«Қазақстан Республикасының Республика күніне, мемлекеттік рәміздеріне және Конституциясына арналған патриоттық іс-шараларды өткізу» жобасы бойынша

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Қазақстан Республикасының Республика күніне, мемлекеттік рәміздеріне және Конституциясына арналған патриоттық іс-шараларды өткізу» жобасы аясында қала тұрғындарының, әсіресе жастардың азаматтық сана-сезімін арттыруға, мемлекеттік рәміздер мен конституциялық құндылықтарға құрметті қалыптастыруға бағытталған бірқатар ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылды.

Жоба аясындағы маңызды бағыттардың бірі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дұрыс қолдану мәселелеріне арналған қоғамдық мониторинг болды. Алматы қаласының 8 ауданында орналасқан 800 мекеме қамтылып, мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранды пайдалану тәртібінің сақталуына мониторинг жүргізілді.

Сонымен қатар қаланың барлық 8 ауданында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларына арналған арнайы семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Кездесулер барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін орналастыру, пайдалану және оларға құрмет көрсетуге қатысты талаптар түсіндіріліп, тәжірибеде жиі кездесетін мәселелер бойынша тиісті ұсынымдар берілді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай арнайы конференция ұйымдастырылып, мемлекеттік нышандардың ел бірлігін нығайтудағы, қазақстандық патриотизм мен ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы орны мен маңызы кеңінен талқыланды.

Жастар аудиториясын кеңінен қамту мақсатында әлеуметтік желілерде «Менің Туым», «Менің Елтаңбам» және «Менің Әнұраным» атты үш танымдық эстафета өткізілді. Аталған бастамаларға кемінде 40 мекеме атсалысып, 1000-ға жуық жас қатысты. Эстафеталар мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді заманауи әрі жастарға жақын форматта насихаттауға мүмкіндік берді.

Қала жастары арасында мемлекеттік рәміздер туралы білім деңгейін анықтау және олардың осы бағыттағы танымын арттыру мақсатында арнайы сауалнамалар мен викториналар ұйымдастырылды. Қатысушылар Ту, Елтаңба және Әнұранның тарихы, авторлары, мән-мағынасы мен оларды қолдану тәртібіне қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынады.

Мемлекеттік рәміздер күні аясында 200-ден астам жастың қатысуымен ауқымды патриоттық акция ұйымдастырылды. Іс-шара жастардың елдік құндылықтарға деген құрметін арттырып, отансүйгіштік рухты нығайтуға бағытталды.

Жоба шеңберінде ақпараттық-ағартушылық бағытқа да ерекше көңіл бөлінді. Ұлттық және идеологиялық құндылықтарды насихаттауға арналған 4 мультипликациялық ролик және 4 бейнеролик әзірленіп, әлеуметтік желілерде жарияланды. Заманауи медиаконтент арқылы мемлекеттік құндылықтарды түрлі жастағы аудиторияға түсінікті әрі қызықты форматта жеткізу көзделді.

Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай Алматы қаласы әкімінің қатысуымен арнайы конференция ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Ата Заңның мемлекет пен қоғам өміріндегі орны, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, конституциялық құндылықтар және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері сөз болды.

Сондай-ақ Конституция күніне орай мемлекеттік және орыс тілдерінде арнайы бейнероликтер әзірленіп, ақпараттық алаңдар мен әлеуметтік желілерде таратылды. Бұл материалдар тұрғындарға Конституцияның негізгі қағидаттарын түсіндірумен қатар, заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті насихаттауға бағытталды.

Жалпы, жоба аясында жүзеге асырылған іс-шаралар Алматы қаласының тұрғындарын кеңінен қамтып, мемлекеттік рәміздерге құрметті арттыруға, конституциялық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастардың азаматтық белсенділігі мен патриоттық сана-сезімін нығайтуға ықпал етті. Қоғамдық мониторинг, семинарлар, конференциялар, жастар акциялары, әлеуметтік желілердегі эстафеталар мен арнайы медиаконтенттер патриоттық тәрбиені жүйелі әрі заманауи форматта жүргізуге мүмкіндік берді.

Related posts

«ЕРКІН СӨЗ» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

ttjk

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚАЛДЫҚТАРСЫЗ ӨМІР СҮРУ КҮНІ

ttjk

Самый главный праздник тюркского мира НАЧАЛСЯ ФЕСТИВАЛЬ КУЛЬТУРЫ И ИСКУССТВА ДЕДЕ КОРКУТ

ttjk