Қазақстанның мұнай кірістері де есепке алынатын жаңа бюджетінде мұнайдың болжамды бағасы өткен жылмен салыстырғанда 10 долларға жоғарылады.
Барреліне 70 доллар: жаңа бюджеттің көрсеткіштері
2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында мұнайдың бір баррелі 70 доллар деңгейінде белгіленген. Бұл 10 долларға жоғары, ал бір жыл бұрын 2026-2028 жылдарға арналған бюджетті жоспарлау кезінде баға төменірек көрсетілген болатын.
Қаржы министрлігі мұны былай түсіндірді: бюджетті есептеу кезінде халықаралық ұйымдардың болжамдары негізге алынды.
«2027–2029 жылдарға арналған мұнайдың есептік бағасын анықтау кезінде халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамы, сондай-ақ бюджетті консервативті және тұрақты негізде қалыптастыру қажеттілігі ескерілді. Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша 2027 жылға арналған мұнай бағасы бойынша консенсус-болжам барреліне шамамен 70,3 доллар деңгейінде қалыптасты. Осыған байланысты әлеуметтік-экономикалық дамудың базалық сценарийінде бюджетті есептеу үшін 70 доллар бағасы қабылданды», – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.
Иран – АҚШ соғысы: мұнай нарығы шокты қалай еңсерді?
2026 жылдың басында сарапшылар мұнай ұсынысының артық болуын және барреліне 60 доллар бағасын болжаған еді. Қазақстанның үш жылдық бюджетіне дәл осы баға негіз болған.
Бірақ ақпан соңында жаһандық мұнай шогы басталды. 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағына ауқымды әуе соққыларын жасай бастады. АҚШ-та бұл операция Epic Fury («Эпикалық қаһар»), ал Израильде – Roaring Lion («Ақырған арыстан») деп аталды.
АҚШ Әскери-теңіз күштерінің фотосы
Сол күні Иран Израильге және Бахрейндегі, БАӘ-дегі, Қатар мен Кувейттегі Америка базаларына қарымта шабуыл жасады. Осылайша, Таяу Шығыстағы жергілікті геосаяси дағдарыс осы уақытқа дейін жалғасып жатқан ауқымды соғысқа ұласты.
Сондай-ақ әуе соққыларына жауап ретінде Иран әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 20 пайызы (тәулігіне шамамен 20 миллион баррель) өтетін негізгі күретамыр – Ормуз бұғазын толығымен жауып тастады. Бұл шикізат ұсынысының тарихтағы ең ірі шогына әкеп соқты.
Әлемдік жеткізілім бір сәтте тәулігіне 10–14 миллион баррельге азайды. Наурызда мұнай бағасы 100 доллардан асып кетті, ал сәуірде АҚШ-тың Иран порттарына толық теңіз блокадасын енгізуі аясында Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 130 долларға дейін шарықтады. Сонымен бірге бағалар ықтимал келіссөздер, олардың тоқтатылуы және басқа да факторлар туралы ақпаратқа қатты әсер етіп, бірде төмендеп, бірде қайта өсіп отырды.
Мемлекеттер әлемдік энергия ресурстары логистикасындағы іркілістерге тап болды.
Сонымен қатар нарықты тұрақтандыру әрекеттері жасалды. Халықаралық энергетикалық агенттік елдерінің стратегиялық резервтерден шамамен 400 миллион баррель мұнай шығару туралы шешімінен кейін баға уақытша төмендеді. Қосымша фактор ретінде 17 маусымда АҚШ пен Иран арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы әсер етті.
Осы жаңалықтар аясында шілде басында Brent фьючерстерінің бағасы қысқа уақытқа барреліне 70 долларға дейін төмендеді. Жалпы алғанда, мұның бәрі қызып кеткен мұнай нарығын сабасына түсіруге және бағаны уақытша төмендетуге бағытталған әрекеттер болды.
Алайда бітім бұзылып, 7 шілдеден бастап шиеленіс қайта жанданды. Тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында Сауд Арабиясының танкерлері мен энергетикалық инфрақұрылымына жасалған жаңа соққылардан Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай ағыны критикалық көрсеткішке – тәулігіне шамамен 2 миллион баррельге дейін төмендеді, бұл бағаның жаңа секірісіне әкелді.
Мұнай 100 доллардан жоғары: қазір не болып жатыр?
Қазір мұнай қайтадан қымбаттап жатыр. АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың жаңа шиеленісі аясында Brent бағасы шілдеден бері алғаш рет барреліне 100 доллардан жоғары көтерілді.
9 қыркүйектегі жағдай бойынша Brent-тің қарашадағы фьючерстері 2,2 пайызға – 100,08 долларға дейін өсті. Америкалық WTI мұнайы 1,87 пайызға қымбаттап, 94,77 долларды құрады.
9 қыркүйектегі мұнай бағасы туралы мәліметтер. ice.com сайтынан скриншот
КҚК-ға жасалған шабуылдар
Қазақстан мұнайын экспорттаудың негізгі бағыты саналатын Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалған шабуылдар оқиғасы екінші жылға ұласып, тасымалдауға қиындықтар тудырып отыр.
2025 жыл
Ресейдегі КҚК инфрақұрылымына шабуылдар ақпан айында басталды — «Кропоткинская» мұнай айдау станциясы соққыға ұшырады, содан кейін наурызда Краснодар өлкесіндегі нысандарға шабуыл жасалды.
Осыдан кейін наурыз айында Қазақстан мұнай өндіруді азайтты. Бұл ОПЕК+ ұйымының талабы болатын.
Наурыз соңындағы бірқатар соққылардан кейін консорциум үш айлақтық қондырғының екеуін уақытша пайдаланудан шығарды. Жыл бойы шабуылдар маусым, қыркүйек және қараша айларында қайталанды — соның салдарынан тиеу қондырғыларының бірі жойылды, ал Қазақстан мұнайды баламалы бағыттарға бұра бастады.
2026 жыл
Қаңтарда кезекті шабуыл экспорттың төмендеуіне және шамамен 3,8 миллион тонна мұнайдың жоғалуына әкеп соқты. Наурызда Қара теңізде Maran Homer танкеріне шабуыл жасалды.
Сәуірде Қазақстан үкіметі өндірістің күрт төмендегенін — өткен жылғы деңгейдің 80,2 пайызына дейін түскенін хабарлады. Жазда танкерлерге жасалған шабуылдар жалғасты: шілдеде консорциум мұнай жөнелтуді қысқа уақытқа тоқтатты.
Нәтижесінде Қазақстан 2026 жылға арналған мұнай өндіру жоспарын 98 миллионнан 96 миллион тоннаға дейін төмендетті.
БАӘ неге ОПЕК+ құрамынан шықты
28 сәуірде БАӘ 2026 жылдың 1 мамырынан бастап ОПЕК пен ОПЕК+ құрамынан шығатынын жариялады. Әмірлік билігі бұл шешімді мұнай саласын дамыту, өндірісті арттыру және инвестиция тарту жоспарларымен түсіндірді. Ұйымнан шыққаннан кейін БАӘ сұраныс пен нарықтағы жағдайды ескере отырып, өндірісті өз бетінше ұлғайту ниетін мәлімдеді.
Сондай-ақ Абу-Даби аймақтағы тұрақсыздыққа және әлемдік энергия ресурстарына сұраныстың күтілетін өсіміне назар аударды.
Сарапшы Асқар Исмаилов бұл мәселеге қатысты БАӘ-нің шығуына байланысты өзгерістер таяу арада байқалатынын, бірақ нарыққа қатты соққы болмайтынын мәлімдеді. Алайда ОПЕК+-тің ықпалы уақыт өте келе әлсіреуі мүмкін.
ОПЕК+ өндірісті арттырып жатыр: Қазақстан бойынша шешім
2026 жылғы мамыр басында Қазақстан мен ОПЕК+ құрамындағы тағы алты ел өзара келісімге келді. Қыркүйектен бастап бұл елдердің жалпы өндіру көлемі тәулігіне 188 мың баррельге артады.
Қазақстан үшін қыркүйек айындағы квота тәулігіне 1,628 миллион баррельді құрайды.
Еліміз қанша кіріс алуды жоспарлап отыр?
2027 жылы Қазақстан мұнай секторынан Ұлттық қорға 3,78 триллион теңге түседі деп есептейді. Есептеу үш негізгі көрсеткішке негізделген: 96 миллион тонна мұнай өндіру, баррельіне 70 доллар бағасы және 1 долларға 480 теңге курсы.
Ұлттық қорға ең көп ақша мынадай түрде түсуі тиіс:
- корпоративтік табыс салығы – 30,4 пайыз;
- өнімді бөлу туралы келісімдер бойынша Қазақстанның үлесі – 29,6 пайыз;
- пайдалы қазбаларды өндіру салығы – 24 пайыз;
- рента салығы – 10,5 пайыз.
Бұл Қазақстан үшін неге маңызды?
Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов мұнай бағасы бюджет кірісіне, Ұлттық қордың жағдайына және теңге бағамына тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондықтан мұнай нарығындағы күрт өзгерістер Қазақстан экономикасы үшін қосымша тәуекелдер тудырады. Олар инфляцияға, инвестицияларға және қаржы нарықтарына әсер етуі мүмкін.
Бұл ретте Қазақстанның алдағы жылдарға арналған бюджетінде есептеулер мұнайдың баррельіне шаққандағы бағасы мен доллардың теңгеге шаққандағы бағамына негізделеді. Экспорттық кірістер, әлеуметтік төлемдер және мемлекеттік шығыстардың есебі осы көрсеткіштерге байланысты болады.
tengrinews.kz
