Halyk Bank-тің PR менеджері Қаракөз Ыдырыс «Еркін сөз» шығармашылық байқауының он жылдық мерейтойына орай жобаның отандық журналистиканы дамытуға және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға қосқан үлесін атап өтті.
Он жыл ішінде «Еркін сөз» байқауына еліміздің барлық өңірінен журналистер қатысып, жалпы саны 7 493 материал ұсынылған. Осы кезеңде үздік авторларға 27 негізгі марапат пен 26 ынталандыру сыйлығы табысталды.
Қаракөз Ыдырыстың айтуынша, байқау қазақтілді журналистерді қолдайтын және қаржы-экономикалық тақырыптағы сапалы ақпараттың таралуына ықпал ететін маңызды кәсіби алаңға айналды.
«Halyk Bank атынан және өз атымнан “Еркін сөз” байқауының он жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Бұл – жүйелі жұмыстың, кәсіби ізденістің және нәтижелі серіктестіктің көрсеткіші. Байқаудың он жыл бойы өзектілігін сақтап, еліміздің түкпір-түкпірінен журналистерді біріктіруі оның маңызын айқындайды», – деді ол.
Банк өкілі қаржылық сауаттылықты арттыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның сөзінше, қаржылық қызметтер мен цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып жатқан кезеңде тұрғындарға сенімді әрі түсінікті ақпарат ұсыну маңызды.
Halyk Bank бұл бағытта Түркітілдес журналистер қорымен ынтымақтастықтан бөлек, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, егде жастағы азаматтарға арналған қаржылық сауаттылық семинарларын өткізіп келеді. Іс-шаралар азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғауға, жеке қаражаты мен жинақтарын қауіпсіз басқаруға бағытталған.
«Сапалы журналистика адамдарға экономикалық үдерістерді түсінуге және саналы қаржылық шешім қабылдауға көмектеседі. Сондықтан мұндай бастамаларды қолдау – қоғамның қаржылық мәдениетін қалыптастыруға қосылған ұзақ мерзімді үлес», – деді Қаракөз Ыдырыс.
Сондай-ақ ол Түркітілдес журналистер қорына көпжылдық ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, байқау қатысушыларына шығармашылық табыс тіледі.
«Он жылдық тәжірибе ортақ құндылықтар мен сенімді әріптестіктің нақты нәтижеге жеткізетінін көрсетті. Алдағы уақытта да ынтымақтастығымыз нығайып, жаңа бастамаларды бірге жүзеге асырамыз деп сенемін», – деп түйіндеді Halyk Bank өкілі.
