Соңғы кездері Қазақстанда қарапайым халықты алдау арқылы ақша табуға құныққан «коуч», «бизнес-тренер», «психолог», «мотиватор» тағы басқа «мамандар» көбейді. Олар әлеуметтік желілерде өздерінің молшылық пен байлыққа малынған тұрмыстарын көрсетіп, «үйде отырып миллион табудың жолы», «қаржылық тұрғыда тәуелсіз болудың сыры», «күйеусіз де бақытты болудың тәсілдері т.б. үйретемін деп елді алдайды. Олардың ақылы курстарына мыңдаған адам қатысып, опық жегендер, алданып қалғандар бар. Аңқау азаматтарды алдайтын курстар, онлайн сабақтар, семинарлар, марафондар Инстаграм, тикток және телеграм платформаларында қаптап кетті. Аталған сабақтар арасында жалған коучтардың бірі мемлекеттік тапсырыстар (тендер)ұтып алуды үйретсе, кейбірі «мен сендердің ой-саналарыңды түбегейлі өзгертіп, миллионерге айналдырамын» деп өтірік айтты. Құны жүз мыңнан бастап миллион теңгеге дейін жететін курстарды сатып алғандар арасында алданып қалғандар көбейді.
Қазақ қоғамындағы өзекті мәселелердің біріне айналған жалған коучтар мәселесі ушығып кетуіне байланысты ҚР Мәжіліс депутаттары «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады. Аталған құжаттыңбасты мақсаты – Қазақстандағы психологиялық көмек көрсету саласы арнайы заңмен реттеледі. Әлеуметтік желілер арқылы халыққа психологиялық тұрғыда заңсыз қызмет көрсетіп, қарапайым елді алдап жүргендерге тыйым салу. Бұдан кейін тиісті кәсіби білімі барлар, біліктілігін растаудан өткендер, мемлекеттік психологтар тізіліміне (реестріне) енгендер ғана психологиялық қызмет көрсете алады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әзірленіп, саладағы құқықтық базаны қалыптастыруға және психологиялық көмектің қолжетімділігі, сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ҚР «Психологиялық қызмет көрсету» туралы заң кәсіби білімі болмаса да, азаматтардың психоэмоционалдық күйіне әсер етіп, оларды адастыратын блогерлер мен коучтарәрекеттеріне шектеу қояды. Атап айтқанда жаңа заң шеңберінде психологиялық көмек көрсету ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдар енгізіледі. Салынатын айыппұлдың көлемі заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында нақтыланады. Егер жалған мамандардың кесірінен адам денсаулығына зиян келсе немесе алаяқтық белгілері анықталса, іс Қылмыстық кодекс шеңберінде қаралады. Атап айтқанда, денсаулыққа зиян келтірген жағдайда, зиянның ауырлығына байланысты түзеу жұмыстарынан бастап, бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады; ал егер блогерлер жалған ақпаратпен пайда тапса, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы қолданылады.«Алаяқтық» бабында «Алаяқтық, яғни, бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену» бойынша айыпталушының мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады; сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға; екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Нәзия Жоямергенқызы
