“Жомарт” кенішіндегі апат

       2025 жылдың 17 ақпанында Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданындағы “Қазақмыс” корпорациясына қарасты “Жомарт” кенішінде тау жынысы опырылып,  салдарынан 7 кенші үйінді астында қалып, қаза тапты.

17 ақпан күні таңертең “Жомарт” кенішінде осы кезге дейін болмаған — тау жынысының опырылуы орын алды. Апатқа табиғи газдың жарылуы да себеп болуы мүмкін. Оқиға кезінде шахтада 7 жұмысшы болған. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің 21 қызметкері, 7 техникасы, “Серіктес” ЖШС құтқарушылары, медицина мамандары және психологтар жұмылдырылған. 18 ақпан күні таңертең барлық жеті жұмысшының қаза тапқаны расталды. Қаза тапқан кеншілер:

1.​Ақшалов Қайрат Аманбекұлы (1975) – насостық қондырғылар машинисі.

2.​Жақубаев Ардақ Боранбайұлы (1998) – жер асты учаскесінің тау-кен шебері.

3.​Жұмаділлаев Бақытбек Нышанұлы (1975) – жер асты кен жұмысшысы.

4.​Кенжебеков Орынбек Әмірханұлы (1991) – тиеу-жеткізу машинасының машинисі.

5.​Молдабеков Ғалымжан Есенбекұлы (1978) – шпур бұрғылау қондырғысының көмекші бұрғылаушысы.

6.​Нурулдаев Олжас Жақалбайұлы (1979) – жер асты учаскесінің энергетигі.

7.​Рожков Константин Владимирович (1992) – жер асты тау-кен қазу жабдықтарының электрслесарь-монтажшысы.

         Премьер-министрдің тапсырмасымен мән-жайды анықтап, зардап шеккендерге көмектесу үшін арнайы комиссия құрылды. Оны Премьер-министрдің орынбасары Бозымбаев Қанат Алдабергенұлы басқарады. Егер сараптама нәтижесінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылғаны анықталса, кінәлі адамдар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 277-бабы бойынша жауапқа тартылады. Аталған бап “Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу” дерегі бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырады. Егер қауіпсіздік талаптарының сақталмауы адам өліміне немесе ауыр зардаптарға әкелсе, кінәлілерге:

•​Айыппұл салынуы,

•​Белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салынуы,

•​Тіпті бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

       Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді. Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсету туралы тапсырма берілді.

         Қайтыс болған қызметкерлердің отбасыларына 10 орташа жылдық еңбек ақы мөлшерінде әлеуметтік көмек беріледі. Ал жерлеуге 2 млн теңге бөлінген. Одан бөлек, асыраушысынан айырылғаны үшін ай сайын төлем тағайындалып, кеншілердің балаларының оқу ақысы өтелетін болады. Несие мен займдар кешіріледі.

         Бұл апат тек қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін ауыр соққы болды. “Жомарт” кенішінің уақытша жабылуы жергілікті экономикаға кері әсерін тигізіп, жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін. Соңғы 15 жылда “Қазақмыста” 55 адамның қаза тапқанын ескерсек, бұл жағдай Қазақстанның тау-кен өндірісіндегі қауіпсіздік стандарттарына деген сенімге тағы да күмән тудырып отыр. Апаттың нақты себептері мұқият зерттеліп, тиісті шаралар қабылдануы тиіс. Бұл – болашақта осындай қайғылы оқиғалардың алдын алудың жалғыз жолы. Ең бастысы, кез келген өндіріс орны үшін бірінші орында пайда емес, адам өмірі мен қауіпсіздігі тұруы керек.

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, Компьютерлік технологиялар кафедрасы, медиажурналистика мамандығының 2-курс студенті Нұрай ДАУКЕН.

Related posts

Türkiye Selected as the “Favourite Destination” for Glamorous Weddings

ttjk

Доступный туризм для всех: как активисты развивают инклюзивный туризм в Акмолинской области

ttjk

YAFEM 18. TÜRK BOYLARI KÜLTÜR ŞÖLENİ 9. TÜRK DÜNYASI GAZETECİLER BULUŞMASI YALOVA DEKLARASYONU

Назия Жоямергенқызы