«Шетелден тікелей инвестиция тартылды» деген мазмұндағы хабарды жиі оқимыз. Ал дербес ел ретінде Қазақстан қандай мемлекеттерге инвестиция құйып отыр? Республикамыздың әлеуеті қандай? Өкінішке қарай, қалың бұқара көп жағдайда бұдан бейхабар.
Әлбетте, қазіргідей алмағайып кезеңде шетелдің инвестициясына иек артпай болмайды. Даму жолында дүние жүзі елдерінің демеу қаржысы керек-ақ. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның жұлдызы ерекше жарық. Өйткені біздің елдің географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы, жерінің асты мен үстіндегі мол байлық шетелдік инвесторларды талай жылдан бері қызықтырып келеді. Осыны жақсы білетін олар Қазақстанға инвестиция құюға, бір долларын бес долларға айналдырып, көбейтуге құмартып тұрады. Себебі салынған ақшаны еселеп қайтарып алуға мүмкіндік барын жақсы біледі.
Мәселен, Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров маусым айында өткен баспасөз мәслихаттарының бірінде былтыр біздің елге 17,1 млрд доллар инвестиция құйылғанын атап өтті. Жалпы, соңғы 10 жылда Қазақстанға жыл сайын орташа есеппен 24 млрд доллар инвестиция тартылып отырған. Ал былтырғы көрсеткіштің пандемияға байланысты құлдырағаны айтпаса да түсінікті.
Дегенмен Қазақстан да өзгенің қаржысына алақан жая бермей, тәуелсіз ел ретінде шет мемлекеттердің дамуына инвестиция құюы тиіс. Бұл бір жағынан еліміздің алдыңғы қатарлы мемлекеттер секілді дамығанын көрсетсе, екінші жағынан Қазақстанның сыртқы имиджіне оң әсер етеді. Әрі-беріден кейін өз қолымыздың өз ауызымызға жеткенін әрі әлемнің әр түкпіріндегі жобаларға қысылмай қатыса алатындығымызды айдай әлемге айғақтайтын маңызды фактор бұл.
Қазақстанның осы бағыттағы қадамы жаман емес, әрине. Мәселен, Ұлттық банктің ресми мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы Қазақстан шет мемлекеттерге 1,4 млрд доллар құйған. Көрсеткіш 2016 жылы 4,3 млрд долларды құраған болатын. Демек, соңғы бес жылда шетелдерге бағытталған инвестицияның жалпы көлемі 2,8 млрд долларға немесе 67,4 пайызға азайған. Осы орайда, БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) бағалауынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша жаһандық экономикадағы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 42 пайызға қысқарғанын ұмытпаған абзал.
Қазақстан инвестициясының көп бөлігі Ұлыбритания (336,5 млн доллар) мен Кайман аралдарына (333 млн доллар) жөнелтілген. Біздің елдің қаржысын жиі қабылдайтын елдердің қатарында Нидерланд (140,5 млн доллар), Ресей (117,3 млн доллар), Сингапур (105,8 млн доллар) және Қырғызстан (90,3 млн доллар) бар. Қытай, Өзбекстан, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері де – осы қатарда. Қазақстанның инвестициялық қаржысының 90 пайызы жоғарыда аталған 10 мемлекетке салынады. Аз көлемдегі инвестициялар Бельгия, Болгария, Гонконг, Үндістан және Малайзия секілді мемлекеттерге бағытталған. Бұлардың әрқайсысына құйылған инвестицияның көлемі 100 мың доллардан аспайды. Тағы бір атап өтерлігі, аталған мемлекеттердің Қазақстанға құйған инвестициясы біздің елдің оларға аударған қаржысынан бірнеше есе асып түседі.
Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің біздің журналистік сауалымызға берген ресми жауабында былтыр шетелге құйылған Қазақстан инвестициясының 49 пайызы қаржылық қызметтерге бағытталғаны атап көрсетілген. Бұл дегеніміз – 700 млн доллар. Сондай-ақ бұған сақтандыру және зейнетақы қорларына қатысты қызметтердің кірмейтінін атап өткен жөн. Қазақстандық инвестицияның қалған бөлігі көлік және логистика (13 пайыз), құрылыс (8 пайыз), өңдеу өнеркәсібі (6 пайыз), кәсіби және ғылыми қызмет (6 пайыз) салаларына жұмсалған.
Біздің жоғарыда келтіргеніміз – 2020 жылдың ресми деректері. Ал енді осы жылдағы жағдайға назар аударалық. Ұлттық банк әзірше 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы деректерді жариялады. Оған сенсек, Қазақстанның шетелге салып жатқан инвестициясы күрт көбейген. Айталық, 2021 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстаннан шет мемлекеттерге 331 млн доллар инвестиция құйылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 73 пайызға немесе 140 млн долларға жоғары. Былтыр салыстырмалы кезеңдегі көрсеткіш 191 млн долларды құраған еді.
Қазақстаннан ең көп инвестиция алған өңір – Кайман аралдары (105 млн доллар, өсім – 83 пайыз). Одан кейінгі орында Өзбекстан тұр. Көрші мемлекетке 2021 жылдың бірінші тоқсанында 93 млн доллар инвестиция құйылған. Қазақстан қаржысы бағытталған елдердің қатарында Нидерланд (39 млн доллар), Ресей (28,2 млн доллар), Қырғызстан (12,9 млн доллар) және Қытай (11,6 млн доллар) бар.
Қазақстан дербес ел ретінде 2000 жылдардың орта тұсынан бастап шет мемлекеттерге инвестиция құя бастады. 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін біздің ел сыртқа 29,2 млрд доллардан астам инвестиция жұмсапты. Соның көп бөлігі Нидерланд (17,8 млрд доллар), Ресей (2 млрд доллар) және Кайман аралдарына (1,5 млрд доллар) тиесілі. Осы орайда заңды бір сұрақ туындайды: қазақстандық инвесторлар неліктен аты да, заты да беймәлім Кайман аралдары мен Нидарландқа қаржы құйып отыр? Біздің елдерді не байланыстырады? Енді осы сұраққа жауап іздеп көрелік.
Ұлттық банктің хабарлауынша, Кайман аралдары ұжымдық инвестициялық қорлардың қарқынды дамуынан кейін әлем инвесторлары үшін тартымды бола түскен. Өйткені мұндағы инвестициялық климат өте жайлы. Тиісінше, инвесторлар үшін экономиканың түрлі секторларындағы әрі түрлі елдердегі жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік мол. Бұл жағдай шетелдік активтердің географиясын кеңейтуге жол ашады және табыс табу мүмкіндігін арттырады. Сондықтан Кайман аралдары осы тұрғыдан алғанда Нидерланд, Кипр секілді инвесторларға қолайлы елдердің қатарына қосылып отыр.
Бір қызығы, Қазақстаннан тартылған тікелей инвестиция құрылымындағы шетелдік активтердің жартысынан астамы бас компаниялардың қызметін атқаратын қазақстандық ұйымдарға тиесілі екен. Бұл көп жағдайда Қазақстан аумағында шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды іске асырумен байланысты. Мысалы, қазақстандық және ресейлік компаниялар Нидерландпен еншілес компания құрады. Олар сол арқылы біздің елдегі жобаларды іске асыруға қаржы салады. Тиісінше, Нидерландқа құйылған инвестиция керісінше аталған мемлекеттен Қазақстанға салынған инвестициялардың есебінен бірнеше еселеніп өтеледі. Демек, бұл – қазақстандық инвесторлардың табыс табудағы негізгі айла-шарғыларының бірі.
62 мың адамға жетеғабыл халқы бар, Кариб теңізінің батыс бөлігінде орналасқан алақандай Кайман аралдары шетелдік инвесторлар үшін тиімді мемлекет саналады. Бұл елде ешқандай кедергісіз-ақ инвестициялық қор құруға болады әрі тәуекелі де төмен. Әлемдегі инвестициялық қорлардың шамамен 80 пайыздан астамының Кайман аралдарында тіркелуінің мәні осында жатыр. Аталған ел – дүние жүзіндегі негізгі қаржы орталықтарының бірі. Мұнда 300-ге жуық банк бар. Сондай-ақ оффшорлық және бухгалтерлік салада қызмет көрсететін заң фирмалары да жетіп артылады.
Тарқата айтсақ, Кайман аралдарында қандай да бір инвестициялық қорды тіркеу жылдам әрі қиындықсыз атқарылады. Қаржылық есепті, бухгалтерлік аудитті ұсыну керектігі туралы ешқандай талап жоқ. Тікелей салық та салынбайды. Яғни меншік салығы, капитал өсімінен түсетін кіріс үшін табыс салығы ұсталмайды. Сондай-ақ Кайман аралдарындағы қорларды әлемнің кез келген жерінде отырып-ақ басқара беруге болады. Валюталық бақылау деген атымен жоқ. Жарғылық капиталдың мөлшері әрі оны төлеу туралы талаптар да қарастырылмаған.
Қазақстандық инвесторлардың Кайман аралдарына неліктен қаржы құюға құмартып тұратыны енді түсінікті болды-ау дейміз.
Әміренов Фархат — Ынталандыру сыйлығы