ЛИТВАДАҒЫ ҚАЗАҚ КӨКТЕМІ

Отандық өнер мен мәдениетті шекара сыртына насихаттауда дипломаттардың қосар үлесі мол. 2019 жылы 5 сәуірде Вильнюс қаласында қазақстандық танымал режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға жол» фильмінің көрсетілімімен «Литвадағы Қазақстандық көктем» фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Литвадағы «Қазақстандық кино күндері» шеңберінде қойылған фильмді ресми тұлғалар, Парламент депутаттары, іскерлік және академиялық топтар өкілдері, мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ Литвада тіркелген дипломатиялық корпус басшылары тамашалады.

Фестивальдің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Литвадағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі В.Темірбаев аталған шараны жүзеге асыруға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының сеп болғанын айтты. Бұдан басқа, қазақстандық дипломат Қазақстан мен Литва, әсіресе жаңа буын өкілдерінің арасындағы мәдени диалогты тереңдетудің қажеттілігін жеткізді.

«Анаға жол» фильмі арқылы литвалық көрермендер Қазақстан халқының тар жол, тайғақ кешудегі қиын тағдырынан хабардар болып, өр рухты ұлттың  табандылығына тамсанды.

«Қазақстандық кино күндері» шеңберінде Литваның ең үлкен үш қаласында (Вильнюс, Каунас, Клайпеда) бәрімізге сүйікті болған және әлем сахналарын мойындатқан, сондай-ақ қазақстандық киноматографияның жаңа туындылары «Анаға жол», «Шал», «Талан», «Алмас қылыш», «Жаужүрек мың бала», «Күлтегін» анимациялық фильмі және т.б. кинолар көрсетіледі. «Литвадағы Қазақстандық көктемнің» шаралары арасында қазақстандық-канадалық «Equus: жылқы тарихы» деректі фильмінің көрсетілімі, Вильнюс университетіндегі «Арқайым» нео-этно-фолк тобының концерті, Литваның үш қаласында және Латвия астанасында өтетін қазақстандық суретші Рауза Ералиеваның көрмесі бар. Сонымен қатар қазақтың ұлттық ойыны — тоғызқұмалақтан Вильнюсте жарыс ұйымдастырылады.

Нәзия Жоямергенқызы, Түркітілдес журналистер қоры

Related posts

ВЕЙПТІҢ ЗИЯНЫ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА ТҮСІНДІРІЛДІ

ttjk

РАКТЫ 100 ПАЙЫЗ ЕМДЕУГЕ БОЛАДЫ

Назия Жоямергенқызы

ӘЗІРБАЙЖАН ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ҰЛЫҚТАУ РӘСІМІ

ttjk