Halyk Bank-тің PR менеджері Қаракөз Ыдырыс «Еркін сөз» шығармашылық байқауының он жылдық мерейтойымен құттықтап, жобаның отандық журналистиканы дамытудағы және халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудағы маңызын атап өтті.
Он жыл ішінде «Еркін сөз» байқауы қазақтілді журналистерді қолдайтын, кәсіби тәжірибе алмасуға және сапалы контентті дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды. Осы кезеңде байқауға 7 493 материал ұсынылып, 27 негізгі марапат пен 26 ынталандыру сыйлығы табысталды. Жобаға Астана, Алматы қалалары мен еліміздің барлық өңірлерінен журналистер қатысып келеді.
«Halyk Bank атынан және өз атымнан “Еркін сөз” байқауының он жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл белес – жүйелі еңбектің, кәсіби ізденістің және нәтижелі ынтымақтастықтың айқын көрінісі. Байқаудың жыл сайын жаңа қатысушыларды тартып, журналистер арасында сұранысқа ие болуы оның маңызын көрсетеді», – деді Қаракөз Ыдырыс.
Оның айтуынша, Halyk Bank үшін журналистиканы қолдау – қоғамның қаржылық мәдениетін қалыптастыруға қосылған маңызды үлес. Банк қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында Түркітілдес журналистер қорымен ынтымақтастық орнатып қана қоймай, мемлекеттік органдармен де бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, егде жастағы азаматтарға арналған қаржылық сауаттылық семинарларын ұйымдастырады. Олардың негізгі мақсаты – азаматтарды алаяқтық әрекеттерден сақтандыру, қаржылық қауіпсіздігін нығайту және жинақтарын қорғауға көмектесу.
«Бүгінде қаржылық өнімдер мен цифрлық технологиялар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Осындай кезеңде журналистердің рөлі ерекше. Сапалы әрі түсінікті ақпарат адамдарға экономикалық үдерістерді дұрыс бағалауға, саналы қаржылық шешім қабылдауға көмектеседі. Сондықтан біз журналистиканы қолдауды қоғамның қаржылық сауатын арттыруға салынған ұзақ мерзімді инвестиция деп білеміз», – деді банк өкілі.
Қаракөз Ыдырыс Түркітілдес журналистер қорына көпжылдық серіктестігі үшін алғыс білдіріп, байқауға қатысушылардың кәсібилігі мен шығармашылық ізденісін жоғары бағалады.
«Он жылдық тәжірибе ортақ құндылықтар мен сенімді әріптестіктің нақты нәтижеге жеткізетінін дәлелдеді. Байқаудың барлық қатысушыларына шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер тілеймін. Материалдарыңыз қоғамға пайдасын тигізіп, еліміздің дамуына үлес қоса берсін. Алдағы уақытта да әріптестігіміз нығайып, жаңа бастамаларды бірге жүзеге асырамыз деп сенемін», – деді Қаракөз Ыдырыс.
«Еркін сөз» байқауының он жылдық белесі – қазақ журналистикасын қолдау, кәсіби әлеуетті арттыру және қоғамға пайдалы ақпаратты насихаттау жолындағы нәтижелі серіктестіктің көрінісі.
