АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамптың өкілдер палатасындағы республикалық партиядағы одақтастары Гренландияны сатып алуға рұқсат беретін заң жобасын ұсынып отыр.
«Гренландияны қайтадан ұлы ету» құжатты Энди Оглес ұсынған. Теннесси штатынан шыққан республикашыл дүйсенбі күні палатадағы әріптестерінен қолдау сұраған. Оның айтуынша, Американың экономикалық және қорғаныс мүдделері бұдан былай екінші орында тұрмайды. Ал Өкілдер палатасының республикашылдары президент Трампқа америкалықтардың мақсаттарына жетуге көмектесуге әрқашан дайын. Құжатқа Конгрестің 10 мүшесі автор болған. Оның ішінде Майк Лоулер, Диана Харшбаргер, Майкл Рулли, Дэн Креншоу, Анна Паулин Луну, Клаудия Тенни, Нил Данн, Барри Мура, Рэнди Вебер және Брайан Бабин бар. Заң жобасы қабылданса, бұл АҚШ президентіне 20 қаңтардағы инаугурациясынан кейін бірден Гренландияны алу туралы Даниямен келіссөздерді бастауға мүмкіндік беруі мүмкін. АҚШ Конституциясына сәйкес, атқарушы билік Өкілдер палатасы мен Сенаттың рұқсатынсыз федералды үкімет үшін ешқандай сатып алуды жүзеге асыра алмайды.
Ал Дональд Трамп Гренландияны Құрама Штаттардың бір бөлігі етуді көздеп отыр және Данияны оны беруге көндіру үшін әскери немесе экономикалық күш қолдануды да жоққа шығармайды. Тіпті АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті аралға иелік ету АҚШ үшін аса қажет екенін де мәлімдеген. Дания Трамптың бұл мәлімдемесінен кейін Гренландия қорғанысын күшейтуге күш салып жатыр.