ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

Журналист болу үшін алғашқы қадамды қалай жасаған дұрыс? Қазақ қоғамындағы журналистиканың рөлі мен маңызы қандай? Бәсекелестікке төтеп беру үшін қандай талаптарға сай болу керек? Түркітілдес журналистер қорының Онлайн Журналистика курсына қатысқан оқушы — Наурызбекова Назыммен сұхбат өткіздік.

— Журналистика мамандығын меңгеруге алғашқы қадамыңыз «Түркітілдес журналистер қорының» ұйымдастыруымен болған Онлайн журналистика курсынан басталыпты. Осы курс жайлы пікіріңізді біліп, журналистика саласына қызығып жүрген жастармен өз ойыңызды бөліссеңіз?

— Мен 6-сыныптан бастап әдебиет пәніне қатты қызыға бастадым. Әртүрлі сайыс,пікірталастарға қатысып, болашақта журналист боламын деп нақты шешім қабылдадым. Содан бері міне бесінші жыл қызу дайындық үстіндемін. Алдыңғы жылы Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен журналистика факультеті ұйымдастырған Жас тілшілер форумына қатысқанмын. Сол жердегі мұғалімдерден Түркітілдес журналистер қорының жетекшісі Назия Жоямергенқызы жайлы естідім. Парақшасына жазылып, жаналықтарын оқи бастадым. Жазбаларынан жақында өткізілетін Онлайн журналистика курсы болатынына көзім түсті. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік екенін біліп, бірден курска жазылып, білімімді толықтыруды мақсат еттім.

— Өзіңіз ойлағандай бұл курс біліміңізді шыңдап , пайдалы болды ма?

— Әрине, мен үшін бұл курс қыр сыры мол журналистика саласын үйренуге алғашқы қадам болды. Медиа-тренеріміз Нәзия Жоямергенкызы өткізген үшкүндік сабақ білімімді одан әрі шыңдап, үлкен пайдаға жарады. Осыған дейін мектепте эссе, шығарма жазып үйреніп қалған біздер, енді бұл салаға өзге көзқараспен қарай бастадық. Тіпті мақала мен заметка жазудың ережелерін білмейтінім де басында қатты алаңдатты. Сол сәтте күн сайын естіп жүрген жаңалықтар, кез келген акпарат үлкен еңбек пен қажырлы қайраттың арқасында келетініне тағы да көз жеткіздім. Бір сөзбен бұл Курс менің арманымдағы нағыз журналист болудың басты діңгегі болды.

— Курста қандай тақырыптарды меңгердіңіз?

— Онлайн курс 3 бөлімнен тұрды: бірінші күні журналистік этика, БАҚ туралы заң, мақаланың құрылымы, заметка, ақпарат алу көздері жайлы толығымен таныссақ, екінші күні интервью, репортаж, журналистік зерттеу туралы акпараттармен білімімізді шыңдадық. Үшінші күні жаңа медиа, social media, networking сынды тақырыптарды талқылап көптеген мәліметтерді жинақтадық. Бір айта кететін жайт, ол сабақ барысында тек теориямен ғана танысып қоймай, алған білімімізді практикалық тұрғыда тәжірибеден өткіздік. Яғни, берілген тақырыпты өткеннен кейін бірден оларды саралап, өз бетімізше мақала, заметка жазып, интервью алып, тәжірибелік жұмыстарды жүргіздік.

— Керемет! Ал, енді журналистиканы таңдағысы келетін замандастарыңызға қандай кеңес бересіз?

— Журналистика — тұңғиық терең, шексіз, қыр-сыры мол әлем. Сондықтан журналистика саласына бет бұрып келе жатқан жандар өте білгір әрі алғыр болуы керек. Осы жолда тынбай еңбек етіп, шаршамаңыздар. Үнемі ізденісте болыңыздар, себебі журналист жан-жақты болуы керек. Әлемдегі ақпараттарды саралаудан, өз пікіріңізді білдіруден қорықпаңыздар. Қиындықтарға мойымай, тек биік белестерді бағындыруға қадам жасаңыздар! Армандарға бірге жетейік!

— Жас журналистер алғашқы қадамды қалай жасау керектігін түсінді деп ойлаймын. Әңгімеңізге көп рахмет!

Асылтас Үсен, Алматы облысы Қапшағай қаласы орта мектеп гимназияның 11″Ә» сынып оқушысы.

Related posts

Жетістікке бастайтын екі нәрсе

editor

ІНДЕТПЕН КҮРЕСТЕ БІРЛІК КЕРЕК

ttjk

МАҚСАТЫМ — ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ

ttjk