Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезеңінің нәтижесінде теңіздегі су көлемі 42 пайызға ұлғайып отыр. Теңіздің су көлемі 27 миллиард текше метрге жеткен. Судың тұздылығы төрт есеге жуық төмендеп, жыл сайынғы балық аулау көрсеткіші 8 мың тоннаға дейін артқан.
Су ресурстары және ирригация министрлігі «Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасын әзірлеп жатыр. Жоба 3 негізгі бағытты қамтымақ. Соның ішінде Солтүстік Арал теңізінде су жинақтаудың көлемі мен тиімділігін арттыру да қарастырылып отыр. Есте болса Су ресурстары және ирригация министрлігі былтыр Аралға 2,6 млрд текше метрге жуық су жіберген. Суару кезеңінде рекорд көлемі 1 миллиард текше метр су барды.
Министрлік бұл Сырдария суын дұрыс бөлу және оны үнемдеудің нәтижесінде мүмкін болып отырғанын мәлімдеген. Салыстырмалы түрде 2022 жылы Аралға бар болғаны 816 млн текше метр су жіберілген екен. «Бұл нәтижелер — соңғы екі жылда жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі. Біз су үнемдеу, трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын әділ бөлу мәселесінде көршілес елдермен өзара түсіністікке қол жеткізіп, нақты қадамдар жасадық. Алдағы уақытта да осындай келіссөздерді жалғастыра отырып, маңызды су қоймаларының деңгейін тұрақты ұстап тұруға бар күшімізді саламыз. Аралды қалпына келтіруге бағытталған жоба ең алдымен өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр», дейді ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов.