Абай – әлемдік деңгейдегі тұлға


Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани әлемін жаңа
деңгейге көтерген ұлы ақын, ағартушы, ойшыл. Оның
шығармашылығы ұлттық шеңберден асып, әлемдік мәдениеттің
ажырамас бөлігіне айналды. Абайдың поэзиясы, қара сөздері мен
ағартушылық қызметі тек қазақ халқы үшін ғана емес, жалпы
адамзат өркениеті үшін маңызды.
Абай – Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің тоғысында тұрған
тұлға. Ол Шығыстың ұлы ойшылдары Фирдоуси, Низами, Науаи,
Физули еңбектерін оқып, олардан сусындады. Сонымен қатар,
орыс классиктері Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын
қазақ тіліне аударып, халыққа жеткізді. Бұл оның әлемдік
мәдениеттің дамуына қосқан үлесінің бір көрінісі.
Абайдың қара сөздері – қазақ философиясының биік шыңы және
оның өмірлік тәжірибесінің көрінісі. Жалпы саны қырық бес
бөлек шығармадан тұратын бұл еңбектерінде Абай адамгершілік,
білім, әділет, еңбекқорлық сияқты құндылықтарды насихаттап,
қазақ қоғамын рухани жаңғыруға шақырады. Мысалы, 19-қара
сөзінде Абай адам баласының есті болып тумайтынын, естіп,
көріп, ұстап, татып, ескерсе, дүниедегі жақсы мен жаманды
танитынын айтады. Бұл жерде ол тәжірибе мен білімнің
маңыздылығын ерекше атап өтеді. Бұл ой қазіргі таңда да өзекті,
себебі адамның саналы дамуы үздіксіз білім алу мен өзін-өзі
жетілдіруге негізделген.
Абай қазақ қоғамының артта қалушылығын, надандық пен
жалқаулықтың зиянын ашық сынап, халқын білім мен ғылымға
жетелеуге тырысты.
«Біріңді қазақ, бірің дос,
Көрмесең – істің бәрі бос»
деген өлең жолдары арқылы ол халықты бірлікке, татулыққа
шақырды.
Абайдың шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып,
жаһандық деңгейде зерттеліп келеді. 2020 жылы ЮНЕСКО
көлемінде Абайдың 175 жылдық мерейтойының атап өтілуі –
оның әлемдік мәдениеттегі маңызын айқындайтын дәлелдердің
бірі. Бұл шара барысында әлемнің түкпір-түкпірінде ғылыми
конференциялар, көрмелер және әдеби кештер ұйымдастырылып,
Абай мұрасы кеңінен насихатталды.Бұдан бөлек Абай
Құнанбайұлының шығармашылығы әлемнің көптеген елдерінде
құрметтеліп, оның есімімен аталатын мекемелер мен
ескерткіштер орнатылған. Мысалы, ақынның мүсіндері Мәскеу,
Санкт-Петербург, Қазан және Ташкент қалаларында бой көтерген.
Сонымен қатар, Будапешт қаласындағы Астана көшесінде де
Абайдың ескерткіші орнатылған.
Абайдың ойлары мен идеялары бүгінгі күнде де өзекті. Оның
шығармалары ұлт болашағын ойлайтын әрбір адам үшін маңызды
рухани қазына болып қала береді. Сондықтан Абайды тек қазақ
әдебиетінің алып тұлғасы ғана емес, бүкіл адамзаттық
өркениеттің көрнекті өкілі ретінде қарастыруымыз керек.
Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемнің
рухани байлығына үлес қосқан ұлы ойшыл. Оның еңбектері
адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптейді, әділдік пен білімге
ұмтылуды насихаттайды. Абайдың шығармашылығы уақыт өткен
сайын өз маңызын жоғалтпай, жаңа ұрпақ үшін бағыт-бағдар
болып қала береді. Сондықтан оның еңбектерін терең зерттеп,
кеңінен насихаттау – әрбір саналы азаматтың парызы.
Сыдықбек Анел, Ғ.Мүсірепов атындағы №86 мектеп-
гимназиясының 11 сынып оқушысы, Алматы қаласы, Әуезов
ауданы, “Үздік мақала” номинациясы, жетекшісі:Нәзия
Жоямергенқызы, электронды адрес: anelsydykbek09@gmail.com

Related posts

СТАМБҰЛДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРИЗМ КӨРМЕСІ

Түрік тіліне аударылған «Бозоқ аруы» оқырманға жол тартты

editor

Türkiye de Küresel Gazeteciler Konseyi kuruldu

ttjk