Биыл тамызда құрылған Денис Тен атындағы қор Қазақстан жұртшылығының өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Шараға «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес компанияларының қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында Қордың Қамқоршылық Кеңесінің мүшелері осы ұйымның 2019 жылға арналған жоспарлары және Қор жұмысының алғашқы нәтижелері туралы әңгімеледі. Қамқоршылық Кеңесінің құрамына, атап айтқанда, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО халықаралық дәрежедегі спорт шебері Татьяна Тарасова, Ұлттық конькимен сырғанаушылар федерациясының басшысы, ҚДБ басқармасының төрағасы Болат Жәмішев, кинорежиссёр Тимур Бекмамбетов, «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ президенті Сергей Кан, сондай-ақ басқа да адамдар кіреді. Қордың Қамқоршылық Кеңесін ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов басқарады.
«Қор қызметінің негізгі бағыты Қазақстанда мәнерлеп сырғанауды танымал ету және дамыту, соның ішінде жоғары жетістікті спортқа арнап кадрларды тиімді түрде іріктеу болып табылады. Біздің елімізде Мәнерлеп сырғанау академиясын құру жоспарда бар. Бұл қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Тен ниет еткен бастамалар мен жоспарлардың бір бөлігі ғана», — деді кездесу шеңберінде болып өткен баспасөз конференциясында Қор директоры Оксана Тен.
Әлемнің төрт дүркін чемпионы, Еуропаның үш дүркін чемпионы Алексей Ягудиннің, сондай-ақ жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Елена Радионованың қатысуымен қазақстандық жас мәнерлеп сырғанаушылар үшін шебер-сыныптардың ұйымдастырылуы Қор қызметінің алғашқы нәтижесіне айналды.