Алланы сүй, Алланың хикметін сез…

Дос керек болса – Құдай бар,

Дұшпан керек болса – нәпсі бар,

Насихат керек болса – өлім бар!

Мәулана Руми

Адамзат болмысы мен өмірінің мәнін терең мағыналы жалғыз шумаққа сыйғызған ойшыл ақын, мистик Жәлаләддин Мәулана Румидің дүние салғанына биыл 747 жыл толды. Жалпы түрік елікөзінің тірісінде-ақ аңызға айналған тұлғаны пір тұтады. Оған қатысты атаулы күндерді ерекше атапөтіп, үлкен мән береді. Бірақ биыл пандемия күллі әлемнің апшысын қуырса да, сақтық пен қауіпсіздікті басты орынға қойған түрік елі еске алу шарасын лайықты деңгейде ұйымдастыра білді.

Бұл мереке бұрынғыдан өзгерек…

Жер-жаһанды жайлаған зұлмат індеттің белең алуына байланысты бұл салтанатқа көрермендер қатыстырылмады. Әрі тағылымға толы ізгі іс-шараның уақыты бір сағатпен шектелді. Ұйымдастырушылар мұны халықтың қауіпсіздігін басты орынға қойғандығымен түсіндірді. Дегенмен әулие жанның құрметіне арналған салтанатты әлеуметтік желілер мен телеарна арқылы тікелей эфирде көрсетіп, жан-жақты ақпарат таратуға күш салды. Басқосуға Түркия Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп, Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой, Конияның губернаторы Вахдеттин Өзкан және қасиетті Мәулананың 22-ші ұрпағы Эсин Челеби Байри ханым қатысты.

Алланы сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде одан басқа?

Дана Абайдың осы бір ұлағатты сөзі Мәулана ұстанымымен астасып жатыр. Мәулана әулие көз жұмар кезде өзінің шәкірттері мен қимас жандарынан аза тұтып жыламай, сабырға келуді өтініпті. Келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанар сәтті ол «Şeb-i Arus» (сүйіктісімен қауышу) деп атаған екен. Мұны «Ұлы Жаратушымен қауышу, Алламен дидарласу» деп түсінсек болады. Салтанатты шарада сөз алған Түркия Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой жасаған баяндамасын: «Мәулана бізге ұлағатты өмірді мұраға қалдырды. Қазіргі әлемге көз салсақ, адамдарға жақсылық жасап жүрміз дегендердің зұлымдыққа ұрынғанын көруге болады. Кеше де, бүгін де біз жақсы сөздің астарында жаман ниеттің жасырын тұратынын білдік. Жақсылықты қажет жерден ғана іздеу керек. Біз жіберген қателіктеріміз бен таңдаған жаңсақ жолымыздың жауапкершілігін өз мойнымызға алуымыз қажет. Таңдау жасағанда нәтижесі дұрыс болмаса, біз ешкімді кінәлай алмаймыз. Румиге иек артуымыздың себебі сол. Біз мұны түсінуге, түсіндіруге және өз басымыздан өткеруге тырысамыз», – деп қорытты.

O

Бұдан кейін Түрік Сопылық музыкалық ансамбліне кезек тиді. Өнерпаздар дәруіштердің шыркөбелек айналатын «Сема» биін орындады. Бұл салтанатты кеште әлемнің әр түкпіріндегі отыздан астам мемлекеттен келген журналистер де хабар таратты. Осындай ұлық мерекеге шетелдік әріптестермен бірге қатысу бақыты бізге де бұйырды.

Еркін Карин

Related posts

Вызовы и перспективы государственной службы были обсуждены 200 практиками, учеными и экспертами из 20 стран мира

ttjk

«Халық-Life» АҚ компаниясы 2021 жылғы 3 тоқсанның қорытындысын жариялады

ttjk

Түркия: гольф ойнауға өте ыңғайлы

Назия Жоямергенқызы