2026 жылдвң11 қарашасында Алматыда Түркітілдес журналистер қорының Halyk Bank-пен серіктестікте ұйымдастырған «Еркін сөз – 2026» шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Биыл байқаудың өткізілгеніне он жыл толды.
Байқау қаржы-экономикалық журналистиканы дамытуға, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға және жеке қаржы, банк қызметтері мен қаржылық қауіпсіздік мәселелерін жариялайтын журналистерді қолдауға бағытталған.
Бас жүлделер үш аталым бойынша табысталды:
* «Үздік ақпараттық сюжет» — «24KZ» телеарнасының тілшісі Еркебұлан Смадияровқа;
* «Үздік мақала» — «Жамбыл-Тараз» облыстық газетінің журналисі Арайлым Шабденоваға;
* «Сайттағы үздік мақала» — El.kz интернет-басылымының журналисі Амангүл Тілейқызына.
Еркебұлан Смадияровтың ақпараттық сюжетінде тауарды бөліп төлеуге сатып алу шарттары, пайыздық үстемелер және олардың тұтынушы бюджетіне түсіретін салмағы қарастырылған. Материал қаржылық міндеттеме қабылдар алдында төлем талаптары мен сатып алудың толық құнын бағалау мәселелерін көтереді.
Арайлым Шабденованың «Алаяқтар айылын жияр емес» мақаласы қаржылық алаяқтық мәселесіне арналған. Ал Амангүл Тілейқызының «ЖИ қаруға айналды: алаяқтардың жаңа айла-тәсілдерінен қалай қорғанамыз?» жарияланымында жасанды интеллектіні алаяқтық мақсатта пайдалану тәсілдері мен азаматтардың қорғану жолдары қарастырылған.
Жеңімпаз материалдар тұтынушылар үшін маңызды бірнеше бағытты қамтиды. Олардың қатарында қаржылық өнімдердің құнын бағалау, төлем талаптарын түсіну, алаяқтық белгілерін анықтау және жеке деректерді қорғау бар. Бұл тақырыптарды жариялау деректерді тексеруді, экономикалық ұғымдарды дұрыс қолдануды және қаржылық қызметтердің нақты шарттарын түсіндіруді талап етеді.
Halyk Bank он жылдан бері «Еркін сөз» байқауының тұрақты серіктесі болып келеді. Банк пен Түркітілдес журналистер қорының ынтымақтастығы қаржы-экономикалық тақырыпта жұмыс істейтін журналистерді қолдауға және халыққа түсінікті әрі сенімді ақпараттың таралуына ықпал етуге бағытталған.
Қаржылық журналистикада мәліметтердің дәлдігі, қорытындылардың негізділігі және тұтынушы шешімдерінің экономикалық салдарын түсіндіру маңызды. Несие, жинақ, төлем құралдары және цифрлық қаржы қызметтері туралы сапалы материалдар азаматтарға ұсыныстарды салыстыруға, шығындарды есептеуге және ықтимал тәуекелдерді ескеруге көмектеседі.
«Еркін сөз» байқауы республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында қаржы-экономикалық мәселелерді қазақ тілінде жариялайтын журналистерге кәсіби қолдау көрсетеді. Жобаның негізгі міндеті — азаматтардың қаржылық сауаттылығы мен хабардарлығын арттыруға қажетті сапалы журналистік материалдардың әзірленуіне ықпал ету.
