Алакөл жағалауы бірнеше күн бойы Қазақстанның әр өңірінен жиналған белсенді жастардың басын қосты. Абай облысы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары және еліміздің басқа да өңірлерінен келген қатысушылар Мақаншы ауданында өткен LakeCamp Abai жастар лагерінде бас қосты. Олар көл жағасында демалып қана қоймай, медиа контент жасауды, әлеуметтік жобалар әзірлеуді үйреніп, азаматтық жауапкершілік мәселелерін талқылады, ұлттық құндылықтармен танысып, экологиялық акцияға қатысты.
Алғаш рет ұйымдастырылған LakeCamp Abai жастар лагері Абай облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен және облыстық Қоғамдық келісім орталығының ұйымдастыруымен өтті. Жоба мемлекеттік құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, заманауи медиа мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін таныстыру, көшбасшылық пен жобалық қызметті дамыту, сондай-ақ экология мен жастар туризмін насихаттау бағыттарын бір арнаға тоғыстырды.
Лагерьдің алғашқы күнінен-ақ ұйымдастырушылар жастардың өзара танысып, еркін араласуына ерекше көңіл бөлді. Қатысушылар бағдарлама барысымен танысып, ортақ жұмысқа белсенді кірісті. Сонымен қатар жағалау мен судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша қажетті ақпарат берілді.
Бағдарламаның негізгі алаңдарының бірі «Тіл. Дәстүр. Домбыра. AI» деп аталды. Мұнда ұлттық мәдениет заманауи технологиялармен ұштастырылды. Жастар қазақ тілін меңгеруге арналған тапсырмаларды орындап, командалық ойындарға қатысты, домбыраның үнімен танысып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде қолданып көрді. Бұл формат ұлттық дәстүрлерді сақтаумен қатар, оларды қазіргі цифрлық ортада жаңа мазмұнмен дамытуға болатынын көрсетті.
Азаматтық жауапкершілік мәселелері Legal Talk «Заң және тәртіп – жастар таңдауы» пікірталас алаңында талқыланды. Мемлекеттік органдардың өкілдері жастарға азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң талаптары және құқық бұзушылық үшін жауапкершілік туралы айтып берді. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Лагерь бағдарламасында медиа шығармашылыққа да ерекше орын берілді. MediaLab аясында қатысушылар фото және бейнетүсірілім, мобильді монтаж, сторителлинг және копирайтинг негіздерін меңгерді. Ал алған білімдерін «LakeCamp – қатысушылар көзімен» байқауында іс жүзінде сынап көрді. Бейнероликтер, фотосуреттер, стористер мен мәтіндік жарияланымдар арқылы жастар лагерь тынысын өз көзқарастарымен көрсетті.
«LakeCamp Abai лагерін өткізудің негізгі мақсаты – мемлекеттілікті, ұлттық дәстүрлерімізді және Алакөл жағалауының туристік әлеуетін насихаттау. Бағдарлама аясында жастар ұлттық құндылықтармен танысып қана қоймай, заманауи медиа контент жасауды және гранттық жобалар әзірлеуді үйренді», – деді «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Самат Кәріпжанов.
Ұлттық құндылықтар бағыты тоғызқұмалақтан өткен шеберлік сабағы мен этноквиз арқылы жалғасты. Ал жауапкершілік туралы әңгіме «Таза Қазақстан» акциясы барысында нақты іске ұласты. Қатысушылар Алакөл жағалауына шығып, аумақты тазарту жұмыстарына атсалысты.
Әр өңірлерден келген жастардың басын қосқан тағы бір маңызды алаң – «Жастар бастамасы – ел болашағы» атты IDEALAB болды. Қатысушылар командаларға бөлініп, өзекті мәселелерді талқылады және шағын жобалар әзірледі. Жобалардың қатарында экология, мемлекеттік тілді дамыту, волонтерлік, жастар кәсіпкерлігі, цифрлық қауіпсіздік, жасанды интеллект, білім беру, жұмыспен қамту және ауыл жастарын дамыту бағыттары қамтылды.
Осылайша LakeCamp Abai жай ғана жазғы лагерь емес, өңіраралық қарым-қатынас пен тәжірибе алмасуға арналған алаңға айналды. Еліміздің әр түкпірінен келген жастар бір-бірімен танысып, пікірлес адамдарын тауып, жаңа бағыттарда өздерін сынап көрді және лагерьден кейін де жалғасын табуы мүмкін бастамаларды бірге талқылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта жобаны кеңейтіп, оған еліміздің барлық өңірлерінен белсенді жастарды көбірек тарту жоспарланып отыр. Бұл ретте Алакөлдің туристік әлеуетін танытуға да басымдық берілмек. Яғни көл жағалауы демалыс орны ғана емес, жастардың білім алуына, тәжірибе алмасуына және қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруына мүмкіндік беретін тартымды алаң ретінде қарастырылады.
Лагерь қорытындысы бойынша белсенді қатысушылар марапатталып, үздіктерге дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Бағдарлама Мақаншы ауданы өнерпаздарының концерттік кеші және жастардың мәдени-шығармашылық бағдарламасымен түйінделді.
Бірнеше күнге созылған LakeCamp Abai ұлттық мәдениет пен жасанды интеллектті, экология мен туризмді, медиа шығармашылық пен азаматтық белсенділікті бір ортаға біріктірді. Жобаның басты мәні де осында – жастарға жаңа білім беріп қана қоймай, өзара араласуға, жаңа идеялар ұсынуға және сол идеяларды нақты бастамаға айналдыруға мүмкіндік беру.




