ЖАСТАР — ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ

Еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауының түп негізі тереңде жатыр. Бұл бағдарлама аясында болашаққа нық қадаммен бетбұрыс алған тәуелсіз еліміз — дүниежүзі елдерімен терезесін тең ұстап, мәңгілік мәуелі елге айналу барысында, салауатты да саналы ұрпақтың тигізер пайдасы мол екенін атап көрсеткен. Қоғамның даму үрдісін ілгерілетудің жетекші күші — жастар екені ақиқат. Ал болашақ мемлекетіміз ұрпаққа деген сабақтастықтан туындайтын дүние болғандықтан, әр халықтың болашағы жастарына тәуелді екені даусыз мәселе.
«Жастар жас шыбық тәрізді. Қалай исең, солай иленуге әзір. Егер бүгін жастар өз халқының рухымен тәрбиленіп өспесе, онда елдің келешегі бұлыңғыр болмақ. Сол себептен, бүгінгі ұлт өмірін өркендетуші егемен елдің белсенді де сауатты, ұлтжанды, рухы биік, парасатты ұрпағын болашақ еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу, жастардың ойын да, бойын да түзу өсіруге ат салысу — қоғам алдына қойылған басты міндеттердің бірі» -деп есептейді Елбасымыз..
Қазақстан бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық жаңару мен саяси демократия кезеңінде. Сондықтан, қазіргі дамыған заманда жастар уақыттың кез-келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп бере алуы керек. Санасы сергек, замандық технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өте алмақ. Өскелең ұрпақтың бүгінгі келбеті еліміздің ертеңін елестетеді. Ал ел ертеңін қалыптастыру білім беруді жаңғыртудан басталады. Өскелең ұрпақ әрдайым заман ағымына сай бейімделуіне бүгінде республикамызда білім беру әдістемесіне өзгерістер енгізілуде : «Үш тұғырлы тіл», заманауи IT-технологиясын енгізу, робототехника сияқты жаңашылдықтарға баса назар аударылуда.. Сонымен қатар жастарды түрлі саладағы қызметтермен қамту мәселесі бойынша бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарламалар жастарды жұмыспен қамтып қана қоймай, біліктілігін арттыруға, мамандығын ауыстыруға, жаңа мамандықтарды игеруіне де көп көңіл бөледі. «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» сынды бағдарламалар еліміздің жастарына үлкен мүмкіндік береді. Еліміздің жастары қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алуда, ал елімізде білім алу үшін білім гранттары көбірек бөлінуде.
Халықтың қажетіне жарап, ұрпақтар мұратының орындалу жолында қызмет ету әрбір азаматтың міндеті. Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік, құрмет — азаматтықтың белгісі. Елін, жерін сүйетін адам ғана туған топырағының кешегісін бүгінімен, бүгінгісін ертеңімен жалғастыра алады. Бойында ұлттық намыс пен ұлттық мақтанышы бар жастар ғана өз еліне адал қызмет етіп, оның жарқын болашағына үлкен сеніммен қарайды.
Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясы атты Жолдауында «Біздің адам капиталын дамытудағы ұзақ мерзімді салымдар саясатымыздың арқасында қазіргі талантты жас ұрпақты өсірдік…» деген болатын. Осы сөздің негізінде еліміздің үкілеген үмітін ақтау үшін өскелең ұрпақ нағыз білімді, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген, нағыз өз елін сүйетін азамат болуы керек.
Қазіргі кезде «Жастар — еліміздің болашағы» деген сенімділік ұстанымы жиі айтылады. Ел болашағы — білімді ұрпақ еншісінде. Бүгінгі жастар — келешек ұрпақ. Ал, сол жастардың болашағы, Отанымыздың ертеңгі тағдыры өзіміздің бүгінгі қызметімізді қалай атқарып жүргенімізге тікелей байланысты. «Бірігіп көтерген жүк жеңіл» демекші «елім» деп лаулаған әрбір азамат ұлттық сананы жаңғыртып, мына өтіп жатқан ғаламдану, жаһандану үрдістеріне жұтылып, ұлт ретінде жойылып кетпейін десек, өскелең ұрпақтың бойын тәрбие нәрімен сусындатып, ойын білім ошағымен қыздыру мәселесін қолға алуға міндеттіміз.

Назым Наурызбекова

Related posts

ҰСТАЗДАРДЫҢ ОРНЫ БӨЛЕК

ttjk

ТРЕТИЙ СЕЗОН ПРОКТА «ITeachMe»

ttjk

БІЛІМ ШЫҢДАЙТЫН БАЙҚАУ

ttjk