ЕГЕМЕН ЕЛ – ЕРКІН СӨЗ

Кеше алматылық қазақ журналистердің бастамасы бойынша Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Алматыдағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында «Егемен ел – еркін сөз» тақырыбымен боулингтен І турнир өтті. Шараның қаржылай демеушісі – «Тамшы» қоғамдық қоры. Бәсеке мен тартысқа толы болған жарысқа «Қазақстан», «Хабар», 31, «Алматы», КТК, НТК телеарналары, Қазақ радиосы мен «Шалқар» арнасы, «Түркістан», «Ана тілі», «Ұлан», «Сырласу», «Жас қазақ», «Қазақстан-Заман» басылымдары, abai.kz, aqparat.kz сайттары мен «Түркітілдес журналистер қорының» өкілдері қатысты.

Үш айналымнан кейін суырылып алға шыққан сегіз ойыншы финалда бақ сынасты. Нәтижесінде, 31 арна тілшілері Жарас Ниязбек пен Манас Қайыртайұлы І және ІІ орындарды иемденді. Ал ІІІ орын «жасқазақтық» әріптесіміз Ғалия Қалиеваның еншісінде.

Сонымен қатар турнир барысында көзге түскен 10 журналист Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталды. Олар – Жұлдыз Әбділда, Асқар Беков, Ирина Советжанқызы, Алмат Әбдіраман, Елдос Өмірзақ, Айнұр Төлеу, Мадияр Саудбаев, Нұргелді Әбдіғани, Айдос Қосыбаев, Жадыра Аққайыр.

 Алматылық журналистер арасындағы алғашқы турнирді ұйымдастырушы журналистер Бауыржан Карипов пен Берік Сұлтанның айтуынша, исі қазақ үшін ұлық мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізілген бұл шара қазақ журналистердің бірлігін арттыруға сеп болмақ. Сонымен қатар салауатты өмір салтын насихаттайтын жарыстар алдағы уақытта жалғасын табады.

Жарыстан кейін алматылық журналистер дастархан басына жиналып, болашақ жобалары мен жоспарлары жайлы кеңесті.

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ www.ttjk.kz

Related posts

ТҮРКИЯ – ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ «СҮЙІКТІ БАҒЫТ»

ttjk

«МАНАС» ӘУЕЖАЙЫНДАҒЫ ҰШАҚ АПАТЫ

Назия Жоямергенқызы

ЖУРНАЛИСТЕР БАЙҚАУЫ: «ӘР БАЛА МЕКТЕПКЕ ЛАЙЫҚ»