Қорғаныс министрлігі әскерилерден 23 млрд теңге даулап алмақ. Жәбірленушілердің талабы ескеріле ме?

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қорғаныс министрлігінің өтінішін қанағаттандырып, төрт әскери қызметкерден 23,7 млрд теңге залал өндіріп беруге шешім шығарды.

Сот оқиғаның бэкграундын былай баяндаған:

«2021 жылдың 26 тамызында сағат 18:40 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қайнар жол торабында орналасқан қорғаныс министрлігінің №28349 әскери бөлімінің инженерлік оқ-дәрілер қоймасының бірінен өрт шығып, ол жарылысқа әкеп соқтырды. Соның салдарынан 18 адам қаза тапты».

Соттың мәліметіне сүйенсек, осы жарылыстан бірнеше адам зардап шегіп, мемлекет пен жеке тұлғаларға аса ірі мөлшерде залал келген.

«Қорғаныс министрлігі сотқа берген төрт адамның кінәсін Шымкент гарнизонының әскери соты былтыр 20 қазанда және Әскери соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2024 жылғы 13 наурызда дәлелдеген», — деп жазған Шымкент соты.

Осылайша сот төрт адамнан министрліктің пайдасына 23 764 530 881 теңге өндіру туралы шешім шығарған. Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, 2021 жылы тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімшесінің қару-жарақ қоймасы жарылып, 18 адам көз жұмған.Тағы 82 адам жараланған. Осы оқиғадан кейін жақын маңдағы ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.

Бұл іс бойынша 250-ден астам адам жәбірленуші ретінде танылған. Бірақ жараланғандар мен мүлкі бүлінгендер осыған дейінгі сот отырыстарында жарылысқа төрт сарбаз кінәлі дегенге сенімсіздік танытатындарын айтып келеді.

Related posts

Поздравление Главы государства Касым-Жомарта Токаева с Международным женским днем

ttjk

Алматы тасымалдаушылары қоғамдық көлікте қолма-қол төлемді алып тастауды сұрайды

Назия Жоямергенқызы

ЖУРНАЛИСТЕР БАЙҚАУЫ — “ЕРКІН СӨЗ”-2021

ttjk