12 офтальмоскоп және шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеу үшін 4 лазерлік жүйе сатып алдық. Сонымен қатар, біздің Қор ҚР Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде ангиогенез тежегіштерін интравитеральді енгізу жолымен ретинопатияның белгілі нысандарын дәрілік емдеу жөніндегі клиникалық хаттаманы ресми мақұлдауға ықпал етті. Келесі қадамдар – шала туылған нәрестелердің ретинопатиясын дәл диагностикалау үшін торлы камераларды сатып алу. Бұл аса қымбатқа түсетін жүйелер, біз оларға демеушілерді белсенді түрде тартамыз, – дейді қайырымдылық қорының өкілі Ксения Манджгаладзе.

Бүгінде қор Оңтүстік Корея клиникаларымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған.  «Бұл серіктестік отандық медицинаға не береді?» деген сауалға да жауап алдық.

– Қор 2016 жылдан бастап Пусан ұлттық университетінің госпиталімен  білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда. Біз Оңтүстік Кореяның медициналық мекемесін қорымыздың барынша ашық жұмысының және балалар өмірін құтқару ісіне шын жүректен берілген қызметкерлердің арқасында қазақстандық дәрігерлердің біліктілігін арттыру бағдарламаларының негізгі серіктесі ретінде таңдап алдық.

Оңтүстік Кореяның медицина мамандары Қазақстанға балалар ауруханаларының пациенттерін бірлесіп қабылдау үшін жиі келеді. Олар бүгінге дейін  450-ден астам тегін консультациялар, сондай-ақ қазақстандық дәрігерлер үшін оқыту шеберлік сағаттары мен практикалық семинарлар өткізді.

AYALA қоры сондай-ақ Пусандағы қазақстандық балалар ауруханаларының дәрігерлері үшін біліктілікті арттыру курстарында оқып, тәжірибе жинақтауды қамтамасыз етеді. Барлық басқа шығындар – тұру, тамақтану, оқуды серіктестер өз мойнына алады. Біздің ынтымақтастығымыз барысында 15 қазақстандық дәрігер, оның ішінде ортопедтер, нейрохирургтер және  онкологтар мен травматологтар Оңтүстік Кореяда екі апталық тағылымдамадан өтті. Біздің дәрігерлер операцияларға, медициналық тексерулерге, дәрістер мен шеберлік сабақтарына қатысты, – дейді қайырымдылық қор өкілдері.

Қор қызметкерлерінің айтуынан бөлек, дәл осы қайырымдылықтың шарапатын көрген отандық медицина мамандарының біразын да арнайы әңгімеге тартып көрдім. Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы № 2 көпбейінді облыстық аурухана құрамында акушерлік бөлімшесі бар. Аталған медициналық орында қызмет атқарып жүрген ақ халаттылар AYALA қорына алғыстарын айтып, ағынан жарылды.

– Жыл сайын біздің ауруханада 3 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Біздің аурухана 2010 жылдан бастап AYALA қайырымдылық қорымен жұмыс істейді. Қор біз үшін күрделі де қиын кезеңдерде үнемі көмекке келіп,  демеушілік көрсетеді. Қайырымдылық қорының арқасында біздің аурухана жабдықтары да жаңартылып, заманауй құрылғылармен толықты. Нақты тоқтала кетсем, жаңа туған нәрестелерді «Реанимациялау бөлімшесі» шала туған балаларға және тыныс алу жүйесінде ақауы бар балаларға реанимациялық көмек көрсету үшін ИВЛ аппаратын, жылытылатын реанимациялық үстелдерді сатып алды, босандыру бөлімшесінде жүктілік және босану кезінде ұрықтың құрсақішілік жағдайын бақылау үшін кардиотокография аппараттарымен қамтамасыз етілді. Биылғы жылы Қор туа біткен даму ақауларын ерте анықтау бойынша жүкті әйелдердің ультрадыбыстық скринингін жүргізу үшін сараптамалық кластағы УДЗ аппаратын да жеткізіп берді.

Қордың ықпалымен біздің аурухана базасында жүкті әйелдер скринингімен айналысатын Ультрадыбыстық диагностика дәрігерлеріне арналған республикалық семинар және шеберлік сағаттары да жиі ұйымдастырылып тұрады, – дейді Ақмола облыстық №2 көпсалалы облыстық аурухана директорының босандыру және балалар жағдайы жөніндегі орынбасары Айгүл Қожағапарова.

Аңғарғанымыздай, AYALA қоры елімізде медициналық тәжірибеге жаңа туған нәрестелердегі қиын жағдайларда емдеудің және алдын-алудың инновациялық әдістерін енгізуге көмектесіп келеді. Жыл сайын ірі демеушілердің, оның ішінде «Шеврон» компаниясының қолдауымен біліктілікті арттыру курстарынан Қазақстанның ірі қалаларында орналасқан перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың 150-ге жуық дәрігері өтеді екен. Бәрінен де ерекше назар аудартқаны, алпауыт ірі компаниялар демеушілігінің арқасында ел азаматтары  шетелге шықпай-ақ, отандық тегін медицина көмегіне қол жеткізе алады. Осы орайда басымнан өткерген қиындықты ешкім еңсермесе екен деген ниетпен балалар кардиохирургін де сөзге тартқан едім.

Қазір біздің орталықтағы мамандар қабілеті мен біліктілігі әлдеқайда жоғары. Көп мамандарымыз шетелдік әріптестерден тәжірибе алмасты. Бүгінде жаңа туған жүрегінде түрлі ақауы бар сәбилерге елімізде дер кезінде тегін оталар жасалады. Біздің ғылыми институтта сәби жүректері ақауының барлық түріне ота жасауға қауқарлы. Тәжірибе көрсеткендей, айына мың балаға ота жасалады. Бәрі де тегін. Бастысы, диагноздың нақты әрі дұрыс қойылуында. Кардиорталықтар өңірлерде де ашылып жатыр, – дейді Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының бас кардио-хирург дәрігері Шухрат Ескендірұлы.

Иә, жаңа туған сәби жүрегіне күрделі ота жасау – оңай іс емес. Бірақ осы салада ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аясындағы мемлекеттік қаржыландыру көздерінен бөлек, өзге де отандық демеушілердің бала денсаулығына барынша мән беруі ерекше қуанышқа бөлейтіні рас. Бала – біздің болашағымыз. Мұны ескерген мемлекет басшысы да биылғы жылды «Балалар жылы» деп қабылдауында үлкен мән жатыр.

Баласы туа бітті  дертке шалдыққан ата-аналардың алғысын арқалап жүрген аяулы жандар мен AYALA қайырымдылық қоры жайлы үнсіз қала алмауымның себебін де түсінген шығарсыздар… Балалар ауырмасын!

Әсел ЖАҚСЫБАЙ

Related posts

Озған ел болуға тозған жүйе кедергі

ttjk

Скринг саулықтың кепілі ме?

ttjk

«ӘЛЕУМЕТ – ҚОҒАМ АЙНАСЫ»-2023 ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫ

Назия Жоямергенқызы