Жеңістің 80 жылдығы – ел рухын көтерген ұлық мереке Алматыда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шара өтті

 

Алматы қаласында Жеңістің 80 жылдығына орай ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – 28-ші гвардияшы-панфиловшылар саябағында өтті. Бұл тарихи саябақта өткен салтанатты рәсімге ардагерлер, әскери қызметкерлер, қоғам қайраткерлері және қала тұрғындары жиналды.

Мерекелік іс-шара барысында жиналған жұртшылық «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Қанды қырғында жанын пида еткен боздақтарға деген құрмет ретінде соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Ардагерлер мен олардың ұрпақтары жүрек тебірентер естеліктерімен бөлісіп, өлең оқып, ән шырқады.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Үсен Шәкенов жастарға патриоттық тәрбие беру керектігін баса айтып:
«Бүгінгі Жеңіс күнінің 80 жылдық мерейтойы құтты болсын! Сіздерді, жасөспірімдерді Отан сүйгіштікке тәрбиелеп, патриоттық сезімдеріңізді оятуды тілеймін. Барлығыңыз тек қана биік жетістіктерге жете беріңіздер! Әрқашан заманымыз тыныш, халқымыз аман болсын!» – деп тебірене тілегін жеткізді.

Салтанат аясында қазақтың қаһарман ұлдары – Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов сынды батырлардың ескерткіштеріне де гүл шоқтары қойылды. Сонымен қатар, «Отан ұлдарына мәңгілік тағзым» және «Белгісіз жауынгер» мемориалдары назардан тыс қалмады.

ҚР Мәдениет қайраткері Нұржамал Әшімхан бұл күннің ерекше маңыздылығын атап өтті:
«Бүгін ерекше күн. Ерекше сәт. Бүгінгі сол ерекше сәтте айналамыздың бәрі мерекеге толы. Әрқашан Жеңіс күнін тойлай берейік», – деді ол.

Алматы қаласында қазіргі таңда 21 соғыс ардагері тұрады. Олардың құрметіне және бейбіт өмір сыйлаған ерліктеріне тағзым ретінде қала бойынша 200 көшет отырғызылды. Ал 28-ші панфиловшылар саябағы аумағында арнайы 29 ағаш егілді. Бұл – ұлт батырына тағзым әрі болашаққа бейбіт өмірдің белгісі.
Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы Компьютерлік технологиялар кафедрасы Медиажурналистика мамандығының 1-курс студенті Нұрай Даулетжанқызы

Related posts

БҮКІЛ ӘЛЕМДІ ЖАУЛАҒАН ІНДЕТ

ttjk

Жер учаскелері мемлекетке қайтарылды

editor

Келер жылы әскер қатарына 41 706 азамат шақырылады

editor