Мемлекет басшысының жарлығымен Ерлан Баударбек-Қожатаев Қазақстанның Жапониядағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.
Мемлекет басшысы Сабыр Сайлаубекұлы Есімбековті Қазақстанның Жапониядағы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатты.
Баударбек-Қожатаев Қазақстанның Грек Республикасындағы елшісі болған, жаңа қызметке тағайындалуына байланысты ол бұл қызметінен босатылды.
Ерлан Баударбек-Қожатаев 1967 жылы 8 маусымда Тараз қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Азия және Африка елдері институтында, сондай-ақ Жапонияның Кита-Урава қаласындағы Жапон тілі институтында білім алған.
Өзінің дипломатиялық қызметін 1992 жылы еліміздің Сыртқы істер министрлігінде бастап, Азия және Африка департаментінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 1997-2003 жылдары Қазақстанның Жапониядағы елшілігінің екінші, бірінші хатшысы, одан кейін кеңесшісі қызметтерін атқарды. 2004-2008 жылдары ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің директоры болды.
2008 жылы Қазақстанның Сингапурдағы тұңғыш елшісі болып тағайындалды. 2008-2016 жылдары Қазақстанның Аустралиядағы және Жаңа Зеландиядағы елшісі қызметін қоса атқарды. 2016 жылдан 2021 жылға дейін Қазақстанның Жапониядағы елшісі қызметін атқарды.
Қазақстанның Жапониядағы елшісі болып тағайындалғанға дейін 2021 жылдан бері Қазақстанның Грекиядағы елшісі қызметін атқарды.
Төтенше және Өкілетті елші дипломатиялық дәрежеге ие. Ағылшын және жапон тілдерін меңгерген.