Астанада көз жанарынан айырылған және көру қабілеті нашар балаларға арналған жалғыз орталық жабылу алдында тұр.
Бұл орталық балаларға қоғамдық өмірге бейімдеп, ой-өрістерінің дамуына көмектесіп келеді.Сондықтан орталық жұмысын тоқтатса, ата-аналар балаларын қайда апарарын білмей дал. Себебі көру қабілеті бұзылған балаларға білім беретін оқу орталықтары қалада саусақпен санарлық. Алайда көктемде ғана жұмысын бастаған орталықтың басына биыл бұл үйірілген. Ендігі жерде ата-аналар 40 шақты балаға жаңа өмір сыйлаған орталықтың болашағына қатты алаңдап отыр.
«Желтоқсан айына дейін болады қаржыландыру. Енді біз Үкіметке сеніп жатырмыз, көмек сұрап жатырмыз осы орталық жабылмасын деп. Бізде нашар көретін 40 бала оқиды. Жеке индивидуалды сабақ оқиды, біздің педагогтар 40 минуттан сабақ береді», дейді оқу орталығының жетекшісі Сексенбай Есілбаев.
Жалпы елімізде көру қабілетінде ақау бар бүлдіршіндердің қатары жыл санап артып келеді екен. Сондықтан мұндай орталық балаларға ғана емес, ересектер де өте қажет. Ал Оқу-ағарту министрлігі елде мамандандырылған оқу орталықтарының саны жеткілікті деген ұстанымын алға тартқан. Оқу-ағарту министрлігі арнайы білім беру басқармасының бас сарапшысы Жұлдыз Мұқашеваның сөзінше, көру қабілеті нашар жандар үшін жаңа орталықтарды салудың қажеті жоқ. Өйткені қазір елімізде балаларды педагогикалық-психологиялық қолдаумен қамтамасыз ету мақсатында ашылған арнайы мектеп, сыныптар, оңалту орталықтары бар. Мәселен, көру қабілеті зақымданған балаларға арналған 11 арнайы мектеп, 8 арнайы балабақша бар, оның екеуі Астана қаласында орналасқан. Сонымен қатар Астана қаласының 10 мектеп гимназиясының базасында көру қабілеті зақымдалған балалар үшін арнайы сыныптар да жұмыс істеп тұр. Ал республикада қазір көзі мүлдем көрмейтін 564 бала, сондай-ақ 7 мың көру қабілеті нашар бүлдіршін бар.