АЛМАТЫДАҒЫ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» НАУҚАНЫ ЖАЛҒАСУДА

Еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматының Жетісу ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында көгалдандыру және көріктендіру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 800 түп көшет отырғызылған. Сейфуллин–Жансүгіров жолайырығы маңында ірі көлемді ағаш егу жалғасып жатыр. Жалпы, бұл аумақта 500 түп үйеңкі мен жөке отырғызылады деген жоспар бар.

Жолайырықтың айналасында қоғамдық кеңістіктерді кешенді көріктендіру толық аяқталыпты. Игерілген аумақ көлемі – 3,4 гектар. Мұнда 30,4 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 5,8 мың шаршы метр жергекеспе тас төселген. Сонымен қатар суару жүйесіне арналған жеті ұңғыма бұрғыланып, 3,5 гектарға автоматты суару жүйесі орнатылған. Атқарылған осы шаруаларға қосымша, 14 мың бұта, 192 ағаш және 2 400 гүл егіліп, екі альпілік төбе жасалды.

Жетісу ауданы баспасөз қызметінің хаьбарлауынша, аудандағы ағаш егу жоспары толық орындалып, жалпы саны 1 300 көшет отырғызылған. Енді көшені көркейткен көк желекке тиісті күтім жасалады, ал қураған ағаштардың орнына дереу сау ағаштар егіледі.

Биыл Алматы қалалық мәслихаты 2025–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша Алматыдағы іс-қимыл жоспарын бекіткен еді. Аталған жоспардың басты мақсаты — 2024 жылдың 31 қазанындағы Үкіметтің № 910 қаулысымен бекітілген 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру. Алматы қаласының Экология басқармасының хабарлауынша, жоспар негізгі 3 бағыттан тұрады. Біріншісі, экологиялық ойлау, оның ішінде экологиялық жауаптылықты ынталандыру шаралары. Екіншісі, экологиялық білім беру. Үшіншісі, экологиялық ағарту және оны ақпараттық жария ету. Осы 3 бағыт бойынша барлығы 45 тармақтан тұратын қысқамерзімді және ұзақмерзімді іс-шаралар қарастырылған. Қысқа мерзімді мақсаттар қатарында экологиялық құқық бұзуды тіркеуге арналған камералар санын көбейту, қоршаған орта жай-күйінің автоматтандырылған мониторингін дамыту, жасыл желектерге түгендеу жүргізу, велосипед көлігін пайдалануға арналған және электромобильдерді электрмен зарядтайтын станцияларға арналған инфрақұрылым жасау; қоғамдық көлікте жол жүруге арналған кэшбэктер төлеу мәселесін пысықтау мақсаттары бар. Ұзақ мерзімді мақсаттар қалған 38 тармақты қамтиды.

Нұрсая Жоямерген, «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ.

Related posts

ЕР ЖӘНІБЕК КУБОГЫ

Алачаты: где бьется сердце серфинга

Бала жүрегіне үңіліп, сөйлесе алатын ұстаз. Орынша Қарабалина 90 жаста

ttjk