Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ашық есік күні ұйымдастырылды

 

Абай облысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Электротехника колледжі» КМҚК-ның 2-курс студенттері үшін «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ-да Ашық есік күні өтті.

Студенттер компанияның өндірістік нысандарын аралап, мамандардан технологиялық жабдықтардың жұмыс іргетастары, өндіріс процестерінің ерекшеліктері, сондай-ақ облыстық және қалалық электр желілерін диспетчерлік басқару жүйесі жайлы жан-жақты ақпарат алды. Қатысушылар оқу кабинетін, орталық диспетчерлік пунктін және 110/35/6 кВ №2 қосалқы станциясын көріп, практикалық тәжірибе жинады.

Компания өкілдері энергетика саласында білікті кадрлар даярлаудың стратегиялық маңызын атап өтті.

– 2025 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Бастама энергетика саласының дамуына тың серпін беріп отыр. Электр энергетикасы – жоғары жауапкершілікті талап ететін сала. Бүгін «Электротехника колледжі» студенттері теориялық білімдерін өндірістік қондырғылармен танысу арқылы бекітіп, диспетчерлік қызметтің жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға жасалған ерекше мүмкіндік, – деді «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ Абай аймағы бойынша директоры Бауыржан Смағұлов.

Экскурсия барысында студенттер де алған әсерлерімен бөлісті.

– Біз компанияда қауіпсіздікке ерекше мән берілетінін көрдік. Тоқпен жұмыс істеу, логистика саласындағы процесстер қызықты әрі маңызды болды. 3-курсқа келгенде өндірістік практикамды дәл осы жерде өткізгім келеді және болашақта осы компанияда жұмысқа орналасқым келеді, – деген пікір білдірді «Электротехника колледжі» студенті Ерасыл Рамазанов.

Related posts

Жол сапасын бағалау талаптарын қайта қарау ұсынылды

editor

Акционер боламын деп алданып қалды

editor

2025 жылғы 26 қазаннан бастап Қазақстанда қандас мәртебесін алу және ұзарту тәртібінің жаңартылған ережелері күшіне енеді

Назия Жоямергенқызы