127 мың астаналық оқушы мен студент бір уақытта қазақ күйлерін орындады
Челлендж биыл осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.Наурыз мейрамына арналған республикалық челлендж бүгін сағат 12:00-де еліміздің барлық білім ордаларында өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұл өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтар мен патриоттық сезімдерді қалыптастыруға, балалар арасында домбырада ойнауды насихаттауға бағытталған.
Домбырашылар челленджінің мақсаты – балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың музыкадағы шығармашылық жетістіктерін көрсету және ұлттық аспабымыз домбыраны барынша дәріптеу.
Мұндай челлендж елімізде биыл осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.
«Астана қаласындағы білім беру ұйымдарында «Күй күмбірі» атты республикалық челлендж ұйымдастырып отырмыз. Елордада 127 мыңға жуық оқушы мен студент бір уақытта Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа» күйлерін орындады. Челлендж мақсаты, ұлттық аспабымыз домбыраны барынша насихаттап, жас ұрпақ бойына сіңіру, — деді қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы Маржан Бақыт.