ТҮРКИЯ МЕМЛЕКЕТІНЕ – 95 ЖЫЛ

29 қазан – бауырлас Түркия мемлекетінің құрылған күні. Осы орайда, Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен, Түркияның Қазақстандағы Бас Консулы Рыза Қаған Йылмаз мырза бүгін қазақ журналистермен кездесті. Бас Консул мырза кездесу барысында БАҚ өкілдеріне Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси-экономикалық, дипломатиялық, тарихи және рухани мәселелер жайлы мағлұмат берді. Оның айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның бастамасымен, екі ел арасындағы сауда айналымын жуық арада 10 миллиард долларға жеткізу мақсат етілген. Ежелгі Жібек жолын жаңғырту мақсатында қолға алынған «Заманауи Жібек жолы» жобасы мен жуырда ғана іске қосылған Баку-Тбилиси-Карс теміржол торабы бауырлас елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайта түсері анық. Бүгінде қазақ және түрік инвесторлары мұнай, мал шаруашылығы, азық-түлік, фармацевтика мен экономиканың басқа да салаларында өте белсенді. Түбі бір түркі елдері саяси, мəдени, рухани бағыттағы байланыстарын Түркі Кеңесі, ТҮРКСОЙ, Түркі Академиясы халықаралық ұйымдар шеңберінде дамытып келеді. Ирак, Сирия сияқты соғыс өрті өршіген аймақтарда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де Қазақстан мен Түркияның мүддесі ортақ. Бас Консул Рыза Қаған Йылмаз мырза Түркияның қайырымдылық шараларына баса назар аударатынын айтты. Мəселен, түріктер Жер шарындағы көмекке мұқтаж аймақтарына 8 миллиард долларға жуық қаражат бөлген, соғыс болып жатқан елдердің азаматтарын шекарадан кедергісіз өткізіп, азық-түлік, баспанамен қамтамасыз еткен. Осының нәтижесінде, Түркияда жүрген сириялықтардың өзі 4 миллионнан асқан. Түркияның адам құқықтарын қорғау мен гуманитарлық көмек көрсету жобалары жайлы қазақ журналистерге кеңінен әңгімелеп берген Бас Консул қайырымдылық шараларында, мемлекеттердегі саяси тұрақтылықты орнатуда да Қазақстан мен Түркияның мүддесі ортақ екенін айтты: «Сириядағы қантөгісті тоқтатуда Түркия мен Қазақстан тізе қоса əрекет етіп келеді. Сондай-ақ, 2016 жылдың 15 шілдесінде Түркияда əскери төңкеріс жасауға тырысқан фетуллахшылардың (FETÖCÜLER) қылмысынан кейін Түркияға ең бірінші ресми сапармен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың келуі – кездейсоқтық емес. Бауырлас ел – Түркияға деген рухани қолдауы деп білеміз».
БАҚ өкілдеріне аса құнды ақпараттар беріп, қонақжайлық танытқан Рыза Қаған Йылмаз мырзаға Түркітілдес журналистер қоры мен қазақ журналистер атынан алғыс айтамыз.

Related posts

ӘЗІРБАЙЖАН ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ҰЛЫҚТАУ РӘСІМІ

ttjk

«Қазақ даласындағы Оғыз тарихи мұрасы»

ttjk

АНТАЛИЯДА HESTOUREX-2019 ТУРИЗМ КӨРМЕСІ ӨТЕДІ

ttjk