Назерке Серікболқызы: Мақсатым – халыққа қызмет ету

Кәсіпкерлік – жұмыс арқылы жеке меншік қалыптастыратын кез-келген заңды тұлғаның немесе азаматтардың белсенді ісі. Осындай қарқынды бәсекелестік тудыратын кәсіпті дөңгелетіп отырған талапты ару – Назерке Серікболқызы. Ол қазіргі таңда таңдаған мамандығы емес, туған ауылына ( Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Бірлік ауылы ) оралып, атадан дарыған қасиетті өнерді жалғастырып отыр. Жоғарғы оқу орнына түспей тұрып-ақ, тігін тігуге қызығушылық білдіріп, қолы қалт еткен жағдайда осы іске әуестеніп, құрақ құрап, туыстарына қажетті бұйымдарын тігіп беріп отырған. Оқу бітірген соң өз жеке кәсібін ашуға бел буған. Біз шағын кәсібіне « Назерке алтын өрнек тігін шеберханасы» деген атау беріп, қабілетін одан ары дамытып жүрген іскер бұрымдымызбен сұхбаттаспақпыз.
– Сіздің біраз уақыттан бері бұл салаға қызығушылықпен қарап келгеніңізді білдік. Кәсіпкерлікпен, жеке кәсіппен нақты қай жылы айналыса бастадыңыз?
– Мен жеке кәсіпкерлікке 2018 жылдан бастап келдім. Ұсынған « тігін шеберханасын ашу» жобам қолдау тауып, мемлекет тарапынан бөлінген 252500 теңге көлемінде грант жеңіп алып, сол қаражатқа құрал-жабдықтар, тігін машиналарын сатып алдым. Содан бері адал еңбегіммен өз жұмысымды атқарып келемін. Бұл жерде ең бастысы адамға ниет керек екен, кейінгісі ретімен жалғасты.
– Назерке, сіздің кәсібіңіз көп уақытты, төзімді қажет етеді. Сіз үшін ісіңіздің қандай да бір ауыртпалықтары бар ма?
– Жұмыстың оңайы жоқ демекші, ешнәрсе оңайлықпен келмейді. Алайда сүйіп істейтін шаруам болғандықтан, ондай көп ауыртпашылықтар туындатпайды.
– Кез-келген жұмыс өз жетістіктерімен өседі. Осы салада жеткен-жетістіктеріңіз жөнінде айтып өтсеңіз.
– Жұмыс жасағаннан кейін, оның бағаланғанын қалаймыз. Аса бір жоғарғы деңгейге шығып, үлкен жетістіктерге жете қойғаным жоқ. Бірақ, жасаған бұйымдарым өзге аймақтарда да, әзірге, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында көптеген сұраныс тудырып отыр. 2019 жылы аудан, облыс әкімдерінің алғыс хаттарымен, мақтау қағаздарына ие болдым. Ең бастысы халыққа ұнаса, елдің ақ батасы мен ризашылығын алып жүрсем болды. Бұйырса, алда жаңа жетістіктер мен биік белестер күтіп тұрғанына сенімім мол.
– Қазір еліміздегі індетке байланысты атаулы көмек жарияланып жатыр. Кәсіпкерлерге де осы көмек беріледі делінді. Сіз 42500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны алдыңыз ба және оның сәлде болса, пайдасы тиюде ме?
– Иә, қазіргі таңда республика көлемінде төтенше жағдайлардың болуына байланысты біздің де жұмысымыз сәл кідіріп, тоқтап қалды. Мен де 42500 теңгені алуға өтінім тастадым. Ол қаражат маған да бөлінді. Алайда сауда орындары, дүкендердің жабық болғандықтан, қажетті маталар да жоқ болып тұр.
– 2020 жыл президентіміз Қ.Тоқаевтың үкімімен « Еріктілер жылы» болып жарияланды. Көптеген азаматтарымыз өз қалауларымен тыңғылықты істер атқаруда. Сіз де, ерікті жұмыстарыңызды бастап кеткен боларсыз?
– Әрине, 2020 жыл « Еріктілер жылы» деп жарияланғаннан бері қолы ашық жандар, кәсіпкер жастар игі істер жасап жатыр. Біз де халыққа қолдау ретінде, елдегі төтенше жағдайға байланысты ауыл тұрғындарына тегін медицина маска таратқан болатынбыз. Алдағы уақытта, жыл аяғына дейін тағы да пайдалы істер жасаймыз деген ойдамын. Негізі жоспарда бар. Бастысы, қауіпті індеттен аман-есен арылсақ екен.
– Сұхбатыңызға көп-көп рақмет. Еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан: Балауса Нұрсұлтан,
Қызылорда облысы Қазалы ауданы
Бірлік ауылы 102 орта мектебінің 10 – сынып оқушысы.

Related posts

Ислам әлемінің «2023 жылғы туризм қаласы» – Шанлыурфа шақырады

ttjk

ОРАЛДАҒЫ ІТ-ХАКАТОН

ttjk

САЙИТ ЮСУФ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Назия Жоямергенқызы