«Ұлттық құндылықтарды ұмытпаймын»

Отандық сән нарығында ұлттық нақыштағы өнімдер көп. Бұл ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға сеп болары анық. Бүгінгі әңгімеміз жас модель Әйгерім Бауыржанқызымен бірге сән нарығы туралы өрбіген еді.

– Қайырлы күн, Əйгерім əпке! Бүгінгі күні сізді сəн əлеміне енді ғана қадам басып келе жатқан жас модель ретінде танып жүрміз. Оқырмандарымызға өзіңіз жайлы толығырақ баяндап берсеңіз…
– Қайырлы күн! Мен Әйгерім Бауыржанқызы, киелі Түркістан қаласында 2000 жылы 14-қарашада дүниеге келдім. Қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Өнер факультеті Дизайн мамандығының 3-курс студентімін.
– Өте жақсы. Болашақта қандай өнер орталығында (подиумда, театрда) жұмыс жасағыңыз келеді?
– Кез келген өнер адамының өзіндік үлкен жоспарлары болары рас. Өнер саласына деген қызығушылығым қазіргі таңда танымал продюсер Баян Алагузованың арқасында пайда болған еді. Қазір өзімді тағы басқа да жан-жақты қырымнан дамытып осы продюсермен бірге бірлесе жұмыс жасағым келеді. Баян Алагузова тек эстрада жағына ғана емес сән әлеміне де үлкен үлесін қосып жүр. Сол арқылы мен де тек сән әлемінде ғана емес актерлік шеберлігімді де сынап көргім келеді. Жақында Алматы қаласына барған болатынмын. «Қазақ аруы-2020» ұлттық сұлулық байқауын өз көзіммен көріп қайттым. Өте ерекше әсер алдым. Арулардың бойында сұлулық қана емес, дәстүрімізге деген құрметі, пайым- парасаты көрініп-ақ тұр. Бәлкім, алдағы уақытта үлкен кино сахналарынан, осындай ауқымды сұлулық байқауларынан көріп қаларсыздар.


– Баян ханым демекші, оның ұйымдастыруымен өтетін біраз іс-шараларға қатысу да жоспар тізіміңізде тұрған сияқты…
– Иә, әрине. Дәстүрлі жыл сайын өтетін «Қазақ аруы» байқауына қатысу жоспарда бар. Бұл жоба маған баяғыдан ұнайтын. «Қазақ аруы» атанған қыздар секілді алтын тәж иесі болуды армандаймын. Қазір оқуыма көңіл бөліп жүрмін. Шығармашылықты талап ететін мамандық болғандықтан үнемі ізденісте жүруіміз маңызды.
– Сəттілік. Ал енді шығармашылығыңызға тоқталсақ. Осы уақытқа дейін қандай сəн көрмелеріне қатыстыңыз?
– Рақмет! Менің сән көрсетілімінде алғашқы бой көрсетуім 2019 жылы мамыр айында өтілген «KFW Shymkent” сән апталығында болды. Ол жерде танымал дизайнерлер Ларья Жакамбаева және «Arunaz” сән үйінің костюмдерін киіп шықтым. Киюге өте ыңғайлы, әрі әдемі киімдер. Және екінші үлкен сахнам Халықаралық деңгейде өткізілген «Open Turkistan” байқауында болды. Бұл байқау маған жаңа мүмкіндіктер сыйлады, шабытым одан әрмен шарықтады. Тағы да басқа қалалық, облыстық сән көрмелерінде болдым.

– Керемет! Қай дизайнерлерді өзіңізге үлгі тұтасыз?
– Мен тек отандық дизайнерлерді ғана үлгі тұтып солардың ізімен келемін. Атап айтар болсам, Аида Кауменова, Наиль Байкучуков және Назым (Аруназ). Сол тұлғаларымыз секілді дизайн саласында өз қолтаңбамды қалыптастырғым келеді.
– Қазақи үлгідегі киімдерді ұнататын көрінесіз. Əрі қарай да осы дəстүрді жалғастырып, қазақи коллекциядағы сəн үйін ашу ойыңызда бар ма?
– Иә. Болашақта міндетті түрде халқымыздың ұлттық құндылықтарын ешқашан ұмытпаймын. Оюлар, әртүрлі етіп бедерленген өрнектер халқымыздың ұлы мұрасы іспеттес. Сонымен қатар, өрнектеріміз қазақ халқын әлемге танытып, бірден ұлы дала елі екендігімізді паш етіп тұрады. Болашақта жасайтын әрбір туындымның бойында қазақы иіс аңқып тұратын болады!
– Армандарыңыз шындыққа ұлассын. Əңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Алтынай Бауыржанқызы.

Related posts

Қазақ журналистеріне 5 жұлдызды қонақ үй өз қызметін таныстырды

ttjk

Назерке Серікболқызы: Мақсатым – халыққа қызмет ету

ttjk

ҰСТАЗДАРДЫҢ ОРНЫ БӨЛЕК

ttjk