ЖУРНАЛИСТ БОЛУ – АРМАНЫМ

Қазақстан – менің Отаным, Туған жерім! Менің егемен елімнің келешегінің кемел болуы үшін қандай үлес қоса аламын?! Менің қызметім болашақта Қазақстанның дамуына қалай көмектеседі?! Мұндай сауалдар кеудесі «қазақ» деп деп соққан әр адамның көкейінде болуы шарт. Ал бұл сауалға үлкен салмақпен қарайтын, елінің патриоты ретінде жауабым, менің таңдағалы отырған мамандығым, кәсібім, қызметім – Тәуелсіз еліміздің Туының тұғырлы болуына қызмет етері сөзсіз.
Арман… Мақсат… Болашақ… Егіз ұғымдай қатар аталатын бұл сөздердің астарына үңіліп қарасаңыз үлкен мән жатыр. Арманы асқақ әр саналы ұрпақ алдына мақсат қойып, болашағына нық сеніммен қадам басары анық.
Арман… Менің телеарналардағы дикторларға еліктеп, оқиға орнында шұғыл интервью алып жүретін тілшілерге назарым сонау балалық шағымда ауып, 12 жасымнан бері журналист атануды армандап келемін. Теледидардың аржақ бетінде тұрып, тікелей эфирді, я болмаса жаңалықтарды, тіпті концерт бағдарламасын жүргізіп тұрған журналистердің өзін-өзі ұстау шеберлігі, өзіне деген сенімділігі, батылдығы, батырлығы мені тәнті ететін. Тілшілердің тірлігіне тамсанып жүргенде өзіме «Қашан камера алдында дәл осылай күлімсіреп, халықтың назарында жүреді екенмін» деп сұрақ қойып, терең ойға шомылатын едім. Осы арманмен алысқа қол созғым келетін мен уақытымды зая кетірмей, ізденісте жүрдім. Журналистиканың тарихын, түпкі тамырын, журналистке тән шеберлік, бұқаралық ақпарат құралдарына тән ерекшеліктер мен стиль, бәрін-бәрін зерттеп, санама құйып келемін.
Мақсат… Мақсатым – ол әрине елге танымал білікті де кәсіби журналист атану. “Адам өмірінде мамандық таңдаудан қателеспеу керек” дейді. Саналы адам саналы түрде мамандық таңдау қажет. Алға қойған биік мақсаттарымның біріне қол жеткізу үшін мен журналистика саласына кәсіби түрде даярлайтын, жан-жақты, креативті, терең білім беретін Халықаралық Бизнес университетін таңдау туралы шешімге келдім. Дәл осы оқу орны менің болашаққа нық қадам жасауыма бірден бір себепкер болатынына сенемін.
Журналистиканы әркім әрқалай түсінеді. Бірі, журналист – төртінші билік өкілі десе, екіншісі – ақпарат таратушы дейді, ал келесі біреуі – репортер, тілші деп жатады. Иә, келісемін, атап айтқандардың бәрі дұрыс. Өйткені журналистика – жан-жақтылықты талап ететін, жүгі ауыр, жауапкершілігі мол сала. Дәл осынысымен ерекше. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» демекші, қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық.
Зерттеулерге сүйенсек, 2030 жылға қарай әлемде 57 мамандықтың болашаққа керегі болмай, жойылып кететін көрінеді. Ал егемен еліміздің мәртебесін биіктетіп, дамыған елдердің қатарынан орын алуына өз үлесімізді қосуымыз үшін жан-жақты білім алуымыз керек. Білім және ғылымды игере отырып ғана еліміздің абыройын асқақтатарымыз сөзсіз.
Қазір – білекті емес, білімді жеңетін ғасыр. Білімді ғана мұратқа жетер заманда қазақ жастары уақыттарын текке өткізбей, көштен қалмай, жігері мен қайратын жиып алып, тек білімге ұмтылуы керек.
Осы тұста айта кету керек, көптілді меңгеру қазіргі сұраныстағы басты қағида деп тануға болады. Қазақ тілін құрмет тұтып, ана тіліміздің абыройын асқақтату – біздің басты міндетіміз екені айдан анық, ал әлемдік деңгейде жетістікке жетуді алға мақсат еткен адам көптілді білуі керек. Тіл білген, білім қуған жастар ғана егемен еліміздің тізгінін бекем ұстары анық.
Ал мен өзімді көкжиекке қол созған қыран құстай сезінемін. Өйткені қиялыммен талай асуларға күнде серуен жасап келемін. Ондағы ойымның барлығы журналистикаға қатысты. Менің мақсатым – жай ғана журналист болу емес, білікті де білімі асып тасқан, өз ісінің кәсіби білгірі болу. Журналистерге қойылатын басты талап – ол білімділік. Журналист – шынайылықты сүю керек, өз кәсібіне адал болу керек. «Елдегі жағымды жаңалықты да, жағымсыз жаңалықты да оқырман не тыңдарманға жедел әрі шебер жеткізе білетін кәсіби журналистер қатары қазір азайып бара жатыр» деген сын-пікірлерді де ара-тұра естіп қаламыз. Бұл нені білдіреді?! Қазір оқырман не тыңдармандар көбіне әлеуметтік желілерде жиі отыратындықтан елдегі жағымды не жағымсыз жаңалықтардан телеарна не газеттен гөрі әлеуметтік желілерден жедел хабардар болып отырады. Интернеттің жылдамдығына көбіне-көп телеарналар мен басылымдар ілесе алмай жатырғаны ащы да болса шындық. Сол себепті журналистер заман талабына сай бәсекеге қабілетті болып, шынайы, деректі ақпараттарды халыққа жедел жеткізе білуі шарт. Бәсеке қазіргі таңда өте қатты белең алуда.
Журналистиканың басқа мамандықтардан басты артықшылығы қандай деп ойлайсыз? Менің ойымша, сонау ел басқарып, бүкіл елді аузына қаратқан Мемлекет басшыларының өзі журналисттің сұрақтарына жауап береді. Яғни журналистика – билік пен бұқараны байланыстырушы құрал. Дәл сол себепті де Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін – «Төртінші билік» өкілдері дейміз.
«Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды. Қоғам тірлігінің тамыры қиылса, журналистика да бітіп тынады» деген екен орыс ғұламасы Н.Михалковский. Ал ақын, публицист, әдебиет зерттеушісі Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген ғұлама сөзі арқылы қоғам мен үкіметті, билік пен бұқараны байланыстыратын журналистика саласының орнын ерекше айқындап тұрғаны рас.
Журналистиканы бала кезден армандаған менің мектеп қабырғасынан бастап мамандығыма жақын болғым келді. Дәл сол себепті Атырау облысында мамандыққа мектеп қабырғасынан бастап баулитын Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының Журналистика мамандығы бойынша оқуға түсіп, биылғы 2019-2020 оқу жылында мектептен түлеп ұшпақпын.
Академия қабырғасында жүріп журналистика мамандығына бейімделіп келеміз. Ұдайы сұхбаттар жүргізіп, бейнематериалдар, бейнехабарлар дайындап, облысқа танымал тұлғаларды, ардагер, тәжірибелі журналистерді академиямызға шақырып, кездесулер өткіземіз. Атап айтар болсақ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, өлкетанушы, ардагер журналист Өтепберген Әлімгереевпен «Тарихтың ақтаңгері» деген атаумен кездесу кешін ұйымдастырған едік. Өтепберген Әлімгерейұлы өз кезегінде сөздің майын тамызып, нағыз кәсіби журналистке тән қасиеттер мен қабілеттер, ерекшеліктер жайында терең түсінік берген болатын. Біз академия қабырғасында жүріп, танымал журналистерді, танымал тұлғаларды қонаққа шақырып, сұхбат жүргізе отырып, түсірілім жасап, өзімізді кәдігі журналистердей сезінеміз. Күнде бейнематериалдар дайындаймыз. Видеоға монтаж жасауды да еркін меңгергенбіз. Қазірдің өзінде журналистика мамандығының қаншалықты қиыны мен қызығы қатар жүретін мамандық екенін сезінудеміз.
Өткен айда ғана Атырау облысына іссапармен келген Түркияның Нииде университетінің Журналистика кафедрасының меңгерушісі Локман Зор мырзамен кездесу өткізгендігімізді де атап өткім келеді. Түркиядан келген қонағымыз Қазақстанның журналистикасы мен Түркия журналистикасын салыстырмалы түрде зерттегендігін айта келіп, тәжірибесімен бөлісті. Талай журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы бар таудай тұлғалармен кездесу өткізу арқылы біз мектеп қабырғасынан бастап сөйлеу шеберлігімізді дамытып, сұхбат жүргізуге дағдыланып, сахнада, эфирде өз-өзімізді ұстауға үйреніп келеміз. Міне, осылайша арман болған, мақсат болып айқындалған сүйікті мамандығыма алғашқы қадамдар жасалуда.
Алға қойған мақсатым болашағымның бағдары іспетті.
Болашақ… Мен еңсесі биік егемен елімнің Тәуелсіз ұрпағы ретінде болашағыма үлкен сеніммен қараймын, ата-анам да үлкен үміт артып отыр. Мен жарқын елдің жастарының бірімін. Мен болашағымның жарқын боларына сенімдімін. Мен таңдаған мамандық, Қазақстанымның дамуына орасан үлесін қосатын болады. Қазақстанның ақпарат саласын, телеарна, басылым, жалпы медианы дамыту арқылы еліміздің дамуына сүбелі үлес қосатынымызға сенім білдіремін. Дәл сол себепті Журналистика мамандығын жаңа қырынан, әрі жаңа бағытта, өзгеше тұрғыда әлемге танытқым келеді. Журналистика мамандығына оқуға түсе отырып, мен білікті маман иесі, еркін ойлай алатын, жаңашыл журналист, өз ісінің хас шебері атануыма еш күмәнім жоқ.
Мен болашаққа нық сеніммен, үлкен үмітпен қараймын!

Тоты ОСПАН,
Н.Тілендиев атындағы
Кіші өнер академиясының
Журналистика мамандығы бойынша
11 сынып оқушысы

Related posts

ҰСТАЗДАРҒА АРНАЛҒАН МАРАПАТТАР

ttjk

Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауы мәресіне жетті

ttjk

ЗДАНИЕ ПРЕЗИДЕНТСКОГО СИМФОНИЧЕСКОГО ОРКЕСТРА НАЧАЛА СВОЮ ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ КАК «ТУРЕЦКИЙ КУЛЬТУРНЫЙ КАМПУС»

ttjk